Бір сынып бірнеше баспа оқулығымен оқиды
Жаңартылған оқу бағдарламасы енгізілгелі бері оқулық сапасына қатысты сын көп айтылды. Техникалық қате көп болды, мазмұнына көңіл толмады, Кембридждің мақтаулы бағдарламасы бізбен үйлеспейді деді. Қалай десек те, кезең-кезеңімен жүзеге асқан білім беру бағдарламасы бойынша оқулықтар толық жазылды. Келесі жылы алғашқы лектегілері қайта басылады. Қазақ тілі оқулығының авторы Бижомарт Қапалбектің айтуынша, бастапқыда кеткен қателерді алда ескерусіз қалдыруға болмайды. «Жаңартылған білім беру бағдарламасын тоқтатып тастап, жаңадан жасау мүмкін емес. Сондықтан енді қайта шығарар кезде ұсыныстарды тыңдау қажет. Бүгінде барлық баспа бір бағдарлама бойынша жұмыс істегенімен, одан шығатын оқулық мазмұны әртүрлі болады. Өйткені оларды бір автор жазбайды. Сондықтан оқулық сапасын жақсарту үшін бағдарлама ғана емес, авторлар да бірыңғай болуы тиіс. Сонымен бірге аударманың «исі» шығып тұратындықтан, көпшіліктің көңілі толмайды. Бұрын Мәскеуде оқулық жазылып, оны бізге аударатын. Бірақ сол аударған адамдардың шеберлігі сондай, әу баста қазақша жазылғандай әсер қалдыратын. Қазір ше? Оқулықтардың дені алдымен орысша жазылады. Баспалар соны аударта салады. Ал одан шығатын нәтиже – сапасыз оқулық. Ондай болмауы үшін оқулық басынан қазақ тілінде, қазақ авторларының бастауымен жазылуы тиіс. Қаншама білім орталықтары бар. Солар неге бірігіп, ойластырып, бір авторды бекітпейді? Бұл мәселе де авторға келіп тіреледі», – дейді Бижомарт Сейсенбекұлы. Балама оқулықтардың кері әсері барын ұстаздар да мойындап отыр. Шымкент қаласындағы №47 мектеп мұғалімі Бибіайша Бейсетаева бір сыныпта бірнеше баспаның оқулығымен оқыту қиын екенін айтады. «Сабақ басталғанда қарасаңыз, бір сыныптағы бес оқушыда – «Арман-ПВ, алты оқушыда – «Мектеп», жеті оқушыда «Атамұра» болып шығады. Сөйтіп, бағдарлама бір болса да, ішіндегі тапсырма мен шығарма әртүрлі. Айталық, бір баспа Шахановтың өлеңінің басын берсе, келесісі ортасынан үзінді береді. Мұның тағы бір жаман тұсы ҰБТ-ға дайындық кезінде байқалады. Әр оқулықта түрліше болған соң кейбірінің оқулығында бар мәлімет кейбірінде жоқ болып шығады. Биыл 11-сынып оқулықтарын таныстырылым кезінде қарап шықтық. Өз басыма «Мектеп» баспасыныкі ұнады. Себебі оқулық бойынша берілген таныстырылым, ондағы мәліметтер, үзінділер көңілге қонымды».Оқулық мазмұны тым ауыр
«Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейіржан Темірбек оқулық сапасы жайлы айтқанда грамматикалық не орфографиялық қателерден бұрын мазмұнын ретке келтіру қажет деп есептейді. «Оқулықтың мазмұны балаға ұғымды, қолжетімді болуы керек. Ал біздегі оқулықтардың көбінің мазмұны ғылымиланған. Авторларға айтса, оқу бағдарламаларына сілтейді. Әзірлеушілері авторларды «бағдарлама бойынша қойылған мақсаттарды түсінбейді» деп кінәлайды. Бұл нені көрсетеді? Бағдарлама әзірлеушілері – өз бетінше бір жақ, оқулық авторлары – бір жақ. Ортасында оқушы зардап шегеді. Оқулықтың авторларына, сарапшыларға курс өткізеді дейді. Сол курста бағдарлама әзірлеушілері дәріс оқыды ма? Бағдарламаның мазмұнын түсіндірді ме? Авторлармен бірлесіп оқулықтың мазмұнына қойылатын талаптарды талқылады ма? Құрылымының негізін жасады ма? Ол курсты ұйымдастырушылар кімдер? Олардың оқулық жазудағы тәжірибелері қандай? Қандай зерттеулер жүргізіп, ғылыми еңбектер шығарды? Әлде сол баяғы әдетінше курс өткізу керек деген соң әр жерден бір жұлып, әйтеуір сертификаттау керек деп шала-пұла оқып шықты ма? Сол авторлар курс туралы, пайдасы туралы неге мақала, жазба жарияламады?Бюджеті мол болса да…
