Осы орайда, 6 тамыз күні Казталов ауданы орталығында «Nur Otan» партиясының Казталов аудандық филиалы төрағасы, аудан әкімі Альберт Есалиевтің жетекшілігімен партия мүшелері, ұйымдастыру комитеті, есеп комиссиялары мүшелерінің басын қосқан семинар өтті. Семинарға облыс орталығынан арнайы келген «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев, «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі Кенжәлі Төремұратов, «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының саяси жұмыстар бөлімі меңгерушісінің міндетін уақытша атқарушы, облыстық «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев праймеризге қатысты әдістемелік көмек берді. Семинарда сөз алған «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев праймериздің маңызына тоқталды. – Партиямыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігі өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс». Әлеуметтік партиялық лифтті қамтамасыз ету – партиямыз үшін басты міндеттердің бірі. Сондықтан партия мүшелерімен қатар қоғам өміріне бейжай қарамайтын, дарынды да креативті барша қазақстандықты алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақырамыз, – деді ол. Сонымен бірге Мұрат Рахметұлы праймериздің негізгі мақсаты – барлық деңгейдегі мәслихат пен Парламент Мәжілісіндегі тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру үшін бәсекелестік негізде жаңа көшбасшыларды айқындау туралы кеңінен түсінік берді. «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі Кенжәлі Төремұратов кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары мен оларға дауыс беру тәртібін әңгімелесе, «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев кандидаттар арасында дебат өткізудің жай-жапсарын айтты.
Әбілмансұр ЖАСАН