Ауыр қылмысқа – жаза қатаң
Ауыр қылмысқа –  жаза қатаң
5,207
оқылды

Депутаттар Президент Жолдауын тиімді заңдармен қамтамасыз етеді. Бұл туралы Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен, палатаның V парламенттік сессиядағы алғашқы бюро отырысында мәлімделді. Жиында Мемлекет басшысының Жолдауын есепке алатын Мәжілістің осы сессиядағы жұмыс жоспары талқыға салынды.

Өз сөзінде Н.Нығматулин парламенттік жаңа сессияның ашылуында ел Президенті Қ.Тоқаев жария еткен Жол­даудың негізгі басым­дық­та­рына тоқтала кетті.

– Елбасы әзірлеген Бес инс­титуттық реформаны және Ұлт жоспарын жүзеге асыруды жалғастыру мақсатында Пре­зидент бұл Жолдауда қа­зақ­стандық қоғам өмірінің бар­лық салаларын ары қарай ре­фор­малау бағдарламасын ұсын­ды. Ол мемлекеттік бас­қару, экономиканың нақты секторы, қаржы жүйесі, агро­өнеркәсіптік кешен, білім беру, денсаулық сақтау, мәде­ниет, әлеуметтік қолдау жүйе­сі, зей­нетақы жүйесі, өңірлік саясат бағыттарын қамтиды. Енді біз­дің, Парламент де­пу­тат­тарының алдында Жол­дауды практикалық іске асы­руды тиімді заңнамалық қол­дау­мен қамтамасыз ету мін­деті тұр! – деді Мәжіліс төрағасы.

Нұрлан Зайроллаұлының байламынша, бұл бюджеттік және салықтық жүйені жаң­ғыртуға, бюджет қаржысын тиімді игеруге және мемле­кеттік сатып алуға қатысты болады.

Сонымен бірге, сот және құқық қорғау жүйелерін ре­формалаудың заңнамалық тұ­ғырын түзу міндеті тұр. Де­путаттар сондай-ақ сексуалды зорлық-зомбылыққа, педо­филияға, есірткінің тара­луы­на, адам саудасына және басқа да ауыр қылмыстарға, бра­коньерлерге қарсы заңнаманы қатаңдатуы керек.

– «Цифрлық экономиканы» ілгерілетуге, елдің ақпа­рат­тық-коммуникациялық ин­фра­­құрылымын дамытуға ба­ғытталған заңдар қабыл­дауға тиіспіз. Президент Пар­л­амент алдына Үкіметпен бірлесіп, жер ресурстарын тиімді пай­далану тетігін әзірлеу міндетін белгіледі. Бізді Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы бойынша жұмыс күтіп тұр, – деді Н.Нығ­матулин.

Мұның барлығы Мемлекет басшысы қойған міндеттердің тек бір бөлігі ғана екеніне ек­пін түсірген ол депутаттық корпусты белсенді заңна­ма­лық жұмысқа шақырды.

Бюро жиынында айқын­далғандай, қалаулыларға Мә­жілістің алдағы жалпы оты­рысында палатаға келіп түс­кен жаңа заң жобалары бо­йын­ша қорытынды әзірлеу мер­зімін анықтау керек бо­лады. Оның арасында «Аста­на» халықаралық қаржы ор­талығы туралы» консти­ту­ция­лық заңға конституция­лық түзетулер жобасы, соны­мен қатар қаржылық құжаттар топтамасы – «2020-2022 жыл­дарға арналған респуб­ликалық бюджет туралы», «Ұлттық қордан кепілден­дірілген трансферт туралы», «2020-2022 жылдарға ар­налған республикалық және облыстық бюджеттер, рес­публикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы» заң жобалары бар.   

Үкімет енгізген жаңа жо­балар қатары сондай-ақ қыл­мыстық жолмен алынған та­быстарды заңдастыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерден, «Педагог туралы» және ілеспе заң жобаларынан, еңбек мә­селелері жөніндегі түзету­лерден тұрады.

Бұдан бөлек, Мәжіліс Қа­зақстанның Бразилиямен, Моң­ғолиямен, Өзбекстанмен, Түркиямен, Ресеймен, Ар­ме­ниямен, Шанхай ынтымақ­тастығы ұйымымен, Еуразия­лық одақпен қарым-қатына­сына қатысты бір топ ха­лықаралық құжаттарды рати­фикациялайтын заң жоба­ла­рын да жұмысқа қабылдап алады деп күтілуде.