Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойында не көреміз?
Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойында не көреміз?
291
оқылды

Биыл Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтеді.

Заңғар жазушы Ә.Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған мәдени-танымдық шара легі 2019 жылдың 10-12 қазан күні өткізіледі деп жоспарланып отыр. Шараның мақсаты – аңыз тұлғаның шығармашылығы мен өмірін халықаралық деңгейде таныту әрі дәріптеу.

10 қазан күні бастау алатын шараға жазушымен әріптес болған әдебиет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ шетелдік ғалымдар мен зерттеушілер шақырылады.

Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетіп отырған шара аясында Ақтау қаласында Әбіш Кекілбайұлына арналған көрнекті ескерткіш пен облыстық өлкетану музейінің салтанатты ашылу рәсімі мен мәдениет, өнер қайраткерлерінің халықаралық конгресі өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев атап өтті.

–  Мерекелік шараның бір бөлігі жазушының туған жері Оңды ауылында өткізіліп, кейін Шетпе кентінде республикалық деңгейдегі «Сөз бен саз» бағдарламасымен толығады. Сондай-ақ «Әбіш әлемі» атты халықаралық театр фестивалі және қазақтың ұлттық спорттық ойындары да ұйымдастырылады деп жоспарлануда, – деді Қ.Жұмашев.

Мерейтой аясындағы іс-шаралар жыл басынан бері қолға алынып, осы уақытқа дейін мектеп оқушылары арасында «Әбіш оқулары», «Жас ақындар мүшәйрасы» мен шығарма байқаулары өткізілген. Айта кетерлігі, Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасымен «Әбіш оқулары» байқауының жеңімпаздарына, сондай-ақ жоғары жетістігі бар филология және журналистика факультеті студенттеріне Әбіш Кекілбаев атындағы шәкіртақы тағайындалмақ.

Ал елордасы Нұр-Сұлтан қаласында Әбіш Кекілбайұлының мерейтойлық шарасы 6 желтоқсан күні жалғасын табады.