Бір қолымен саясатты тербегендер...
Бір қолымен саясатты тербегендер...
Бүгінде 20-дан астам әйел ең жо­ғары билік тізгініне қол жет­кізген. Елі­­міздегі жағдайды айт­сақ, бүгінде Мә­­жілісте – 27, Сенатта – 6 әйел де­­пу­тат болса, Үкі­метте екі министр мен облыс­тық дәре­жеде бір әкім бар. Әдетте баспасөзде саясат пен биз­­­нестегі ең ықпалды қыз-келін­шек­тер қа­тарына Тамара Дүйсенова, Гүл­шара Әбдіхалықова, Күләш Шәм­ши­динова, Үміт Шаяхметова, Гүлжан Қарағұсова және тағы басқалар кіреді. Десе де, алдағы уақытта Мәжіліс пен мә­с­ли­хат қатары қыз-келіншектердің жаңа есімдерімен толығуы мүмкін. Са­рап­шылар праймериз арқылы би­лікке көпбалалы аналар өкілдері кел­се, осы күнге дейін қордаланған мә­­се­лелерді шешудің даңғыл жолы ашылар еді деген пікірде.  

Квота емес, мотивация!

 Соңғы уақытта шетелдік «праймериз» сөзі елімізде жиі-жиі ай­тылып, құлаққа сіңіп жа­тыр. «Nur Otan» партиясының пар­тияішілк іріктеу бастамасына, әсіресе жастар мен әйелдер қауы­мы ерекше ықыласын біл­діруде. Мәселен, Қазақстан халқы Ассам­блеясының, жастар ұйымдарының бел­сенділері праймеризге қа­тысуға ниетті. Оған себеп – кан­ди­даттардың 30 пайызы әйелдерден, 20 пайызы жастардан құралуы тиіс деген заңмен бекітілген, кво­та­мен айшықталған бастама. Жалпы, саясатқа, заң шығарушы органдарға әйелдерді квота арқылы тарту қаншалықты дұрыс? Таяуда «Вашингтон Таймз» басылымына Қазақстандағы саяси процестер туралы сұхбат берген Лондон саяси-зерттеу орталығының қыз­меткері Джесси Джейн Дафф: «Партия енгізген квота бөлу бастамасы Қазақстандағы демократиялық реформалар мен даму деңгейінің үлкен көрсеткіші» деп жоғары баға берумен қатар, қос квотаның жастар мен әйелдер үшін үлкен мотивация екенін аңғарған еді. Расында да, квота бөлу, әсіресе ең әлсіз әлеуметтік топ – көпбалалы және жалғызілікті аналар мәселесіне оңтайлы әсер етер ме екен? Сарапшылар бұған оптимистік көзқараспен қарайды. Сенатор Дана Нұржігіт «Се­натта талқыланып қабылданған, заң жүзінде белгіленген квота бөлу мәселесінің іс жүзінде қалай жү­зеге асатынын праймериз көр­сетеді», – дейді. Өз кезегінде Сенат депутаты: – Бүгінгі таңда атқарушы би­лікте, бизнесте аз болса да әйелдер қауымы бар. Жалпы, әлеуметте, қоғамда аналар позициясының орны бөлек. Біріншіден, ананың мүддесі – отбасының мүддесімен, ал отбасының мүддесі – Отанның мүддесімен тікелей байланысты. Оның кәсібі, жолдасының жұмысы алға жылжыса, отбасы мен қо­ғамның берекесі де сол болмақ. «Отан отбасынан басталады» деп тектен-текке айтпайды. Отанның кіндігі отбасында жатыр. Ал отбасы – кішкентай отанының мүддесі әйел үшін аса маңызды – деп ойын түйіндейді. Саяси карьерасын оңтүстік өңірде әкімдіктен бастап Пар­ламент Мәжілісінің депутатына дейін көтерілген қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы праймериздің әйелдер үшін үлкен мүмкіндік екенін алға тартады. – 1985 жылы Орталық ко­митеттің шешімімен кез келген билік органына, басшылыққа 30 пайыздан кем емес әйел қауымы келуі керек деген қаулы шық­қан еді, – деп бастайды әңгі­месін экс-депутат: «Соған ілінген азаматтардың бірімін. Сол кез­де Шымкенттегі 22 ауданға бас­шылық етуге 22 әйел барды. Құдайға шүкір, соның ішінен зейнетке дейін билікте ел мүддесі үшін қызмет еткен бір-екі адам қалдық. Сондықтан квота бөлу мәселесі дұрыс. Өйткені қазір денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің 70-80 пайызы – әйел­дер, білім беру саласында – 90 пайыз, әлеуметтік, қоғамдық мәселелерде де қыз-келіншектер белсенді. Олардың заң шығарушы органдарда болуы шарт, мұнымен толығымен келісеміз. Бірақ «мы­нау әйел, мынау еркек» деп бөлуге не таңдауға болмайды. Ер-азамат та, әйел де елге еңбегімен еленген адам болуы керек», – дейді. Ал әлемдік тәжірибе нені көрсетеді? Еуропа елдерінде «по­зитивті дискриминация» деген ұғым қалыптасқан. Еуропа мем­ле­кеттері сотының шешіміне сәй­кес, егер қандай да бір лауа­зымды қызмет үшін кәсіби деңгейі, білімі бірдей ер мен әйел таласқа түссе, онда бірінші кезекте әйелді қызметке алу міндеттеледі. Еуроодақ елдерінде квота беру бастамасы бизнеске де таралады. Мәселен, Норвегия, Исландия, Франция, Германияда компаниялардың директорлар кеңесінің 40 пайызын әйелдер құрауы керек. Іс жүзінде сандар талапқа сәйкес. Ал Исландияда тіптен директорлар кеңесінің 44 пайызын әйелдер алып отыр. Екінші жағынан мамандар пар­ла­мент, үкімет пен жергілікті ат­қа­рушы органдарда дәстүрлі түр­де ерлерге – экономика, қаржы, сая­­сат мәселесі, ал әйелдерге – ме­­ди­цина, білім беру сияқты әлеу­меттік мә­селелердің берілуі алалау де­ген пікірде. Яғни, күшті сала­лар – ерлердікі, әлсіз салалар – әйел­дер­дікі дегендей алалаушылық тағы туын­дайтын сияқты. Бұған да тиісті құрылымдар жол бермейміз деп отыр.  

