Дариға Назарбаева Сенат төрайымы болып тағайындалды
Дариға Назарбаева Сенат төрайымы болып тағайындалды
146
оқылды

Дариға Назарбаева Қазақстан Республикасы Сенатының Төрайымы болып қайта сайланды.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Назарбаеваны Сенат Төрайымдығына ұсынысты Президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев оқып берді.

Дариға Назарбаеваның кандидатурасын сондай-ақ, сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед те қолдады. Ол бұған дейін Назарбаеваның премьер-министрдің орынбасары, Мәжіліс төрағасының орынбасары және Сенат төрайымы болғанын алға тартты. «Ол (Д.Назарбаева -ред) мемлекет қайраткері болды. Оның есімі біздің елде де, шетелде де танымал. Бүгін мемлекет басшысы Дариға Нұрсұлтанқызының кандидатурасын ұсына отырып, зор сенім артты. Мен тәжірибелі саясаткердің кандидатурасын қолдауды сұраймын», - деді өз сөзінде М.Құл-Мұхаммед.

Депутаттар анонимді түрде дауыс беріп, оның нәтижесі 10 минуттан кейін жарияланды. Назарбаеваның кандидатурасын залда қатысып отырған 48 сенатордың бәрі қолдады.

Ал өз сөзінде Дариға Назарбаева Сенат төрайымы болу өзі үшін үлкен құрмет пен орасан зор жауапкершілік екенін алға тартты. «Жоғары палатаның жетекшісі ретінде бар күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді сүйікті Отанымыздың игілігіне жұмсаймын», - деді ол.

12 тамызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дариға Назарбаеваны қайтадан Сенат депутаты етіп сайлаған еді.

Еске салсақ, Сенаттың экс-спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 20 наурызында ел президенті лауазымына тағайындалғандықтан, Дариға Назарбаева ҚР Парламент Сенатының төрайымы болып сайланған еді.

Дариға Назарбаева 1963 жылдың 7 мамырында Қарағанды облысының Теміртау қаласында дүниеге келген. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, бұрынғы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған. Саясат ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты. Өзінің еңбек жолын «Бөбек» балаларға арналған қайырымдылық қорында вице-президент лауазымынан бастайды. Кейіннен «Қазақстан телевидение және радиосы» республикалық корпорациясының вице-президенті болса, «Хабар» телеарнасының директоры, кейін агенттіктің президенті атанады. 2012 жылы депутат болып, Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму бойынша комитетін басқарады. 2014 жылдың сәуірінде Мәжілістің вице-спикері және «Нұр Отан» парламенттік фракциясының жетекшісі атанады.

2016 жылы Дариға Назарбаева Сенат депутаты болады.

2 қыркүйек Нұр-Сұлтанда ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтті. Отырыс барысында алғаш рет президент Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын жариялады.