Жетісуда жағдай тұрақтанды
Жетісуда жағдай тұрақтанды
132
оқылды
– Қазіргі кездегі ең басты міндетіміз – халықты қорғау, денсаулығын сақтау, вирустың таралуына жол бермеу. Карантин шаралары жеңілдетілгеннен кейін кеселді жұқтыру деңгейі күрт артып кетті. Басқаны айтпағанда, 32 мың тұрғыны бар шағын ғана Текелі қаласының өзінде 272 жағдай тіркелді. Салыстыру үшін келтірсек, тұрғындарының саны 280 мың болатын Талғар ауданында 231 жағдай, ал 200 мыңдай тұрғыны бар Талдықорғанда 1 022 жағдай орын алған. Сондықтан Прези­денттің тапсырмасына сәйкес қатаң карантин қайта енізілген еді, оң нәтиже де көп күттірмеді. Қазіргі кезде Алматы облысы эпидемиялық жағдайы бақылауға алынып, тұрақтанған алғашқы бестіктің қатарында. Қатаң карантин шараларынан кейін індет жұқтыру деңгейі біршама төмендеді, – деді облыс әкімі. Оның айтуынша, жалпы аймақта вирус жұқ­тырудың 4 490 дерегі тіркелсе, соның ішінде 3 787 адам жазылып шыққан, бұл – 83%. Қабылданған шаралардың арқасында бүгінгі күні індеттің таралу қарқыны 1,2% болып отыр. Ауру­хана­лардың жүктемесі 98%-тен 46%-ке дейін, яғни 2 есеге азайыпты. Талдықорған және Алматы өңірлерінде коронавируспен сырқаттанған ауыр науқастарды емдеу үшін екі ковид орта­лығы құрылған. Мұнда әрбір ауыр сырқаттың жағдайы жеке-жеке қаралады, білікті мамандар тобы әр сырқатқа жеке ем тағайындайды. Соның нәтижесінде өлім-жітім де азайды. Сонымен қатар жүргізілетін ПТР-тестілеу санын кө­бейтудің арқасында ауруды анықтау кө­р­сеткіші артты. Мұның барлығы кешенді түрде халықтың денсаулығы мен өмірін сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Облыс әкімі коронавирустың таралуы шағын және орта бизнеске де өзінің кері әсерін тигізгенін атап өтті. Осы орайда Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы  салықтық ынталандырулар, несие төлемін кейінге шегеру сияқты шаралардың оң нәтиже бере бастағанына, коронавируспен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлерге 30 пайыздық үстемақы беру мәселесі қарастырылып жатқанына да тоқталды. Алдағы кезде шағын, орта бизнестің әрбір өкілі барлық санитарлық-эпидемиялық нормалар мен талаптарды үнемі сақтаудың маңызын түсінулері керегін ескертті. Коронавируспен күрестен өңір биз­несмендері де шет қалған жоқ. Өз бас­тамаларымен дәрігерлерге көмектесіп, ауруханаларға құрал-жабдықтар сатып әперуде. Дегенмен қазіргі қалыптасып отырған жағдайға шыдамдылықпен, түсіністікпен қарау қажет. «Тұтынушылар құқығын қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қо­ғамдық палата өкілі Амир Газалиев қазіргі жағдайда жергілікті атқарушы органдар мен бизнес өкілдерінің пікір алмасуы аса маңызды екенін атап өтті. Облыс әкімімен өткізілетін кездесулер өзекті мәселелерді талқылап, шешудің тиімді алаңы бола­тынын жеткізді. Ал өңірлік кәсіп­керлер палатасында құрылған кәсіп­керлердің құқығын қорғау және сы­байлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзуллин облыс кәсіпкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуді жалғастыратындарын айтты. Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар өңірдің 118,9 мың бизнес субъектісіне салықтық ынталандыру алуға көмектесіп, 641 субъектіге несие төлеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік жасағанын да атап өткен жөн. Алматы облысында 123,6 мың  шағын және орта бизнес субъектісі бар, онда 250 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олар биылғы бірінші тоқсанда 260,7 млрд теңгенің өнімін шығарып, қызметін көрсеткен.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы