«Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Атқарушы билік ахуалды қатаң бақылауда ұстап отыр. Медициналық қауымдастықтың санитарлық-эпидемиялық қызметі өзіне жүктелген міндетін толық көлемде орындап жатыр. Осылайша, еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды десек болады Бірақ бұл жетістікке қуанып, босаңсуға болмайды. Ендігі міндетіміз – індетті жұқтыру мен өлім-жітімді тоқтату. Олай болса, қазақстандықтарды санитарлық ережелерді орындауға шақырамын», – деді Б. Қожахметов. Оның айтуынша, провизорлық орталықтарда жедел әрекет ету үшін медқызметкерлерді дайындаудан бөлек, дәрі-дәрмектермен толықтыру жүріп жатыр екен. Коронавируспен және КВИ-ға ұқсас белгілері бар пневмониямен сырқаттанған науқастар үшін алдын ала бір айлық қорға есептелінген препараттар сатып алынған. Өңірлерге 8,7 млрд теңге болатын 91 түрлі дәрі-дәрмек жөнелтілді. Бұл орташа есеппен 40 мың науқасқа жетеді. Ал стационардағы 200 мың науқасқа жететін дәрі-дәрмектің 50 түрі қамтылмақ. Ең бастысы, қазақстандықтар 5 дәріні ( парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, апиксабан және дабигатран) тегін алады. «Егер сізде коронавирус инфекциясының белгілері байқалса, 103 нөміріне хабарласу керек. Аурудың нақты белгілері байқалмаса, бірақ ағзаңызда түсініксіз жағдайлар болса, өзіңіз тіркелген емханаға бару қажет. Ал ешқайда тіркелмесеңіз, мұны тез істеуге болады. Сізде коронавирус инфекциясы расталған болса, емханаға барып, COVID-19-ды емдеу үшін 5 дәріні тегін аласыз. Сондықтан сізге дәріханаға барудың қажеті жоқ», – деді ресми өкіл.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