Отставкаға кететін кім?
Отставкаға кететін кім?
266
оқылды
 Бізде бір шенеунік ұсталса, бірден басшысы отставкаға кете ме деген мәселені талқылай жөнелетін әдет бар. Иә, Елбасы бірнеше жыл бұрын жемқор қызметкердің басшысы өз еркімен қызметінен кетуі керек деген-ді. Бірақ бұл сөз былтыр ғана нормаға айналды. Ал жыл басынан бері бір облыс әкімі мен бір аудан әкіміне жемқорлыққа қатысты айып тағылды. Ел сот шешімін күтіп отыр. Себебі сот үкімі жемқор шенеунікке ғана емес, оның бірінші басшысына да қатысты болмақ.  

Елорда әкімін не күтіп тұр?

Нұр-Сұлтан қаласына қарасты Байқоңыр ауданының әкімі пара алды деп айыпталды, бірақ ол қылмыс үстінде ұсталмаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері  шенеунікті жүйелі түрде пара алады деген күдікпен сыртынан бақылауға алған екен. Соңында әкімнің туысы – Нұртазин деген адамның аудан әкіміне ақша мен бағалы сыйлықтар бергенін анықтапты. Шенеуніктің кінәсін Есілов пен Нұртазиннің телефондағы әңгімелерінің жазбасы,  әкім үйін тінту кезінде табылған iPhone растайды. Тауардың кепіл құжатында «сатып алушы» деген бағанда Нұртазиннің тегі көрсетілген, сондай-ақ ұялы телефон сатып алынған «Есіл» сауда үйінің ұялы телефон сатушысы да  бұл фактіні растаған. Шенеуніктің туысының аудан әкімдігімен өзара байланысы барын осы жағдайға қатысты сұрақ-жауап алынған мемлекеттік орган қызметкерлері де растапты. Тергеудің болжамы бойынша, Нұртазинмен байланысты ком­пания 72 миллион теңгеге жалпы аумақты абаттандыруға тендерден тапсырыс алған. Міне, осы дерек­тің негізінде А.Есілов Қылмыстық кодекстің 366-бабы, яғни «Пара алу» бойынша күдікті ретінде та­нылды, ал Нұртазин Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігі бо­йынша «пара берді» деп айыптал­ды. Әрине, бұл істің ақ-қарасын сот анықтайды. Егер Есіловтің жемқорлық қылмысы дәлелденсе, онда елордалық әкім соттың айып­тау үкімі күшіне енген соң, 10 күн ішінде отставкаға кету туралы өті­ніш беруі керек. Бұл өтінішті «Мем­лекеттік қызмет ту­ралы» заң­ға сәйкес, өзін осы қызметке та­ғайындаған Прези­дентке жі­бе­реді. Астаналық әкім­нің отстав­ка­сы Мемлекет бас­шысының қандай шешім қабыл­дайтынына байл­а­нысты. Ал кеше Үкіметтің кеңей­тілген отыры­сында Президент Нұр-Сұлтанның әкіміне жылы қабақ танытып отырды. Сондық­тан «Есілов ісі» үшін елорда әкі­мінің бас ауырт­пауына болады.  

Комиссия жауап берсін!

Қоғам қайраткері Дос Көшім төмен буын басшының қылмысы үшін өзінен жоғары тұрған басшы жауап берсін дегенді қолдамай­тынын айтады. Оның пікірінше, мұндай жағдайда қала басшысы емес, аудан әкімін қызметке та­ғайындауға келісім берген комис­сия жауапты болуы керек. Себебі оны мемлекеттік қызметке қа­был­дарда комиссия жұмыс істеді, сондықтан бірінші кезекте саяси қызметшіні қызметке өткізген комиссия мен комиссия мүшелері жауап беруі тиіс. – Өйткені олар іріктеу кезінде кадрдың кемшілігін байқай алма­ды, не «бармақ басты, көз қыс­тыға» жол берді. Ендеше комис­сия сенім білдіріп өткізген кадр­дың жем­қорлығы үшін неге ми­нистр мен әкім жауап беруі керек? Ал отс­тав­каға кету-кетпеуді заң­мен мін­дет­темей, басшының ер­кіне қалдыруы керек еді. Осы тұста 1960 жылдағы Германия канцлері Вилли Бранд­тың отставкасы есі­мізге түсіп отыр. Сол жылы Гер­манияны социал-демократтар би­леп тұрды. Сонда бір ми­нистр­дің хатшысы Шығыс Германия­ның жансызы болып шықты. Осы оқиғадан соң канцлер Вилли Бранд отставкаға кетті, ол «мен тағайындаған адамның хат­шысы жансыз болса, ол – менің кемші­лігім» деді. Бұл – әр адамның ішкі мәдениетіне байланысты дүние, – дейді Дос Көшім. Оның айтуынша, бұл шешімді әр шенеуніктің ар сотына қал­дырған жөн. Бірақ осы күнге дейін өзі де солай болып келді емес пе? Қол астындағы қызмет­кері жемқор болса, басшысы отставкаға кету керек деген Ел­басы пікірін елеген­дер болды ма? Еске түсіре алмай тұрмыз. Ал соңғы жылдары отстав­каға кеткен әкімқаралардың қол астындағы қызметкерлердің жем­қорлығына қатысы жоқ. Мысалы, 2018 жылы Өскемен қаласы әкімі Қуат Тұмабаев адам қағып өлтірген көліктің ішінде болғаны үшін басы дауға қалып, қызметімен қош ай­тысты. Онда да ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің сынынан кейін қыз­меттен кету туралы шешім қабыл­дады, әйтпесе қызметін жалғас­тыра берер ме еді? Ал 10 күн бұрын Атырау қаласының әкімі әлеу­мет­тік желідегі парақшасында қыз­мет­тен кеткенін айтып, елмен емен-жарқын қоштасты.    width=

Ар сотына салсақ...

Ал орынбасары парамен ұс­талған Жаңаарқа ауданының әкімі қызметімен қоштасады дегендер­дің үміті ақталмады. 2019 жыл­дың ма­мырында Пре­зидент Қасым-Жо­март Тоқаев жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл мә­селелеріне арнал­ған жиында жем­қорлық бойынша қол астын­дағы қызметкерлердің қыл­мыс­тық әрекеті үшін бірінші басшы­ның жауапты болатынын айтқа­нымен, бұл нормаға қара­шада ғана заңға енгізілді. Ал жа­ңаар­қалық әкімнің орынбасарына қатысты сот үкімі қазан айында шықты. Сөйтіп, Жаңаарқа ауданы әкімінің бірінші орынбасарына 200 мың теңге пара алғаны үшін 6 млн теңге көлемінде айыппұл төлеу міндеттеліп, мемлекеттік қызмет­пен айналысуына тыйым салынды. Аудан басшысына қа­таң сөгіс берілгенімен, ол ор­нын­да қалды, ар сотына салып отс­тавкаға кете қой­мады. Ол түгілі кезінде орын­ба­сарлары істі бол­ған ми­нистрлер де отставкаға кетуге асықпаған. Тіпті, Әділет министрі «біреудің қылмысы үшін неге мен жауап беруім ке­рек?» деп ашуға мінген. Тек Алма­ты облы­сының әкімі Амандық Баталов қана батыл жауап берген. «Орын­басарымның қылмысы дәлелденіп, сот үкімі шықса, қыз­метімнен кетемін, қызмет қуып жүрген адам емеспін, қалған ғұ­мы­рымды неме­релерімді тәр­биелеуге арнаймын» деп еді. Бағы болса керек, орын­басарына та­ғыл­ған айып дәлел­денген жоқ. Өзі де, орынбасары да қызметін жалғастырып жүр. Айт­қандай, 2018 жылдың маусымында Ал­тын­сары Үмбетәлиев Түркістан об­лысы бойынша Мемлекеттік кі­ріс­тер департаментінің жетек­шісі болып жүргенде орынбасары жем­қорлық дауына ілікті. Үм­бетә­­лиев ойланып тұрмады, отс­т­ав­каға кет­ті. Мұндай жағдай өте сирек. Мысалы, 2009 жылы орын­басары ірі көлемде парамен қолға түскен соң, Оңтүстік Қа­зақстан облысы Отырар ауданы әкімі өз еркімен қызметтен кет­кен екен. Олар ар сотына жүгінді, шешім қабылдады.  

Жаңа заңның осал тұсы

Былтыр қосшысының қыл­мысы үшін басшысы жауап бе­ретін норма енгізілгенде, көктен күткені жерден табылғандай қуан­ғандар болды. Себебі қоғамда орынбасары жемқор болса, бас­шысы сау дейсің бе деген түсінік қалыптасқан. Қанша адам болса, сонша пікірдің айтылуы заңды да. Ал жаңа норма жемқорлықты қаншалықты азайта алады? Әлеу­меттанушы Серік Бейсенбаевтың айтуынша, жаңа норманың қан­дай нәтиже берерін болжауға ерте, бірақ белгілі бір деңгейдегі қатерін ескеру қажет. – Бұл коррупцияны жеңуге мүмкіндік беретін заң болып кө­рінгенімен, оған дәл қазір баға беру қиын. Жарты жыл өткен соң қорытынды шығаруға болар. Алай­да қандай тәуекелдер бола­тынын ескеруіміз керек. Мысалы, аудан әкімі жемқорлық үстінде ұсталса, онда облыс әкімі қызмет­тен кетуі керек. Өзінің қызметтен кету қау­пін білетін облыс бас­шысы өз ор­нын сақтап қалу үшін іске белгілі бір түрде ықпал етуі ықтимал. Со­дан іс әділ қарасты­рылмауы мүм­кін, осындай қатер­лер еске­рілуі керек, – дейді ол. Осы тұста 18 қаңтарда Алматы қаласына қарасты Алатау ауда­нының экс-әкімі мен оның орын­басары, аудан әкімі аппаратының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының жемқорлық ісі бойынша қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын еске алуға тұра келеді. Олар Өңірлерді да­мытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген. Қызығы сол, Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызмет таратқан хабарламаның алғашқы нұсқасында Ш.Рыспаев «аудан әкімі» деп көрсетілді, кейін «экс-әкім» деп түзетілді. Біз Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы қыз­меттің баспасөз қызметінен осы­ның мән-жайын, сондай-ақ Рыс­паевтың нақты қай күні ұстал­ға­нын сұрап ек, «бұл құпия мәлімет» деген жауап алдық. 18 қаң­тарда ұсталғанын да раста­мады. Егер жемқорлық қылмы­сына қатысты ұсталғандарды алдын ала тергеп, одан БАҚ-қа ресми ақпарат таратуға дайын­да­луға біраз уақыт кететінін ескер­сек, онда Рыспаев 18-інен бұрын ұсталған болмай ма? Біздің біле­тініміз, экс-әкім 17 қаң­тар күні өз еркімен қызметінен босатылған және сол күні-ақ оның орнына су жаңа әкім тағайын­далған. Бұл кездейсоқтық па?..  

P.S:

Қалай болғанда да, жаңа заңға сәйкес, енді мемлекеттік сая­си қызметшілердің арасында орын­басарының жемқорлығы үшін бас­шысы отставкаға өтініш жаза­ды, бірақ бұл оның қызметтен ке­тетінін білдірмейді, себебі шешімді бас­шы­ны тағайындаған басшы қабыл­дайды. Заң солай дейді. Бі­рақ сол заңда министр мен облыс және республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің жемқорлық қылмысына қатысты кімнің жа­уап­ты болатыны анық емес. Бәл­кім, заң жобасын жасағандар ми­нистрлер мен әкім­дер­дің жемқор­лық­қа үйір бол­майтынына бек се­німді болды ма екен? Бірақ күні ке­ше елді елең еткізген «Бақауов ісін» ескерсек, заңды қайта түзеу ке­рек болмай ма? Егер министр мен облыс әкімінің жемқорлығы сотта дәлелденсе, кімнің отставкаға ке­те­тіні белгісіз. Мұндайда «ет са­сы­са, тұз себер, тұз сасыса не себердеген тәмсіл еске түседі екен...

   width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