Қорғаныс өнеркәсібі әскерге тірек бола ма?
Қорғаныс өнеркәсібі әскерге тірек бола ма?
268
оқылды
 

Қару импорттауда 25 орындамыз

Кез келген сарапшыдан сұрай қал­саңыз, Қазақстан армиясындағы техни­каның басым бөлігі шетел өнімі екенін бірден айтады. Танктер, ұшақтар, ті­кұшақтар,  зымыран кешендері, артиллерия, жауынгердің атыс қаруының барлығы,  бронды көліктердің көбі шетелдік өнімдер. Соның ішінде Ресейдің техникасы. Арасында АҚШ-тың, Израилдің, Түркияның техникалары бар. Америкалықтардың көліктері мен бірнеше жүк ұшағын, еуропалықтардың шағын тікұшақтарын пайдаланып жүрміз. Яғни, Қазақстан қару-жарақ саудасында экспорттаушы емес. Керісінше, қару импортынан 2015-2019 жылдары жаһанда 24-орында болыппыз.  Дегенмен заманауи ұрыстың өзгергені, әскери техника мен соғыс тәсілдерінің өзгергені байқалып қалады. Оған ақпан-наурызда түрік әскерлерінің  пилотсыз  ұшу құралдары арқылы Сирия мен Ливияда қарсы­ластарына ауыр соққы бергені  дәлел. Яғни, мұндай құралдар, өздігінен жүретін қондырғылар, роботтар заманауи әскер­дің басты техникасына айналатын түрі бар. Міне, осындай кезде өз әскері­мізді өзіміз жарақтандырудың маңызы арта түседі.  Алайда Қазақстан танктер мен әскери ұшақтарды жөндеуге, «Арлан», «Барыс» тәрізді бронды техника құрас­тыруға жарағанымен, қорғаныс өнер­кәсібіндегі отандық өнімнің үлесі көп емес. Мәселен, бұл саладағы кәсіп­орындар 2018 жылы 90,6 млрд теңгенің  өнімін өндірген. Бұл елдің тұтастай қорғаныс бюджетімен салыстырғанда  әжеп­тәуір аз сома. Қазақстанның  қор­ғаныс бюджеті үш жылда 961 млрд теңгені құрайды. Аз сома емес. Бірақ осы қаржының  қомақты бөлігі  шет елдерден қару сатып алуға кететіні де рас.  

Дрондарды да сатып алмақпыз

Қазақстан қорғаныс саласында им­порттаушы болған соң,  дұрыс техника алса деген тілек біздікі. Әйтпесе, әске­рилер кейде тренд қуып кететіні бар. Тіпті,  әскерилер арасында жасырын лобби де кездесетіндей көрінеді. Мәсе­лен, 2011 жылы Қазақстан Ресейден  БМПТ «Терминатор» атта машиналар сатып алған. Танкке қолдау көрсететін әскери машина болса керек. Сөйтсек, біздің пысықтар толық сынақтан өтпеген, кем-кетігі толықтырылмаған техника­ларды кейбір «эксперттер» қатты мақтаған соң сатып алғанға ұқсайды. Оларды Сары­шағанда өткен  әскери шеруде Елбасыға да көрсеткен. Кейін әскери шерулердің барлығында  жұртқа тамашалатып жүрді. Ал Ресей болса, оны әбден жетілдірген соң, тек 2018 жылы ғана армияның пайдалануына берді. Сол сияқты Wıng Loong атты пилотсыз ұшатын құралды сатып алғанымыз тағы бар. Қытайдан. 2017 жылы алып, Тараздағы әскери базаға орналастырдық. Бұл құралды біз алғаш рет 2016 жылы өткен KADEX-2016 көрмесінде  көргенбіз. Кейін армиямызда бар екенін білдік. Алайда  әскерилер кейін қытайлық құралдарды алуды доғарған сыңайлы. Ешбір жерде ақпарат кез­деспейді. Керісінше, Израилден осындай құралдар алатын болдық. Тіпті, Elbit Systems Ltd өндіретін аппараттарды Қазақстанда құрастыруға да келістік. «Қазақстанның авиациялық индус­триясы» ЖШС  израилдік компаниямен жасалған келісім құнын ашып айтқан жоқ. Тек осы жылдың басында бір топ маманның Израилге аттанғаны, ұшу құралын құрастыру тәсілдерін үйреніп жатқаны белгілі болды. Ал Elbit Systems Ltd  компаниясы Израильдегі  қару өндіретін ең үлкен жекеменшік фирма болып есептеледі. Жылдық айналымы 3 млрд долларға жетеді. Алайда біздің әскери­лердің Израильмен бірлескен бір жобасының нәтижесі қандай болғанын бұқара ұмытқан жоқ. 2008 жылы Израильмен бірлесе жасаған «Найза», «Семсер» және «Айбат» деп аталатын артиллериялық, зымырандық кешендер іске жарамай қалған. Сол кездегі Қорғаныс министрінің орынбасары Қажымұрат Мейірманов істі болып, 11 жылға сотталған. Тағы бірнеше офицерлер жауапкершілікке тартылған еді. Сөйткен израильдіктермен тағы да әріптес болуға бекініппіз. Оның үстіне, серіктес болатын мекеме жекемен­шік компания. Сондық­тан бұл келісімге күмәнмен қарауға хақы­мыз бар.  Ал пилотсыз ұшатын қон­дырғыларды таңдағанда не себепті Қытай­дың Wıng Loong-ынан бас тартқанымызды ешкім түсіндіре алмайды. Құны 1 млн доллар  болған,  бітім-болмысы АҚШ-тың  MQ-1 Predator-ынан айнымайтын аппаратты алдық та, одан соң назарды батысқа бұрдық. 2018 жылы Түркияның TUSAŞ компаниясы мен «Қазақстанның авиациялық индус­триясы» ЖШС  мемо­рандум жасап,   ANKA атты пилотсыз ұшатын құралдарды Қазақстанда құрастыруға бекінген. KADEX-2018 көрмесінің нәтижесі деп қуанғанбыз. Бірақ сол келісім аяқсыз қалды. Ал TUSAŞ-тың ANKA-S ап­параттары Сирия мен Ливияда атышулы Bayraktar TB2-ден артық болмаса, кем «өнер» көрсеткен жоқ еді. korganis1  

