Денсаулық сақтау министрлігі таратқан соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда COVID-19-бен күреске тартылған 123 медицина қызметкері вирусты тікелей жұмыс орнында жұқтырып, 59 адам көз жұмды. Коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге, ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн теңге көлемінде төленеді. Қазіргі кезде вирус жұқтырған 123 дәрігер мемлекеттен төлем алуға өтініш берген. Дәрігерлердің барлығына компенсация ретінде 2 млн теңге тағайындалып отыр. Алматы қаласынан 46 адам, Алматы облысынан 38 адам және Солтүстік Қазақстан облысынан 10 адам өтініш беріпті. Осы уақытқа дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына вирус жұқтырып қайтыс болған 59 адамның отбасынан 10 млн теңге алуға өтініш түспеген. «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі № 129 және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі № ҚР ДСМ-35/2020 бірлескен бұйрығы шықты. Егер медицина қызметкері вирусты алғы шепте жүріп жұқтырған болса, оны жергілікті атқарушы органдардың жанындағы денсаулық сақтау басқармасында арнайы комиссия құрылып, сол анықтайды. Олардың шешімі Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясына келіп түсуі тиіс. Тізім бойынша әрбір азаматқа электронды түрде іс қағаздары дайындалады. Бұл құжаттар сканерленіп Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының облыстық филиалдарына келіп түседі. Сосын барып шешім қабылданады. Осы ретте өтінішті жұмыс беруші беретінін айта кету керек», − дейді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының департамент директоры Гүлбағила Болатбекова. Вирус жұқтыру қаупі жоғары қызметте жүрген дәрігерлердің айлығын көтеру туралы мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Үстемеақы төлеу үшін Республикалық бюджет қаражатынан Медициналық сақтандыру қорына 38,1 млрд теңге бөлінді. Наурыз бен маусым аралығында қордан медицина қызметкерлерінің жалақысына қосымша 32 млрд теңгеден астам қаржы аударылды. Наурызда 19 мыңнан астам қызметкер, мамыр айында 40 мың, маусым айында 53 мың медицина қызметкеріне үстемеақы төленді. Вирус жұқтыру тобының жоғары немесе төмен болуына байланысты медицина қызметкерлеріне қосымша 212 мың теңгеден 850 мың теңгеге дейін ақы төленген. [caption id="attachment_63296" align="alignnone" > © Айқынұлы Жұмабек[/caption] Тізім қалай анықталады? Жедел штабтар жанынан құрылған өңірлік комиссиялар үстемеақы алушылардың тізімін жасайды. Комиссия құрамына әкімдердің орынбасарлары, медициналық сақтандыру қоры филиалдарының қызметкерлері, өңірлік бас мемлекеттік санитарлық дәрігер, денсаулық сақтау басқармаларының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Егер медицина қызметкерлерінде үстемақы төлеу бойынша сұрақтар туындаса, өңірлік комиссияларға жүгінуі қажет. Белгілі болғандай, Covid-19-бен ауырғандардың 11,5%-ы медицина қызметкерлері екен. Жасыратыны жоқ, аталған санатқа кіргенімен, қауіпті аймақта жүргенімен әлі де болса, құжат жинаумен сандалып жүргендер де бар. Өтемақы алудан күдер үзгендер де жоқ емес.
Еркежан АЙТҚАЗЫ