Депутатқа қояр талап қандай?

Сарапшылар праймериздің арқасында жаңа есімдер шығып, тың идеялар көтеріледі деп сенеді. Бұл тұрғыдан болашақ депутатқа қойылар талап та жоғары. Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы: – Депутаттыққа ұсынылатын әйел мемлекеттік тілді жетік білуі керек. Қазақтан шыққан үміткер өз ана тілі – қазақ тілін білсе, өзге эт­нос өкілдері мемлекеттік тілді бі­луге міндетті. Қазақстанда мемле­кеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері жеткілікті. Соңғы са­нақ­та 1 млн 350 мың славян тек­тес ха­лық өкілдері «мемлекеттік тілді білеміз» деп жауап берген. Бұл – жақсы көрсеткіш. Жалпы, әйелдердің сөзі, ұста­нымы, әсіресе әлеуметтік мәсе­лелер көтеріліп, тиісті заң қабыл­данар кезде аса қажет. Көпбалалы аналар да мәселелерін шешу үшін қо­ғамдық ұйым құрып, өз дең­гейінде көтере білсе, құба-құп. kismet baspaldagi Қоғамда айтылып отырған тағы бір мәселе – заң шығарушы органдарға кәсіби білікті заңгер­лердің тартылуы. Шыны керек, елімізде қабылданып жатқан заң­дарға сын көзбен қарайтын аза­маттар да баршылық. Оның үстіне, заң шығарушы бастамасы бар органдар – Үкімет пен Парла­ментте заң жобалары көбіне-көп орыс тілінде дайындалған соң мемлекеттік тілдегі жобалар «калька аударма» деңгейінде қалып отыр. Бір қуантарлығы, бүгін­де Қа­зақстан халқы Ассамблея­сының құра­мына кіретін әртүрлі этни­калық топ өкілдері мемлекеттік тілді өз деңгейінде меңгеріп алыпты. Мәселен, партияішілік іріктеу – праймеризге қатысуға ниетті жастар қазақ тілінде сайрап тұр. Бұл тұрғыдан егер ұсынылған кандидат екі категория, яғни жастар мен әйелдер санатында болса, оның сайлану мүмкіндігі де еселеп артуы тиіс. Сарапшылар ассамблеядан мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың билікке келуін оң бастама деп бағалайды. Бұл мемлекеттік тіл аясында тек қазақ халқының ғана емес, өзге этникалық топтардың да бас біріктіріп отырғанын көрсетеді. Яғни, қазақ тілінің біріктіруші фактор ретінде дәрежесі де күн санап артып келеді.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