Елордалық ата-ана Гүлжан Қалжанқызы 2-сынып оқитын қызының оқулықтарын алған. Бірақ бәрінің бір түсте болғаны бастауыш сынып оқушысын шатастыратынын айтып отыр. «Класс жетекшіміз кітапханадан алып, оқушыларға таратады. Сақтық шараларын ескеріп, сырттан қол қойып алдық. Бір жаманы, бәрінің түсі бірдей екен. Оқушы ата-анасы қадағаламаса, шатасып басқа пәннің оқулығын алып баруы мүмкін. Шыны керек, кітаптар қолға тигенімен, оның ішін ашып, мазмұнын саралауға уақыт тапшы. Оқу жылы басталғанда ашамыз деп қойып қойдық». Білім және ғылым министрлігі оқулыққа арналған бюджеттің қалай бөлінетіні туралы сұранысымыздың тіркелгенін айтып, жауабын алдағы уақыттың еншісіне қалдырды. Қаражатқа қатысты айтар тағы бір мәлімет – әр аймақтың оқулық пен оқу-әдістемелік кешенді сатып алуға бөлген сомасы. Түркістан облысы – 3 млрд теңге, Алматы облысы – 2,5 млрд теңге, Жамбыл облысы 2 млрд теңгеге сатып алыпты. Бұл мақсатта ең аз шығын кетірген облыстар: Ақмола облысы (0,7 млрд теңге), СҚО, Қостанай, Павлодар облыстары (0,8 млрд теңге). Жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы облыс әкімдері біртіндеп тікелей эфирге шығып жатыр. Сондағы отырыстан алған соңғы мәліметтерге қарасақ, Қостанай облысындағы контингент – 108 мың оқушы. Бір қызығы, оқулыққа аз шығынданып отырған облыспен оқушы саны шамалас Батыс Қазақстан облысы 1,7 млрд теңге жұмсапты. Ал 200 мың оқушысы бар Қарағанды облысы – 1,2 млрд теңге, 168 мың оқушымен Қызылорда облысы – 1 млрд теңгеден астам, 160 мың оқушысы бар Маңғыстау облысы 1,5 млрд теңге бөлген. Бұл ретте техникалық ерекшеліктерге де мән беру керек. Өйткені әр облыстың сатып алатын жабдығы әртүрлі келеді. Оқушы санынан бұрын сатып алатын оқу құралдарының түрі бірдей емес. Мәселен, биыл электронды оқулықтар мен мультимедиа бағдарламалары қосылып жатыр. Ол өнімдердің үлесі жалпы шығынның 0,5 пайызын құрайды. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпарат бойынша, оқу жабдығы жиынтығы ішінде ең ірі сатып алу құны — 5,7 млн теңге. Бұл оқу жабдығы жиынтығына 1 дана интерактив панель, 18 моноблок, 17 құлақтық, 1 колонка кіреді. Электронды оқулықтар ұсынатын «Астана-кітап» жиынтығы 109,9 мың теңге тұрады. Ішінде ғылымның төрт саласы бойынша кітаптар бар. Атап айтқанда, биология (LifeScience), физика (Physical Science), география мен астрономия (Earth and Space) және ғылыми эксперименттер. Әр кітап 6 данадан, барлығы 96 дана. Бұл деректерді Zertteu Research Institute ұсынды. Байқасақ, бюджет аз бөлініп отырған жоқ. Бірақ бұл сапаның көтерілуіне кепілдік бола алмай отыр. Мамандар айтқан мәселелер оң шешімін тапса ғана жоғары сапалы оқулық жайлы сөз қозғауға болатын сыңайлы.Жадыра АҚҚАЙЫР