Баласынан безген әке көбейді
Баласынан безген әке көбейді
225
оқылды

Елімізде әке деген құрметті атауға лайықты азаматтар қатары сиреп бара ма, соңғы жылдары алимент төлеушілер саны артып отыр. Бүгіндері заң талаптарын орындауда кеткен олқылықтардың болуынан әр өңірде алиментті уақытылы алмай отырғандардың жанайқайы естілуде.

Балаларын әкелік қамқорлық­тан ада еткені аздай, ер азамат­тар­дың дені балаларына тиесілі али­мент­ті төлеуге келгенде жалтарып, түлкі бұланға салуда. Тіпті али­мент­ті қасақана төлемеу жағдайы көп кездесіп отыр. Бұл туралы ай­­мақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төра­ғалығымен өткен кеңесте айтыл­ды.

Атырауда алимент төлеуге мін­дет­ті 6 494 адам бар. Олардың ішін­дегі проблемалық төлемеу­ші­лер санатындағы 302-і негізінен жұмысқа орналаспаған, асоциалды өмірге дағдыланып кеткендер. Тіпті алиментті қасақана төле­меу­ші­лердің борыштары бірнеше мил­лион теңгеге дейін жетуі
мүм­кін.

– Алиментті қасақана тө­лемеушілердің фамилиялары бар тізімдерде алименттердің кө­лемі де көрсетілген. Көбінің бо­ры­шы екі миллионнан үш миллион теңгеге дейін жетіп отыр. Яғни, бір­не­ше жыл бойы төлемеген. Бұл дұ­рыс емес. Әрбір ер азамат өзінің ба­лалары үшін жауапты болуы тиіс. Әрине, кейде некені сақтап қалу мүмкін болмай жатады. Алай­да бұл өзінің баласына қамқорлық жасауға кедергі болмауы тиіс. Ересек адамдардың арақатынасы қалай қалыптасса да, балалар одан зардап шекпеуі тиіс. Үй-күйі, ма­ши­насы бар, жағдайы жақсы адам­дар түрлі отбасындағы бір­не­ше ба­ласынан қашқақтап жүру фак­ті­лері де кездеседі. Сот орын­дау­шы­лар мұндайларды жауапкершілікке, соның ішінде, қылмыстық жауап­кер­шілікке тартуы тиіс, – деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.

Жекеменшік сот орындау­шы­лардың Республикалық палатасы басқармасының төрағасы Ернар Ибраевтың хабарлауынша, бүгінгі күні әкімшілік хаттама жасау үшін борышкерді келтіруде полиция ор­гандары тарапынан нақты қол­дау болмай тұр. Борышкерлерді әкім­шілік жауапкершілікке тарту­дағы негізгі проблема – олардың сот орындаушыларға келмеуі, нақ­ты тұрып жатқан мекенін жасыруы, борышкердің тіркелген мекен­жайында болмауы.

– Мемлекеттік органдардың әре­­кеттерінің үйлеспеушілігі нә­ти­­­жесінде, қоғамда сот актісі мен ол үшін жауапкершілік борыш­кер­ге емес, сот орындаушыға жүкте­ле­ді деген теріс ұғым қалыптасқан. Өндіріп алушылар әділет орган­дары­мен, прокуратурамен жылдар бойы нәтижесіз хат алмасуға мәж­бүр. Бұл билік институттарына де­ген сенімсіздік туындауына ықпал етеді, – деді Ернар Ибраев.

Кеңес отырысында аймақ бас­шысы Н.Ноғаев алимент төлеу­шілердің проблемалық мәселелері, әлеуметтік шиеленісті азайту, кә­ме­летке толмағандардың али­мент төлемдерін алу құқығын қамтама­сыз ету үшін барлық мүд­делі мем­ле­кеттік органның бірлескен күш-жігері қажетін айтты.

Сайып келгенде, баланың жа­уап­кершілігіне немқұрайлы қарау­шы­лар үшін қатаң жаза қолданатын уақыт келді. Баспанасы бар, кө­лі­гі­не отырып тайрандап жүрген­дерге, үйдің не көліктің бірін пер­зент алдындағы парызға төле­ту­ге заңды түрде мәжбірлеу кім-кімді де болса ойландыратындай болу керек.

 

Атырау облысы