Жаңаөзен дүбірі: Қытай Қазақстанда зауыт салмайды
Жаңаөзен дүбірі: Қытай Қазақстанда зауыт салмайды
165
оқылды

Қазақ-қытай әріптестігінен қазақстандық тарапқа қандай пайда бар? Бұл турасында 2 қыркүйек Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сыртқы істер және инфрақұрылымдық даму бойынша министрлік өкілдері айтып берді.

Zakon.kz таратқан ақпарға сәйкес, қытай тарабы тек қана технология, жаңа тұжырымдар, білім-ғылым мен инвестиция жеткізуші. Ал Қазақстан жобаларды жүзеге асырып, бюджетке кіріс тартады.

Инвестиция тарту туралы сөз қозғаған сыртқы істер вице-министрі Ермек Көшербаев Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында көп кіріс салған мемлекет Нидерланды (87 млрд доллар), кейін АҚШ (37 млрд доллар), үшінші орынға Швейцария жайғасқанын (27 млрд доллар) айтты. Қытай бұл қатарда төртінші орынға табан тіреді, егемендік жылдары Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясы 17 млрд долларды құрады. Қытайдан кейін Франция,, француздар ел инвестициясына 15 млрд доллар салған.

«Қытай мен Қазақстан арасында әріптестік бойынша комиссия бар және сол бойынша индустрияландыру бағдарламасы жасақталып, инвестиция тартылды», - деген Көшербаев мұндай бағдарлама тек Қытаймен ғана емес, АҚШ және Германиямен де жасалғанын хабарлады. Вице-министр сондай-ақ, Қытайдың Қазақстанға 55 зауыт салатыны туралы әңгіменің еш уақытта болмағанын алға тартты.

«Мұндай хабарды блогерлер whatsapp арқылы таратып жүр, алайда мұндай бағдарлама атымен жоқ. Ескі зауыттарды ешкім көшіріп алып келмейді. Арнайы бірлескен комиссия бар, мұнда бар жобалар іріктеу мен сараптамадан өтеді. Әрі көбіне мұндай жобаларды жеке кәсіпкерлер жүзеге асырады. Сондықтан ешкім мұнда ескі зауыттарды көшіріп алып келмейді. Тіпті олар қалаған күннің өзінде біздің комиссия оған мүмкіндік бермейді», - деді Көшербаев.

Ал инвестиция және инфрақұрылымдық даму бойынша вице-министр Әмнияз Ержанов индустрияландыру және инвестиция саласында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында 27 млрд долларға лайықталған 55 қазақстан-қытай жобасы туралы келісімнің ақиқатында бар екенін растады. Бұл жобалар көлік, құрылыс индустриясы, химия-фармацевтикалық өндіріс, мұнай-газ секторында жүзеге асырылуда. Оның сөзінше, инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 19,6 млрд доллар көлемінде 27 жоба бекітілген. Бұл өз кезегінде 15 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Ал 2 қыркүйекте Жаңаөзенде жүзге жуық ер азамат әкімдік ғимаратының алдына жиналып, Қазақстанда қытай зауыттарының салынуына қарсылық танытқан. Тумба.kz ақпарына сәйкес, Жаңаөзен қаласының тұрғындары қала әкімінің өздерімен кездесуін талап еткен. Тұрғындар журналистерге «ҚазМұнайгаз» АҚ акциясын жүзеге асыру бойынша қытай зауыттарының елде бой көтеруіне және шетелдіктерге жердің жалға берілуіне қарсы екендерін» жеткізген. Бұдан өзге қарсылық танытушылардың Жер кодексіндегі өзгерістерге де көңілдері толмайды. Қазір тұрғындармен қала билігі кездесіп, мән-жай талқылануда.