Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру аясында «Музейлер шеруі» жалпыреспубликалық музей акциясы бастау алды.
Бұл туралы Ұлттық музейде өткен баспасөз-конференциясында мәлім болды. Іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітова, Ұлттық музей директорының орынбасары Алмас Нұразхан, «Алжир» саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарының музей-мемориалдық кешен директоры Самат Мергенбаев, Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнар Нұрахметова, Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейінің басшысы Жеңіс Молдабеков қатысты.
– Шараның мақсаты – ұлттық кодқа негіз болатын ұлттық құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін заманауи форматта танытып, музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жауһар жәдігерлерді кеңінен насихаттау. Музей – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Музей жинақталған экспонаттарды сақтап қана қоймай, заттық және рухани құндылықтарды танытып, зерттеп, мазмұнын насихаттап, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады, – деді Күміс Қарсақбайқызы.
«Музейлер шеруі» акциясы – бұл мәдениет ұйымдарының әрбір қазақстандық үшін ұлттық мәдени мұраның қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік жауапкершілігіндегі жаңа заманауи формат.
Акцияның аясында қосымша әр айдың үшінші жұмасы кешкі 21.00-ден түнгі 3.00-ге дейін отандық музейлер өз келушілеріне тегін кіруге мүмкіндік жасайтын болады.
Алғашқы болып «Музейлер шеруі» акциясын Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық музейі, Алматы қаласында Орталық мемлекеттік музейі, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, М.Тынышбаев атындағы Алматы облысының тарихи-өлкетану музейі, Павлодар қаласындағы П. Васильевтің музей үйі, Қостанай облысының тарихи-өлкетану музейі өткізеді.
Әділ БЕК