Үш жылдық бюджет аясында денсаулық сақтау саласын дамытуға 2,3 трлн теңге жұмсалатын болды.
«Үшіншісі – медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл ретте денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерде, әсіресе ана мен бала өлімі жағынан аймақтық дисбаланстар айқын байқалады. Иә, соңғы атаған көрсеткіш азайып келеді. Алайда дамыған елдерге қарағанда әлі де нашар. Үкімет әрбір аймақ үшін басымдық тізімін әзірлеуі және соның негізінде бюджеттік қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Қ.Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатынын еске салды.
«Әрбір азаматқа айтарым: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтап қалады. Оның қаржыландырылуына алдағы үш жылда 2,8 трлн теңге бөлінеді. Үш жылдық бюджет аясында 2,3 трлн теңге денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсалады. Үкімет медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін іске асыруға баса маңыз беруі тиіс. Ендігәрі қателік жіберуге қақымыз жоқ», – деді Президент.
Айта кетейік, елордада өткен ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялады.