Парақор судья мен құзырлы орган өкілі қалай жазаланады?
Әрине, өткен жылы тиісті заңға өзгерістер енгізіліп жатқан кезде келісімі қажет органдар, оның ішінде Бас прокуратура, ҰҚК, ІІМ, СІМ бұл жаңашылдықтарды қолдамаған еді. Бірақ биыл заңға тиісті толықтырулар енгізілмесе тағы болмас. Президенттің талабы бұл. Концепцияға сәйкес, ұсынылып отырған жаңа бастамалардың бірі – судьялар мен құзырлы орган өкілдерінің жауапкершілігін арттыру. Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлықтың жаңа субъектісі санатына айырықша мәртебесі бар лауазымды тұлғалар – құқық қорғау органдары өкілдері мен судьяларды енгізу қарастырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері коррупциялық қылмыстар үшін, әсіресе судьяның жауаптылығы артуы тиіс деген ұстанымда. Жаңа бастамаларды кәсіби заңгерлер де қолдайды. Танымал заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, бүгінде барлық жауапкершілікті мемлекеттік қызметшілерге аударып жіберіп, арнайы мәртебесі бар судьялар мен құқық қорғау органдарына көңіл аударып жатқан жоқпыз. Соңғы кездері Алматы қаласында 4 судьяның қылмыстық жауапкершілікке тартылуы, Түркістан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында судьялардың істі болуы бұл салада қордаланған мәселелердің барын аңғартады. Өз кезегінде Бақытжан Базарбек: – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу іс-шаралары министрлік және әкімдіктерде жұмыс істейтін лауазымды тұлғаларға ауып кеткен сияқты. Осыны пайдаланып, сот жүйесінде судьялар жаппай заң бұзушылыққа бой алдырған. Оған қоса, судьяларға қолданылатын баптар Қылмыстық кодексте өте аз. Қылмыстық кодекстің пара алу баптары бойынша арнайы істі ауырлататын мән-жайлардың ішінде пара алғандар құқық қорғау органдары мен судьялар болса және бұл істі ауыр жаза деп таныса, заңдарға ең қажетті өзгерістердің енгізілгені осы болар еді. Біріншіден, құқық қорғау органдары және судьяларды қылмыстық жауапкершілікке тарту негіздерін күшейту арқылы жаппай осы салалардағы заңнаманы қалпына келтіреміз. Екіншіден, халықтың сыбайлас жемқорлықпен күрестің шынайылығына көзін жеткізіп, сенімін арттырамыз, – дейді. Заңгердің ұсынысы бойынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңына ғана емес, Жер кодексіне де бірқатар норманы енгізу заман талабы боп тұр. – Мәселен, Жер кодексінде мүдделер қақтығысы деген мәселе жоқ. Мысалы, Алматы облысының Қаратал ауданында үш ағайынды, біреуі жер комиссиясының төрағасы, біреуі ауылдық округ әкімі конкурс ұйымдастырған. Ал конкурсқа қатысушы – сол екі ағайындының бауыры. Конкурс нәтижесінде бауырлары жеңіп, ауыл шаруашылығына арналған жерді иемденіп кеткен. Мұндай мысалдар Кеген, Балқаш аудандарында, Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында болған. Біз барлық лоттарды заңсыз деп таныдық. Өкінішке қарай, мүдделер қақтығысына жол берген лауазымды тұлғаларға тек тәртіптік жауапкершілік белгіленген. Яғни, олар сөгіс алумен құтылады, – дейді Бақытжан Базарбек. Бүгінде заңгер жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған ұсыныстарын Парламент Мәжілісінің жұмыс тобына, Жер ресурстарын басқару комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жіберген. Сондай-ақ ол Жер кодексінен бөлек, «Мүдделер қақтығысы» деген бапты арнайы қылмыстық құқықбұзушылық санатына кіргізіп, Қылмыстық кодекстің нормаларына енгізу қажет деген ойда. Оның пікірінше, елімізде «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарда мүдделер қақтығысы орын алмас үшін барлық іс-шараларды қолдану көзделген. Сәйкесінше, Жер кодексінде тиісті норма болмаған соң, әкімдер, әкім орынбасарлары, жер қатынастары бөлімдерінің өкілдері жаппай заңбұзушылыққа жол беріп отыр.«Пара беремін» деп уәде етсеңіз де, істі боласыз
Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елімізге сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы санкцияларды қайта қарау жөнінде кеңестерін де беріп келеді. Оның ішінде, аса ауыр коррупциялық қылмыстар үшін міндетті түрде бас бостандығынан айырудан бөлек, жыл сайын жемқорлық қылмыстарына шығарылған үкімдерді сараптап, олардың тиімділігін анықтау әрі мұны ашық жариялау мәселесі де бар. Талқыға түскен тағы бір бастама – пара беремін деп уәде ету мен пара ұсыну фактілерінің криминалды сипатқа ие болуы. Мұндай заң нормалары Әзірбайжан, Грузия, Эстония т.б. елдерде бар. Жақында Қырғыз Респубикасы да бұл заң нормасын қабылдады. Сондай-ақ агенттік өкілдері жемқорлық ұғымын тек мемлекеттік салаға ғана емес, жекеменшік секторға да енгізу қажет деген ұстанымда.Жемқорды ұстап бергендермен не болады?
Жаңа концепцияда жемқорлық фактісі туралы құзырлы органдарға мәлімет жеткізген азаматтарды қорғау мәселесі де қамтылған. БҰҰ-ның жемқорлыққа қарсы конвенциясына сәйкес, коррупциялық заң бұзушылықтарды жеткізген азаматтарды қудалаудан қорғау мен құқығын сақтау қажет. Сондықтан мүше мемлекеттер өздерінің ұлттық заңдарында пара беру, пара алу фактілерін жеткізген азаматтарды қорғау бағытындағы баптарды қайта қарап күшейтуі тиіс. Қазақстанның қолданыстағы «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» заңында азаматтың өмірін, денсаулығын, отбасы мүшелері мен жақындарын, мүлкін мемлекеттік деңгейде қорғау жүйесі қалыптасқан. Бұл бап тек қылмыстық құқықбұзушылыққа ғана қатысты. Сол себептен қоғамдық мүддеге қайшы келетін жемқорлық фактісін жеткізген азаматтардың қорғалуы әлі де кемшін. Халықаралық ұйымдар осы баптарды күшейту қажет екенін алға тартады. Зерттеулер бойынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық күрестің белсенді жүргізілмеуіне басты себептердің бірі – ақпарат жеткізуші адамның аты-жөнінің құпия сақталмауы болып тұр. Азаматтардың көз алдында жемқорлық фактісі жүзеге асса да, олар жұмыстан айырылып қалудан, жалақының қысқартылуынан, басшылық тарапынан болуы мүмкін буллингтен қорқады екен. Сарапшылар мұның алдын алу үшін қандай іс болмасын, ақпарат берген азаматты мемлекеттік қорғаумен кепілдендіру қажет деген пікірде.Кәмшат ТАСБОЛАТ