Көбейтұзды тағы да бүлдірді

Көбейтұзды тағы да бүлдірді

Құқық қорғау органының мәліметінше, жұбайлар Әкімшілік кодекстің бірден 3 бабы бойынша жазаланды. 7 тамызда әлеуметтік желіде осы отбасының жуырда орнатылған полиция бекетін айналып өтіп, Көбейтұзға ат­танғаны туралы мәлімет жа­рияланды. Олар өздерімен бірге күрек ала барып, «өндіріске» кіріскен. Бұл ақпаратқа қаныға сала полицияның аудандық бөлімінің қызметкерлері құқық бұзушылардың кім екенін же­дел анықтады. Олардың екеуі де Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болып шықты: алдымен Ақмола облысының Ерейментау ауданындағы туыстарына қонаққа барған, содан қайтар жолда жаһанға танымал бірегей өзенді көруге құмартады. Ол жаққа баруға тыйым салынғанын білсе керек, блок-бекетке соқпай, далалық жолмен тікелей тартқан. Нәтижесінде, 58 жастағы ер-азаматқа және оның әйе­ліне қатысты Әкімшілік құ­қықбұзушылық кодекстің «Ор­тақ су пайдалану қағидаларын бұзу» деп аталатын 364-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бап тек ескерту жазуды көздейді. Сондай-ақ жөнсіздік карантин кезінде жасалғандықтан, ко­декстің «Халықтың сани­тариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» атты 425-бабы бойынша материал жиналып, ол Ақмола облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің са­пасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды. Бұл бап бойынша жеке тұлғаларға 30 АЕК немесе 83 мың 340 теңге айыппұл салынады. Бұдан бөлек, «жер қойнауына мемлекеттiк меншiк құқығын бұзғаны», яғни жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін кодекстің 139-бабы бойынша материалдар жиналып, Экология департаментіне жолданды. Ол бойынша жеке тұлғаларға 50 АЕК немесе 138 мың 900 теңге айыппұл санкциясы көзделген. Егер департамент дәлелді деп тапса, бұл жаза ерлі-зайыптылардың әрқайсысына белгіленуі ықтимал. Тәртіп сақшылары каран­тин режимін бұзғандар жауап­кершілікке тартылатынын еске салып, табиғи ресурстарды сақ­тауға шақырады.  

Ерік ЕРДЕНОВ