– Президенттің алғашқы Жолдауын халық үмітпен күтті. Жолдау Президенттің сайлауалды платформасын іске асыруға бағытталды. Сондықтан көңілге қонымды тұстары көп. Ең бастысы – қазіргі саяси реформалардың жалғасуы. Тиімді мемлекеттік басқару, бюджетті тиімді жұмсау жағын алға тартқым келеді. Жолдауда бұл жақсы айтылған. Халыққа жаны ашитын мамандар, саясаткерлер қажет. Көңілге қонымдысы – қазақ тілінің ұлтаралық тіл дәрежесіне көтерілуі. Бұл да – қоғам болып атсалысатын басым бағыттың бірі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде Алтын Орданың 750 жылдығы айтылды. Әрине, бұл этнотуризмді дамыту бағытында көтерілді. Мұны тек этнотуризм деп емес, тереңінен қарап көрсек. Біріншіден, біздің алпауыт империяның мұрагері екенімізді айқындайтын жайт. Әлем назарын аударарлық ақпар. Президент Ұлытауда осыған қатысты бірқатар тапсырма берді. Ел болып орындасақ, нәтижелі жұмыс болмақ. Бір жағынан алып қарасақ, геосаяси жоба. Себебі, Алтын Орданың құрамында Қырым хандығы, Ресей болса, қара шаңырағы – Ұлытау!
Ауылды қолдауға қомақты қаражат бөліп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына қосымша 90 млрд бөлді. Бұл – елдімекен мен ауылды дамытуға берілген үлкен мүмкіндік. Бір жағынан ауыл әкімдерінің сыналар тұсы. Барлығы халық әлеуетін көтеруге бағытталған.