Беларусь: шынайы жеңіс кімде?
Беларусь: шынайы жеңіс кімде?
140
оқылды
Беларусь елінде жексенбі күні өткен президент сайлауының соңы азаматтардың наразылық танытып, полиция өкілдерімен қақтығысқа түсуімен аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауының заңды өткенін жеткізді. ОСК басшысы Лидия Ермошина: «Сайлау учаскелерінде үлкен кезектің болуы – оппозицияның арандатуы» деп мәлімдеді. Беларусьті 26 жылдан бері басқарып келе жатқан Александр Лукашенко қарсыластарымен диалогқа келуге дайындығын, бірақ арандатушылық әрекеттер ары қарай жалғасса, оған тиісті жауап болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол «сайлауалды науқанға әсер етпек болған «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының ылаңына блогер Сергей Тихановскийдің қатысы бар» деген сөзінен қайтпай отыр. Оның айтуынша, ресейлік әріптесі Владимир Путиннен бұл іске қатысты хат келген. Құжаттар тергеу комитетіне жолданып, мемлекет басшылары бұл істі бірлесе шешеді деген келісім бар. Билік өкілдері «азаматтық соғыс болмайды» дейді. Ал «Весна» құқық қорғау орталығы құзырлы органдардың тәуелсіз байқаушылар мен журналистерді негізсіз қамауға алды деп айып тағып отыр. ОСК өкілдері тәуелсіз байқаушылардың ұсталуын эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларымен қатар, басқа да заңсыз әрекеттердің туындағанымен байланыстырды. Өкінішке қарай, Минскіге әскери техника сайлау күнінің қарсаңында кіргізіле бастаған еді. Сондай-ақ, бұл күні интернет байланысы үзілген, не желіде көптеген ахаулар болған. Экзитполдің алғашқы нәтижесі бойынша, Лукашенко 81,3 пайыз, басты оппозициялық қарсыласы – Светлана Тихановская 8 пайыз дауыс жинаған. Тихановскаяның штабы өздерінің жеңілгенін мойындамай отыр. Олардың есебі бойынша, Минскідегі заң бұзушылыққа жол берілмеген үш сайлау учаскесінде Тихановская алға шыққан. Альтернативті экзитпол нәтижелері де Тихановскаяның 80 пайыз дауыс жинағанын көрсетіп отыр. Беларусьтің түкпір-түкпірінде халық наразылық акциясына шығып, күштік құрылымдар азаматтарға қарсы резиналық оқ, суатқыш құрылғылар, дабыл гранаталары мен көзді жасаурататын газ пайдаланған. Светлана Тихановская полицияны халыққа қарсы күш қолданбауға шақырды. Беларусь еліндегі жағдайға байланысты отандық сарапшылар былай дейді. Белорусь - Лукашенко Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

Өзгерістер мүмкіндігінше бейбіт жүзеге асқаны дұрыс

 – Қазіргі жағдайда тіресіп жатқан күштер елу де елу деп айтуға болады. Себебі соңғы бір жылдың ішінде президент Александр Лукашенко көптеген қателік жіберді. Соның ең үлкені – коронавирус елді жайлаған кезде ешқандай шара қолданбай, індетті жоққа шығаруы. Менің ойымша, билікте 26 жыл отырған адамның шаршайтыны анық, оның анық белгісі – халыққа немқұрайлы, мәселелерге селқос қарауы еді. Шынын айту керек, бұл Беларусь оппозициясының бірінші толқыны емес. Оған дейін елде үлкен оппозициялық қозғалыстың барын көрсеткен жағдайлар болған. Оппозицияның үлкен қадамдарға баруының өзі ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығын көрсетті. Осы кезге дейін Тихановскаяның сайлау штабының әрекеттеріне қарасаңыз, халықтың ішінде үлкен бір толқынның барын айқын аңғартты. Бұрын-соңды болмаған, салыстыруға келмейтін облыстық аймақтардағы митингілерді алсаңыз, үлкен толқуды байқауға болады. Лукашенко «Жеңген күннің өзінде жеңілді» деген үлкен сөз айтылды. Менің ойымша, жағдай соған сай келіп жатыр. Егер шын мәнінде елін ойлайтын азамат болса, осыдан кейін ойланып, оппозициямен санасатын еді. Іс насырға асатын болса, Әндіжан оқиғасы сияқты Лукашенко да «қарсыластарыма қарсы тұруға бармын» дегендей мәлімдемелер жасаған еді. Жаппай қудалаймын, тұтқындаймын деп қорқытып-үркіту тәсілдерін де пайдаланды. Егер ондайға барса, Лукашенконың саяси ғұмырын айлап емес, сағаттап өлшеуге болатын шығар. Бұл заманда мұндай әрекетке бару – қазіргі күннің талабына да, мәдениетіне де сай келмейді. Халықаралық ұстанымдар мен заңдарға қайшы. Беларусь елі үлкен өзгерістер алдында тұр. Ең бастысы, бұл өзгерістер мүмкіндігінше бейбіт, берекелі шешілсе дұрыс болар еді. Бүгінгі жарияланған сайлау нәтижелері кешегі сандармен қалса, онда ел ішінде толқулар жалғасын табады. Бұл өз кезегінде азаматтардың өшпенділігін еселеп арттырады. Ең дұрысы – екі кандидаттың өкілдерінің кездесуі сияқты шараларды ұйымдастыру. Олай болмаса, іс насырға шабуы мүмкін. Белорусь - выборы Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы, конфликтолог: 

Беларусьтар Еуроодақпен интеграцияны көбірек қалайды

– Қандай да бір болжам жасау әлі ерте. Бірақ беларусь халқының біразы өзгеріс күтетіні, билік басына Лукашенкодан басқа, жаңа заманның адамы келгенін қалайтыны байқалады. Өкінішке қарай, кеңес заманындағы стильмен ел басқарып келе жатқан Александр Лукашенко уақытша билік ету қағидасын бұзып, ұзақ жыл президент болып отыр. Ол президенттікке келгелі елде Батысқа еліктейтін жаңа толқын өсіп-жетілді, оның үстіне елде саяси ахуал қанша күрделі болса да, Беларустың азаматтық қоғамы бұрыннан ерекше белсенді, әділдікке құмар. Сондықтан қазіргі жағдайда Лукашенко режимі ел алдында аз да болса беделін сақтап қалғысы келсе, сайлау нәтижесін әділ шығарып, ашулы халықты иландыруға тырысуы керек. Екіншіден, халық сенбей, толқу басталған жағдайда күш қолданып, жағдайды ушықтырмауы керек. Себебі сол арқылы билікті уақытша сақтап қалғанымен, бұл Лукашенко режимінің ел ішіндегі, әлем алдындағы беделін одан сайын түсіреді. Лукашенко үкіметі билікті біраз уақытқа сақтап қалса да, одан сайын репрессияшыл режимге айналып, өзін тығырыққа тірей береді. Өкінішке қарай, авторитарлық режимдердің жалғыз заңдылығы – сол. Мұндай жағдайда оның Батыс елдерімен арадағы онсыз да ушығып тұрған қарым-қатынасы одан сайын нашарлап, Беларусь Ресейден ғана пана табады. Менің байқауымша, украин, грузин, армян халықтары сияқты беларустардың да біраз бөлігі бұрынғы одақ елдерінен гөрі, Еуроодақпен интеграцияны көбірек қалайды. Яғни, билік пен халық арасы одан сайын алшақтай түседі, ал ол ұзақ саяси дағдарысқа, ел ішіндегі апатияға апарып соғады, яғни ұзақмерзімді салдары ауыр болмақ.   Жұмабек САРАБЕКОВ, саясаттанушы:

Беларусьтің саяси элитасының ауызбіршілігі мықты

 Бұрынғы сайлаулармен салыстырғанда, бұл жолғы саяси дода мен наразылық деңгейі әлдеқайда жоғары. Бұл Беларусь билігі үшін үлкен сын. Бірақ бұл қарсылықтар шектеулі. Биліктің бұл толқуларды ерте ме, кеш пе басуға толық мүмкіндіктері бар. Билік қарсы күш қолданатынын да ашық мәлімдеп жатыр. Беларусьте Украинадағыдай майданның қайталануы екіталай. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, оппозицияның өзінде бірігу тәжірибесі жоқ. Мемлекеттің соңғы он жыл ішіндегі даму барысын саралап көрсеңіз, күшті оппозицияның қалыптасуына жағдай жасалмаған. Тәжірибесі де аз. Екіншіден, мұндай жағдайда саяси элитаның ауызбіршілігі маңызды. Ал Беларусь елінің саяси элитасы, оның ішінде әсіресе күштік құрылымдардың ауызбіршілігі мықты. Яғни, саяси элита арасында бөліну байқалмайды. Саяси элитаның біртұтастығы қарсылықтардың көп ұзамай аяқталуына үлкен сеп болмақ. Бұл өз кезегінде қазіргі саяси жүйенің сақталуына себепкер. Халықаралық реакцияға келсек, әрине, Беларусьтің әріптестері – Еуропа мемлекеттері мен АҚШ бұл сайлаудың қорытындаларын сынға алып отыр. Болашақта Минсктің Еуропа мен АҚШ елдерінің елшіліктеріне қатысты қарым-қатынасы нашарлайды. Бұл саяси диалогтың бәсеңдеуіне әкеп соғады.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