Абай айтқан құны алтын сөз зерегі…
Абай айтқан құны алтын сөз зерегі…
312
оқылды
  DarxanДархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты

Баянды күн болғай!

– Абай күні – ел болып құптайтын, өркениетті елдердегі осы тақылеттес күндермен сабақтастықта қарай оты­рып, даралығын көрсете алатын, ұлт құндылықтарын құнттауға жұмылдыратын тамаша мүмкіндік. Бұл – рухани жаң­ғырудың елдік датасы. Әрине, қазір де, болашақта да оған тек мәдениет саласының іс-шарасы ретінде  қарауға болмас.  Барлық мемлекеттік, қоғамдық, саяси ұйымдармен қатар жекеменшік ұжым­дардың басын қосатын та­ғылымы мол күнге айналса дейміз. Асыл сөзін өз ұлтына, сол арқылы бар­ша адамзатқа арнаған дана ойшылға жасалатын құрметтің түрі көп. Ең бастысы, ақын мұ­расын ұлт сұранысына сай байыптау, ел мүддесіне сәйкес зерделеу, әлем мәдениеті мен әдебиетінің сабақтастығы тұр­ғысынан тану болса керек. Ға­ламдық пандемиядан біраз ауырт­палық көріп, дағдарған халқымыз көңіліне медеу бо­ларлық Абайдың парасат, жұ­баныш сөзін аңсайтыны да рас. Мәселен, данышпан ақынның барға мастанудан, тоқмейілсуден сақтандырып айтқан «Бiр ғылымнан бас­қаның, бәрi кесел асқанға» деген сөзі әлі де көкейкесті.  Жаманнан аулақ болуға, ғылымға, білімге үндеген ой­лары қай заманда да, қай ортада да маңызын жоймайтыны анық. Шынында, ғылымы мен білімі дамыған елдер ғана халқын дерттен де, опаттан да аман сақтап қала алмақ. Ғұлама ақынның «Қары көп қалың қыстың артынан көгi қалың, көлi мол жаз келедi» дегені әр жүректе ертеңгі күнге деген үмітті оятары сөзсіз. Данышпан Абай ең үлкен мәселеге – еңбек етудің қадіріне көңіл аудартып, «Еңбексiз мал дәметкен – қайыршылық» деп басын ашып, анық айтқаны көпке сабақ деп ойлаймыз. Ахмет Байтұрсынұлының «Хакім Абай әр нәрсенің асылын танып білді» деген тезисі – қай заманда болсын, елді елдікке жетелейтін арқау. Қазіргі замандастарымыздың көбіне осы қасиет жетіспей жататынын ескерсек, ақын өлеңі мен қара сөзі ұлт даналығының кітабы екеніне көзіңіз жетеді. Әлбетте, атаулы күннің маңызы мен қадірінің артуы, түптеп келгенде, қазақ елінің мәдениеті мен дәстүрге адалдығына байланысты. Бұл – бәріміз үшін сын. Сынақтан мүдірмей өтіп, Абайдың мұрасын да, мұраға деген өз жауапкершілігімізді де баянды ете берейік!   AigylАйгүл ІСМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор

