Негізі, жобаға әуел баста «Рухани жаңғыру» жобалық офисі жан бітіріп, аймақ басшысы тарапынан қолдау тапты. Ал алғашқы үй Байзақ ауданында салына бастады. Ынтымағы мен берекесі жарасқан Мәдімар ауылы тұрғындары көпбалалы ана Ғалия Құрмановаға қол ұшын созды. Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ноғаевтың төрағалығымен өткен ауыл кеңесінде жалғызбасты ананың жылдар бойы жалдамалы пәтерде күн кешіп, бүгінде әке-шешесінің қолында тұрып жатқаны ескеріліп, оған ауыл болып үй салып беру шешімі қабылданған. Ауыл тұрғыны Жамбыл Дәулетов ескі үйін бұзып, құрылыс материалдарын тегін беретінін жеткізген. Көпбалалы ананың ағайындары мен ауыл тұрғындары қаржылай көмектесіп, ал жастар мен құрылысқа ебі бар жігіттер үй салып беруге ұйғарым жасайды.
Округ әкімінің шешімімен 15 сотық жер телімі бөлінгеннен соң, бірден құрылыс жұмыстары қолға алынады. Ауыл азаматтарының күшімен Жамбыл Дәулетовтің ескі үйі бұзылып, жарамды құрылыс материалдарынан бөлек, қосымша 4 мың дана кірпіш құйылады. Қазір ауыл ағайындары 4 бөлмелі үйдің іргетасын құйып, қабырғасын қалап бітірді. Енді ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұйыртса қыркүйек айының басында көпбалалы ана Ғалия Құрмановаға үй кілті тапсырылатын болады. Сонымен қатар Үлгілі және Бәйтерек ауылдарынан да тағы екі отбасы жаңа үйге қоныстанбақ.
– Дінімізде мешіт салу немесе салдыру сауапты іс болып cаналады. Сондай-ақ аурухана, мектеп, көше, жол, көпір, үй тұрғызу мен ауызсу тартудың да сауабы мол. Алайда ауданда әр ауылдық округте 2-3 мешіттен болғандықтан, қазір 18 ауылдық округтен мұқтаж жандарға 18 үй салуды қолға алып жатырмыз. Бұл бастамаға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі тікелей қолдау білдіріп отырғаннан кейін, демеушілер мен ауыл ағайындары да жұмыла үн қосуда, – дейді Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов.
Иә, бұл қос қолдап қолдауға тұрарлық тірлік. Байзақтықтардың тындырымды тірлігі көпке үлгі екені анық.
Меркіліктер де игі істен шет қалмауда. Аталған ауданда жыл соңына дейін тоғыз үй тұрғызу көзделіп отыр. Атап айтсақ, Сарымолдаев ауылдық округінің тұрғындары көпбалалы анаға арнап тұрғын үй салуды бастап кетсе, Ойтал ауылдық округінде қамқор жандар екінші топтағы мүгедектің отбасына үй салып беру үшін ақша жинап отыр.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы