Атырау облысы COVID-19 және пнев- монияға шалдыққан сырқаттар көрсеткіші жағынан республикада алдыңғы орында табандап тұрып алған өңір болды. Облыстағы жұқпалы аурулар ауруханасы науқастарға толып, Махамбет ауданында провизорлық станционар ашылды. Ел алдында жүрген тұлғаларымыз мәңгілікке сапарлап кетті. Қарапайым халық үйден өз бетінше емделуге көшті. Мейірімді адамдардың қаржылай қолдауымен еріктілер дәріге мұқтаж жандарға тегін дәрілерді үйлеріне жеткізіп беріп жанталасты. Бүгінде емханалар есіктерін карантин деп тарс жауып, халық екпе салатын мейірбике таппай теңселіп кеткен күндер қазір арта қалғандай. Бірақ күз-қыс мезгілдерінде індет өршуін дәрігер мамандар жоққа шығармайды. Сондықтан COVID-19 індетінің жаңа толқыны келгенше ем алуға мұқтаж жандарға көмектесу үшін жергілікті кәсіпкер Махмут Мералиев қала орталығындағы зәулім ғимаратын емдеу орталығы етуге ұсыныс берді. Бастапқыда қолдау болмағанымен, өңірдегі ахуалдың күрделілігі күндізгі провизорлық орталықтың ашылуына себепкер болды.
Атыраулықтар бастаманы қолдады
Кәсіпкер Махмут Мералиевтің қолдауына үн қосып, құзырлы мекемелердің рұқсатын алуын ұйымдастырған қоғам белсендісі Арман Хайруллиннің айтуынша, күндізгі стационарда әзірге 90 төсек-орынға мүмкіндік бар. – Бұл жұмысты 12 күнде ұйымдастырдық. Біз үшін үлкен тәжірибе болды. Емдеу тегін. Халыққа №1 қалалық емхананың дәрігерлері қызмет көрсетеді. Ұйымшыл, жанашыр халқыма тобымыздың атынан алғысымызды білдіреміз. Ойымызды жариялаған бірінші күннен бастап түрлі көмек сарқылған жоқ. Орталығымызды «Жанға дауа» деп атаған себебіміз сауығушылар мұнда тек дәрімен емес, позитивті аурамен, көтеріңкі көңіл күймен емделуі керек деп есептейміз. Жанға жайлы түстер мен гүлдер, тегін Wi-fi мен теледидар, су осы мақсатқа қызмет етуі керек. Тіпті, кейбір таптырмайтын дәрілерді әкеліп қойдық. Ауа ультракүлгін саулемен тазаланып тұрады. Дәрігерлерге де жақсы жағдай жасалған. Алдағы уақытта орталығымызға пневмониядан кейінгі оңалту бөлімін қосу жайлы арманымыз бар. Оған демеуші боламын дейтіндер болса, біз халықты емдеуді ұтымды ұйымдастыруға дайынбыз. Қиын-қыстау кезде қазақты қазақ тастамайтынына көзім жетті. Осы провизорлық орталықтағы қажетті дүниелердің барлығын халықтың өзі әкеліп берді, – дейді Арман Хайруллин. Емдеу орталығының ашылуына облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен қала әкімі Қайрат Оразбаев, Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Ғайнеденовтер келіп, провизорлық орталықтың науқастарға күндізгі ем беруге дайындығын көрді. Атырауда ашылған алғашқы күндізгі провизорлық орталыққа жергілікті жердің қарапайым азаматтарынан бастап кәсіпкерлер қаржылай және заттай көмек берген. Қаржылай көмекке аса қажетті дәрі-дәрмектер сатып алынса, жомарт жандар медициналық құрылғылар мен қорғаныш киімдерін орталыққа табыс еткен. Атыраулық Аян Дүйсембаев бастаған «елім жүрегімде» деген азаматтар қомақты қаржылай көмек берді. Бұл үрдісті Айбат Рахман басқаратын «Қайсар» спорт клубындағы азаматтар мен облыс спортшылары жалғап, көп қолдау көрсетті.45 миллионға дәрі жеткізілді