Абай жолы – қазақ жолы

– Алланың бұйыруымен  Ахмет Байтұрсынұлы анықтап берген қазақтың бас ақыны Абайдың 175 жылдығы биыл жалпы адам­затқа түскен үлкен сынақпен бірге келді. Бұл тегін емес екені есті отандасымыз үшін түсінікті болуы тиіс. Бұрынғыдай ысырап тойдан сақтап, Жаратушы бізге бір мезгіл Абайдың асыл сөзіне назар аударуымызға тағы бір мүмкіндік тудырды. Неге Әлихан Бөкейхан бастаған қазақтың тұңғыш саяси элитасы Абайды қорғауды басты ғылыми мақсат етті? Неге Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Райымжан Марсеков, Ыдырыс Мұстамбаев, Ілияс Жансүгіров, Құдайберген Жұбанов, Мұхтар Әуезовтер Абайды қорғау үшін бастарын қатерге тікті? Әлихан Бөкейхан 1905 жылы Абайдың тұңғыш өмірбаянын жазып, ата тегінен, нағашысы кім болғанына дейін анықтап берген. Абайдың қандай білім алғаны, оқыған кітаптарына дейін анықталған бұл мақалада. Тұңғыш өлеңдері мен ақындықты қалай, неге мойындауға мәжбүр болғанына дейін анықталған. Неге сол кезде ақын болу абыройсыз болғаны да осы ретте мағлұматты түсіндірілген. Абайдың қолжазбасы неге сайрап жатқан жоқ деген бүгінгілерге Әлихан Бөкейханның осы мақаласын қарап шығу керек. Әлиханның бұл тұжырымдары Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» /1913/ зерттеуінде теориялық негізде таратылып анықталған. Абайдың асыл сөзінің дискурсы осы зерттеуде айқындалып берілген. Міржақып Дулатұлының  «Әдебиет – ұлттың жаны» деген тұжырымы да «Абай» атты мақаласында орын алған. Жансыз тән жасай ала ма? Абайды ұмыту қазақтың кім екенін, ата-бабасы кім болып, нені аңсағанын ұмыту делінген осы ретте. 1918 жылы Екеу деген бүркеншік атпен Абай журналында жарияланған Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Әуезовтің  екі зерт­теуінде Абай асыл сөзінің жанр мен стильдік ерекшелігі, ең басты этикалық дискурс аналитикалық тұрғыда анықталған. Ілияс Жансүгіров  1934 жылы шыққан Абай жинағына жаз­ған алғысөзінде репрессияға ұшырап жатқан Алаш абайтануының басты қағидаларын өз сөзімен анықтап берген. Сонымен бірге осы ретте І.Жансүгіров тұңғыш рет Абайдың текстологиясына қатысты нақты ғылыми пікір берген. Басылымда кеткен қателерге қатысты айтылған ескертпелермен қатар, ақын сөзінің түп-төркініне де қатысты құнды мағлұматтар осы ретте  21  ескертпе етіп сұрыпталған. М.Әуезовтің 1925, 1927 жылдары шыққан Әдебиет тарихы монографиясы Зар заман кезеңі Абайға келіп тіріеледі, «сондықтан біз енді Абайға көшеміз» деген сөйлеммен аяқталады. Бірақ өзі де қудалауға ұшырап, құғын-сүргіннен аман қалған Әуезов тек 1940 жылдары ғана Абайға қайта оралады. Есімдерін де атауға тыйым салынған Кеңес кезінде Алаш абайтанушыларын ұстаз санаған М.Әуезов өмірінің сөңына дейін Абайды танытуды Алаш абайтануы негізінде іске асыруды өзіне ауыр аманат етіп жүктеп алғандай. Смағұл Садуақасұлының анкетасына берген жауабында М.Әуезов «Абай жолы – қазақ жолы» деген мағынада пайдаланғанын айтқан. Ауыл медресесінен бастап Абай өлеңдерімен сауатын ашқан М.Әуезов осы  ретте  сонымен ең алғашқы тізені Абайдан көрдім деуінде  үлкен қазақи тәрбиенің мәні бар: әкесінің қатаң қадағалауымен бала Мұхтар бір қыс бір жазда Абай өлеңдері жазылған дәптердегі барын жаттап алғанын айтқан. Осындай әкенің тәрбиесін көрген Мұхтар Алаш абайтануын қалыптастырған ғалымдарға шәкірт болып, олардың басты ойларын Кеңес кезінде қолдан келгенше ұстанып, «Абай жолы» романында тоқетерін айтып кетті. Сталиннің билігі жүріп тұрған 1950 жылы өзінің әр сөзі  қадағаланып отырған кезде Әуезов «Абайдың ақындық айналасы – Абай мектебі»  деген диссертацияға жетекші болып, Қайым Мұхаммедхан сияқты адал шәкіртті жет­­кізді. Сырт көз көре бермейтін заманда Абай жолы – қазақ жолы, Алаш жолы концепті осылай іске асты. Осының бәрін біліп отырған бізге бүгін Абайды таныта алмау – зор кемшілік. Абайдың әр сөзі – бүгінгі адамзатқа қажет мотивация дер едім. Абай сөзі тұрғанда қазіргі қуып бара жатқан тренингтер айдаладағы меңіреу болып қала бермек. Абайдың әр сөзі адамның жанына қажетті етіп айтылған. Абайдың әр сөзі қазаққа жаны ашып айтылған. Абайдың әр сөзі заманға сын көзбен қарап, әркім өзіне ғана емес, маңайындағы орта мен Отаны үшін жауапты екенін еске салуымен қажетті. Адамзат осындай дертке ұшырап жатқан кезде біз Абайды үңіліп қайта бір оқиықшы. Дерт адамзатқа жіберілген  сынақ дейміз. «Жаны саудың – тәні сау» деген бабалар. Жанымыз бір мезгіл Абайша толғанып, Абайша маңайымызға көз салайықшы. Біз осыншама тектілердің ұрпағы бола тұра, неге сонша қара бастың қамын ғана қуып кеттік? «Адам  – боқ көтерген боқтың қабы» деп Абай неге айтқан? Біз бүгін ақыл, қайрат, жүректі бір уыста ұстап келеміз бе? Жоқ тек боқтық қуып барамыз ба?  «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деген асыл ердің сөзін көңілімізге тоқып алатын кез келді. Абайды оқып, еңсемізді көтерейік! Абайша маңайымызға елге жанымыз ашып қарайықшы бір мезгіл. Абай сөзі елдің рухын көтерері анық. Олай болса, бізді бұл сынақтан та аман-есен шығаратын рухани күшті «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайдың асыл сөзіне ден қояйық!  Абайдың әр сөйлемі дайын түрған мотиватор екенін де есте сақтайық. Осы тұрғыдан мектепке арналған абайтанудың жаңа оқулығын да қайта жазатын кез жетті.   AlibekӘлібек АСҚАР, жазушы, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры

 Тағзым күнінің тағылымы

– Абайдың ұлтына қалдырған рухани мұрасы, міне ғасырдан астам уақыт қазақтың ақылы мен ойына, дүниетанымына, сезімі мен тәжірибесіне ықпал етіп келеді. Осы абайлық дәстүр дәл бүгін қазақтың өзіне ғана емес, адамзаттың санасына да әсер етерлік құбылысқа айналды. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» деп толғанған ойшыл суреткердің жалпыға ортақ мұраттарды  көтеруі оны әлемдік өркениеттің ірі тұлғаларымен деңгейлестіреді. Бұл – Алаш баласы бағындырған ой биігі, сөз құдіреті. Алаштың байтақ даласынан адамзаттық биікке көтерілген Абайдың күрескерлік өмірі мен суреткерлік еңбегін қаншалықты бағаласақ, біз соншалықты адами идеяларды насихаттаған боламыз. Ендеше, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Үкіметтің ұлы ақынның туған күнін «Абай күні» деп бекітуі осы ұлы тұлғаға және оның шығармашылығына жасалған зор құрмет деп білеміз. Сонау ХХ ғасырдың басында әрі қаламгер, әрі қайраткер Міржақып Дулатов: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар, бірінші ақынымыз деп, қабіріне халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар... » деп тебірене жазыпты. Иә, сол Алаш арыстары армандаған күнге бүгін  қазақ баласы жетті. Азаттығын алды, мемлекеттілігін қалыптастырды, өз азаматтарын құрметтейтін абыройлы күндерге жетті. Халқымыз үшін мерейлі кезеңде Абай сынды тұтас ұлттың ұстазына айналған хакім тұлғаға құрмет көрсету көптің ойынан шықты, халық қолдауда, ел қуануда. Өйткені Абай деген зор есімнің мағыналық аясында сол қазақтың биікке озған ойы, тереңге тартылған танымы жатыр. «Абай күні» бізге ұлы суреткер мұрасына жиі-жиі баруды, азаматтық, адами көшімізді дұрыстауды, өзіміздің кім екенімізді, қайда тұрғанымызды, қайда бармағымызды міндеттейтін күндердің қатарына кірмек. Мұндай рухани тазару күндері, әсіресе өскелең жас ұрпақ үшін аса маңызды. Біз неғұрлым Абайдың шығармашылығы арқылы, жалпы қазақтың мәдениеті мен өнері арқылы өзімізді танысақ, соғұрлым елдігіміз артады, кісілігіміз күшейеді, адамгершілік қасиеттеріміз асқақтайды. Сондықтан да бұл күннің мәртебесі де, бағасы да күшейе беретініне өз басым бек сенемін. Себебі Абайға оралу дегеніміз – ұлттық өркениетке оралу деген сөз. Бүгінгі қазақ та, келер қазақ та тек өркениет жолымен ғана жүруі тиіс, тек өркениет ғана бізді сақтайды һәм күшейтеді. «Абай күнінің» тағалымы да осында.   CerikСерікқазы ҚОРАБАЙ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі

Тұтас бір дәуірдің ақыл-ойы

– Бүгін – ұлық мереке! Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген туған күні ұлттық мереке ретінде бүкіл еліміз бойынша алғаш рет кең көлемде атап өтілуде. Бұл – тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі әлемінің тойы, барша адамзаттың тойы. Ұлы ақынның артында қалған мол әдеби мұрасы бұл күнде тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасына, дүниежүзілік өркениеттің ажырамас бір бөлігіне айналып отыр. Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелеген кемеңгері Абайды тану қазақтың өзін-өзі тануы десек, еш қателеспейміз. Сондықтан дана ақынның туған күнін жеке ұлттық мейрам ретінде белгілеу, 175 жылдығын мемлекеттік, әлемдік деңгейде кең көлемде атап өту нағыз ұлттық рухымыздың кемелденуі деп білеміз. Көрші Ресей Пушкин, Лермонтов, Толстой күндерін бүкіл орыстық рухтың жаңғыру мейрамы ретінде жаңа жылдық мерекедегідей атап өтеді. Бізде енді Абай күні деген атаулы календарлық дата бар екенін естен шығармай, осы көршілер сияқты бүкілхалықтық мерекеге айналдырайық! Кеңестік кезеңде пролетариат көсемі В.Ленинді бастауыш сыныбының оқушысынан бастап бәріміз «Ұлы Ленин – біздің бабамыз!» деп ерекше әспеттеп өстік. Енді әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға Абайды бәріміз: «Ұлы Абай – біздің бабамыз!» деп дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіруіміз керек. Себебі Абай қазақта ғана біреу, Абай – ұлы ұстаз, кемеңгер. Абай тұлғасын, Абай заманын, Абай өмірін, Абай шығармашылығын барша жұртқа насихаттап, әлемге танытуымыз тиіс. «Әр қазаққа Абайды тану – мұрат. Абай шыққан биікке талпыну – парыз» деп Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бұл біздің басты мақсат-міндетіміз болуы қажет. Айтулы Абай күні де осы мұраттарға жетелейді. Абай күні құтты болсын, Алаш елі!  

 Дайындаған: Гүлзина БЕКТАС

  Abai myseii