Мұнай компаниялары ауаға жіберетін күкірттің кесірінен қаншама адамның ұйқысы қашып, басы ауырып, өзге де түрлі ауруға шалдығатыны бірнеше рет айтылып жүр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлына Атырау облысының тұрғындарының атынан ашықхат та жазылды.
Күні кеше ғана Атырау облысындағы экологиялық мәселе бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысының эко-белсенділерімен онлайн жиын өткізді. Басқосуда Атырау қаласының әкімі Қайрат Құлымұлы мен қазір ауаны ластап жатқан негізгі ошақтың бірі АМӨЗ-дің (Атырау мұнай өңдеу зауыты) бас директоры Шухрат Данбай да болды. Жиында Экология министрі Атырау қаласының әкімдігі мен Атырау мұнай өндеу зауытынан шығарындылар мен ауаның жай-күйі туралы барлық ақпаратты ашық беруді талап етті. Сондай-ақ Атырау қаласының тұрғындары қаланың экологиялық проблемаларын шешу жоспарын жасауға қатысатынын айтты. Бұл туралы министрдің өзі мәлімдеді.
«Соңғы бірнеше жылда Атырау ауаның ластануы бойынша «көшбасшылардың» қатарында. 2020 жылы 100-ге жуық зиянды заттардың рұқсат етілген концентрациясынан асып кету жағдайы тіркелді. Тұрғындардың әлеуметтік желіде өңірдің қынжыларлық экологиялық жағдайына шағымдануы түсінікті. Атырау МӨЗ басшылығынан зауыттың шығарындылары туралы мәліметтерді жариялау жұмысын тездетуді сұрадым. Бұл ақпарат халыққа ашық болуы керек. Сондай-ақ қала басшылығының назарын ауаның жай-күйін LED-экрандарға шығару қажеттігіне аудардым» деп атап өтті М.Мырзағалиев.
Айтпақшы, кездесуден кейін қоғам белсенділері Атыраудағы экологиялық проблемаларды шешудің жоспарын, жол картасын жасайтын болды. Таяу уақытта карта қабылданып, әкімдік оны жүзеге асыруды бастайды. Жақында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің пәрменімен тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, ауа құрамындағы күкірт сутегілерінің концентрациялары рұқсат етілген шекті шоғырланудан асуы анықталып, ауаны ластайтын Атырау қаласының сол және оң жақ булану алаңдары екені анықталды.
«Соңғы кездері Атырау қаласының атмосфералық бассейнінің ластануы жиі қайталанып, аталған деректер қала аумағындағы ауа сапасын бақылау стансаларының мәліметтерімен расталуда. Осы орайда, ағымдағы жылдың 10 шілдесіндегі түнгі уақытта Атырау облысы бойынша Экология департаменті Қазгидрометтің Атырау филиалымен және Атырау өңірінің эко-амбассадоры А.Хайруллинмен бірге Атырау қаласының атмосфералық ауасына мониторинг жүргізді. Мониторинг жүргізу барысында қаланың атмосфералық ауасындағы ластаушы заттардың концентрациялары рұқсат етілген шекті шоғырланудан асқан жоқ. Сонымен қатар департаментпен қала аумағында орналасқан ауа сапасын бақылау стансаларының 2020 жылдың 12 шілдесіндегі мәліметтеріне талдау жүргізілді. Сондай-ақ Атырау қаласында ауа сапасының нашарлауына байланысты департамент «Атырау мұнау өндеу зауыты» ЖШС-іне жоспардан тыс тексеру тағайындап, қазіргі уақытта құзырлы органға тіркеуге жолданған. Тексеру нәтижелерін қосымша хабарлаймыз», – деді ведомство өкілдері.
Осы мәселеге қатысты кейінгі уақытта әлеуметтік желіде түрлі жазба жариялап, өңірдегі экологиялық мәселемен күресіп жүрген атыраулық журналист Тәуірбек Бозекенов те пікір білдірді.
Абылайхан ЖҰМАШ