Автобус жүргізушілерінің айтуынша, оларға жұмыс істеген әр күн үшін 4 500 теңгеден төлеген, ал негізінен 8 000 теңгеден асуы тиіс екен. Жұмысшылар осы мәселені айтып, автопарк басшылығына барғанда «жұмыс ұнамаса, шығып кетіңіз» деген жауап алдық дейді. Семей қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Серікқали Жұмановтың айтуынша, карантинге байланысты қоғамдық көліктер күніне 6 сағат қана жүргендіктен, жалақы соған сай төленген. Бөлім басшысының бұл уәжі жүргізушілердің көңілінен шықпады. Себебі оларға алдын ала жалақының қысқартылатынын ешкім ескертпеген. Жүргізушілерді зейнетақы жарнасының аударылмағаны да алаңдатып отыр. «Мен жеке кәсіпкер болғанмын, зейнетақы жарналарын төлеп тұрдым. Ал жеке кәсіпкерлікті жауып, осында ауысқалы ешқандай аударым жоқ. 2019 жылдың желтоқсан айынан бері жұмыс істеймін. Медициналық сақтандыру да, бұйрық та жоқ», – дейді жүргізушінің бірі. Осы деректің өзі жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзғанын білдіреді. Мәселенің ушыға бастағанын түсінсе керек, Semey bus басқармасының жетекшілері жүргізушілердің салықтық төлемдері мен жалақысын төлеу мәселесін шешуге он күн рұқсат сұрап отыр. Ал қала билігі жағдайды тұрақтандыру үшін осы мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құрмақшы. Үш сағаттық келіссөзден кейін жүргізушілер жұмысын жалғастыруға келісті.
Тұмар МЫРЗА