Коронавирус: Бес түрлі дәрі тегін беріледі
Коронавирус: Бес түрлі дәрі тегін беріледі
© сурет интернеттен алынды
Бүгіннен бастап Қазақстандағы емханала халыққа дене қызуын түсіретін «Парацетамол» немесе «Ибупрофен» дәрілерінің бірін және қанды сұйылтатын «Ривароксабан», «Апиксабан», «Дабигатран» антикоагулянттың біреуін тегін береді. Бұл туралы онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов хабарлады.
«Коронавирус және аталған вирусқа ұқсас белгілері бар пневмониямен сырқаттанған науқастар үшін алдын ала бір айлық қорға есептелген препараттар сатып алдық. Қазір осы жұмысқа жауапты бірыңғай дистрибьютор жалпы құны 8,7 млрд теңге болатын 91 түрлі дәрі-дәрмекті өңірлерге жөнелтті. Бұл - орташа есеппен, 40 мың науқасқа жетеді. 15 тамыздан бастап тағы да екі айға жететін қор әзірленеді. Нақтылап айтсақ, стационарларда 200 мың науқасты емдеуге жетін дәрінің 50 түрі бар», - деді ведомствоның ресми өкілі.
Оның айтуынша, коронавирус індетінің үшінші толқыны туындаған жағдайда үйде емделетін адамдарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту үшін 5 түрлі дәрі сатып алу жұмыстары аяқталуға жақын.
«Амбулаториялық жағдайда ем алатын 1 млн науқасты емдеуге межеленген дәрі-дәрмектің бес түрін сатып алу жұмысы аяқталып қалды. Айта кетейік, дәл сосындай ауқымды шаралар алғаш рет қабылданып отыр. Бұл шараның әр азамат үшін қандай игілігі бар дегенге тоқталайын. Енді сырқаттанып, вирус жұқтырдым деген күдік туса, тіркелген емханаңызға барыңыз. Егер вирус анықталса, бұрынғыдай дәріхана жағалап жүрмей-ақ қойыңыздар. Барлық емханаларда қажетті дәрі-дәрмек болады және сіздерге ақысыз беріледі. Олар - ауруды асқындырмай, алдын алуға мүмкіндік беретін «Парацетамол», «Ибупрофен» және тағы үш түрлі дәрі», - деді Қожахметов.