Ресейде іздеу салынған қылмыскер Павлодар облысында ұсталды
Ресейде іздеу салынған қылмыскер Павлодар облысында ұсталды
фото: ашық дереккөз
196
оқылды
 Ертіс ауданының полицейлері ресейлік жедел уәкілдерімен бірлесіп іздеу жарияланған қылмыскерді қолға түсірді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz. Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері шаруа және фермер қожалықтарын тексерген. «Шаруашылықтардың бірінде ер адам полицейлердің назарын аударды», - деді Ертіс аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серік Үсенов. Сұрастыру барысында 37 жастағы ер адам Ресей Федерациясынан келгені анықталды. Оны деректер базасы бойынша тексеру кезінде Мәскеу қаласы бойынша ІІМ ММ оңтүстік-батыс әкімшілік округі бойынша ішкі істер басқармасының жедел уәкілдері іздеу салғаны анықталды. Ер адам 2019 жылдың қыркүйек айында жаяу жүргіншіні қағып кетіп, зардап шегуші жол-көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатын алған. «Мәскеу қаласының полицейлері осы факті бойынша Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 264-бабы, 1-бөлігі – «жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғады. Іздеу салғандарға ер адамның орналасқан жері туралы хабарладық», - дейді Серік Үсенов. Жыл басынан бері Павлодар облысының полицейлерімен қылмыс жасағаны үшін іздестіріліп жатқан 69 адам анықталып, ұсталған.