Үндістанда Air India ұшағы апатқа ұшырады. Кожикоде қаласына апатты жағдайда қонған ұшақ екіге бөлініп, салдарынан 20 адам қайтыс болды, - деп хабарлайды РИА Новости . 140-тан астам адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында екі ұшқыш бар екені анықталды. Жұмада, 7 шілдеде Үндістанда Air India әуе компаниясының Express Boeing 737 лоукостері Керала штатындағы Кожикоде әуежайына апатты жағдайда қонды. Үндістан билігінің мәліметінше, жаңбыр кезінде қонған лайнер көлбеу құлағаннан кейін екіге бөлінген. Дубайдан келе жатқан ұшақ бортында барлығы 190 адам, оның ішінде 174 ересек жолаушы, он бала, екі ұшқыш және төрт экипаж мүшесі болған. Ұшақтағылар коронавирус пандемиясына байланысты шетелде қалып қойған үндістер. Апат болған жерде түсірілген кадрларға қарасақ, ұшқыштардың кабинасы мен ұшақтың алдыңғы жағы толығымен жойылғанын, ұшу-қону жолағында және оның айналасында әуе кемесінің қалдықтары шашырап жатқанын байқауға болады.