36 мың компьютер сатып алды

36 мың компьютер сатып алды

Оқушылар 1 қыркүйектен бастап I тоқсанды қа­шық­тан оқиды. Қашықтан білім беру бойын­ша видео­сабақтарды түсіру, цифрлы білім беру ресурс­тарын дайындау жұмыс­тары жүріп жатыр. «Шалғайда орналасқан шағын жинақты мектептерді қоспағанда 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектебіндегі 1-11-сынып оқушылары үшін оқу жылының алғашқы тоқсанын қашықтан оқыту форматында өтеді», – деді Асхат Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Оған қоса, 1 қыркүйекке дейін аймақ әкімдіктері қосымша компьютер сатып алады. Білім және ғылым министрінің айтуынша, қазір компьютерге қа­тысты ауқымды жұмыс атқа­рылып жатыр. «Бізде ескірген компьютер көп. Қажет ететін оқушыларға уақытша бере тұруға болатын компьютер аз. Сондықтан қазіргі уақытта 36 мыңнан астам ком­пью­тер сатып алынды. 1 қыр­күйек­ке дейін аймақ әкім­діктері қо­сымша компьютер сатып ала­ды. Үкімет отырысында осындай тапсырма берілді»,  –  деді ол. Үкімет басшысы Асқар Мамин Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым, Цифрландыру министрліктері бойынша 1 қыр­күйектен бастап орта мек­тептерде бірінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында өткізуге дайын болуын қамта­масыз етуді тапсырды. «Қажет болған жағдайда бас­тауыш сынып оқушылары ата-аналарының жазбаша өтініштері бойынша санитарлық-эпиде­миологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, кезекші сынып­тардың қызметін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді ол. Айта кетерлігі, мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істемейді. Карантин уақыты аяқталғанға дейін эпидемиологиялық жағдай­ға байланысты шешім қабыл­данады.  

Айнұр ШАМОВА