 Мылтық емес, бронды көлік жасаймыз

Айтпақшы, Қазақстан қару-жарақ пен әскерді техникалық тұрғыда жарақтандыру мәселесінде түбегейлі өзгелерге тәуелді болып қалды деп кесіп айтуға да бол­майды. Біздің  де қорғаныс өнер­кәсібіміз бар. Оңтүстік Африка Рес­публикасымен бірлесіп бронды көліктер құрастырып жүрміз. Kazakhstan Paramount Engineering  дейтін бірлескен кәсіп­орнымыз бар. «Арлан», «Барыс» дейтін көліктер сол компанияның өнімі. Ал түріктердің Aselsan  компаниясы Қазақ­станда оптикалық және түнде көру құралдарын,  байланыс аспаптарын өндіреді. SARP DUAL дейтін атыс кешендерін  жасауға биыл уағ­даластық. Бірер айда бұл қару да әскерімізің қолына берілуі бек мүмкін. Оралда әскери катерлер жасаймыз. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі  министрлігін де құрдық. Бірақ кейін бұл құрылым Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі болып өзгерді де, «қорғаныс өнеркәсібі» жойылды. Алайда Қазақстанда  қорғаныс саласына қажетті өнімдерді шығаратын 40 өнеркәсіп бар. Оларда 8 мыңнан астам адам қызмет етеді. Танктерді, ұшақтарды жөндейтін компаниялар бар. Тіпті, торпеда  да жасайды. Қарағандыда патрон зауытын да ашқанбыз.  Әскери салада Түркия, Оңтүстік Африка, Ресей, Израил және Франциямен бірлескен кәсіп­орындар аштық. Коронавирус  панде­миясы кезінде қорғанысқа бағыт­талған өнеркәсіптер медициналық жабдықтар өндіруге де кіріскен  болатын. Мұны жағымды жаңалық деуге болады. Алайда ірі техника өндіре алмауымыз бәрібір бізді өзгеге  жәутеңдетіп қоятыны өтірік емес.   Түйін: Негізі,  әскердің мықты болмағы қорғаныс өнеркәсібінен бастап халықтың әл-ауқатына дейін сансыз салаға тікелей байланысты. Біз армияға қажет техниканы қайдан  алып отырғанымызды,  қандай  құралдарды өзіміз жасайтынымызды айттық. Алайда  Қазақстанның  қорғаныс қабілетіне ең ауыр зардап тигізетін құбы­лыс – жемқорлық. Рас, соңғы кездері қару-жарақ саудасы мен өндірісіне қатыс­ты ұсталған әскери шенділер азайды. МиГ-21 ұшақтарын, тасымалданатын зымыран кешендерін сатқан гене­ралдарымыз болған бір кездері. Бірақ Арыстағы оқ-дәріні  жою кезінде ақша жымқырғандар, қызмет бабын пайда-ланғандар, шекарада контрабанда ұйымдастырғандар соңғы оншақты жылда біраз кездесті. Тіпті,  істі болған вице-министрлерінің саны жағынан Қорғаныс министрлігі көш бастауы да мүмкін. Демек, қуатты армия жасақтау үшін бұл дертті жою керек шығар. Бірақ ол – басқа әңгіменің тақырыбы.  

Ардақ СҰЛТАН