Мемлекет карантин кезінде салықты және банк қарызын өтей алады – Тимур Нұртаев
Мемлекет карантин кезінде салықты және банк қарызын өтей алады – Тимур Нұртаев
Фото: Интернеттен алынды
161
оқылды
Пандемияға байланысты енгізілген карантин көп салаға кері әсерін тигізді. Елімізде экологияға және бизнеске қатысты мәселе көп. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен онлайн видеоконференцияда кәсіпкер Тимур Нұртаев экология, құрылыс, бизнесті қолдауға қатысты мәселелер көтеріп, дағдарыстан қиналмай шығуға қатысты ұсыныстарымен бөлісті. Қазір әлем елдері электрлік көліктерге көшіп жатыр. Осы арқылы көліктер жанармайдан бас тартқан. Кәсіпкер біз де осы жүйені қолданып, электр жүйесімен жүрген көлік иелеріне субсидия және жеңілдіктер қарастыруды қолға алуымыз керек деп есептейді. Тимур Нұртаев қазір жаңа жобаның жұмысына кірісіпті. Анығын айтсақ, Алматыдағы барлық қоғамдық көлікке тегін Wi-fi орнатып жатыр. Бұл жоба жақын арада іске қосылмақ.
«Тағы бір қызықты экожобаны бастадық. Электр машиналарын сатып алып қойдық. Мұны Медеу мен Шымбұлақ арасында іске қоспақпыз. Экология мен көліктердің электр жүйесіне қосылу мәселесі маған жақын. Ауаның ластануына бірнеше себеп бар. Автомобильдерден бөлінетін пайдаланылған газ да мұның бір себебі. Осыған көңіл бөлетін кез келді. Электрлік такси шығару да ойымда бар», – дейді ол. Ол кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау керек екенін айтады. Әсіресе, пандемия кезінде мұның маңызы зор. Өйткені карантиннің салдары аталған сала өкілдеріне де оңай болмай тұр. «Кәсіпкерлікке қолдау керек. Өз тәжірибемнен білемін. Салық, проценттік төлем ай сайын көбейеді. Оның мерзімін  ешкім ұзартып бермейді. Ірі көлемде несие алғандар бар. Бұл адамға үлкен салмақ, бизнеске де кері әсер етеді. Мұндай жағдайда мемлекет салық, банктік процент бойынша төлемді ұзарту түрінде ғана қолдау көрсетіп қана қоймай, карантин кезінде қаржылай көмектесе алады.  Мемлекеттік субсидия есебінен салықты және банктегі пайыздық қарызды өтеуге болады. Сондай-ақ елімізде салықтың басым бөлігі Алматыдан жиналады. Оның негізгі бөлігі қаланы көркейтуге, қала құрылысына  жұмсалғаны жөн деп есептеймін», – дейді Тимур Нұртаев.