Атырау халқы «COVID-19» және пневмонияға шалдыққан сәтте-ақ ауруханалардың барлығы жеткілікті түрде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмегені белгілі болды. Дәріханаларда таңнан кезекке тұрған тұрғындар аптап ыстыққа қарамастан, ауруханадағы туыстарына дәрі іздеп сабылып кетті. Жылаған жұртты жұбатқан да, алғаш көмек берген де жергілікті кәсіпкерлер болды. Әдетте дәріханада жеткілікті болатын парацетамол мен аспирин, шприц таппаған тұрғындарға кәсіпкер Махмут Мералиев бастаған азаматтар көмекке келді. Ресейден дәрінің бастапқы топтамасы келе бастағаннан соң, кәсіпкерлер арасында аймақтың денсаулық сақтау саласын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін қаражат жинау науқаны жарияланды. Осыған байланысты жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына бизнес өкілдері, облыс әкімдігі, Денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық бірлестіктер және Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы кірді. Жұмыс тобын аймақтағы танымал кәсіпкерлер Айбар Джаниязов пен Талғат Бекенов басқарды. Қаражат жинау «Сана» қайырымдылық қоры арқылы жүзеге асырылды. Қажетті дәрі-дәрмектердің тізімін облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды. Жуырда кәсіпкерлер жинаған қаражатқа тапсырыс берген дәрілердің соңғы топтамасы Атырауға келді. – Әлемді шарпыған індет кезінде дәрі-дәрмек сатып алу өте қиынға соқты. Келіссөздер жүргізу мен құжаттар дайындау да аз уақыт алған жоқ. Жеткізушілермен жұмысты фармация саласында мол тәжірибесі бар маман Забира Даулетжанова жүргізді. Ресейден әкелінген дәрілердің үш партиясын облыстық ауруханаларға жеткіздік. Күні кеше жеткен дәрілердің, өте қымбат және ең керекті «Клексан», «Гепарин», «Дексаметазон», «Ксарелто», «Курантил», «Левофлоксацин», «Лефлобакт», «Цефтриаксон» дәрілері бірер айға жетерлік топтамамен әкелінді. Бұл дәрілер облыстық аурухана, жұқпалы аурухана, кардиологиялық аурухана, Махамбет ауданындағы провизорлық орталық пен қаладағы күндізгі провизорлық орталыққа бөлінді. Дәрі-дәрмектерге 45 млн теңгеден аса қаражат жұмсалды. Әріптесіміз Махмут Мералиевтің ұсынысымен халықты тапшы дәрімен қамту мәселесі осылайша өз мәресіне жетіп отыр. Алдағы індет өршуі мүмкін деген күз-қыс айларынан халқымыз аман шықсын деп тілейміз. Бізге халықтың амандығы маңызды, – деді жұмыс тобының жетекшісі, «Идеал Маркет» ЖШС бас директоры Талғат Бекенов. Атырау үшін бұл сынақ оңай болмады. Мамандар алғашқы толқыны деп баға берген COVID-19 кесірінен Атырау облысының да халық саны азайды. Мұндай жағдай жергілікті жерде індетпен күресті ұйымдастыру жұмыстары алғашқыда тындырымды болмауынан орын алды. Қазіргі күні жергілікті атқарушы билік күз-қыс мезгілдерінде болу қаупі ескертілген індеттің кезекті толқынына дайындалуда. Дәрі-дәрмек қоры құрылып, ауруханалардағы төсектер көбейтілді. Өзге елдерден келген қайырымдылық көмек ауруханалар мен емханаларға табысталуда. Ал жаңадан ашылған күндізгі провизорлық орталық Атырауда алғаш ауру тіркелген күннен бергі ауырып тұрған және үйде емделуге ниетті жандарды сауықтырумен айналысып, өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға атсалысады.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы