Қорқорды енді тек үйде шегесіз
Қорқорды енді тек үйде шегесіз
148
оқылды
Қоғамдық орындарда қорқор, электронды темекі және темекі өнімдерінің барлығын шегуге болмайды. Аталған орындардың қатарына балалар алаңы, автобус аялдамасы, метро және жер өткел­дері де енді. Нұр-Сұлтандағы жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғосман Жакиннің ай­туынша, тәртіп бұзғандардың тұрақты тіркеуі тексеріліп, айып­пұл салынады. Сондай-ақ темекі мен түрлі қоспаны тек 21 жастан бастап сатып алуға рұқсат етіледі. Сатушылар тұты­нушыдан жеке құжатын көрсетуді талап етуі керек. – Біздің жастар әртүрлі орын­да қорқорды жиі шегеді. Жақында кафелерде, қо­ғамдық орындар мен көшелерде оларды пайда­лануға тыйым салынады. Сондық­тан адамдар қорқорды тек үйде ғана тарта алады, – дейді алкоголь және темекі өнім­дерін сату қауым­дастығының атқарушы директоры Темірлан Жақыпбеков. Мейрамхана сөрелерінде те­ме­кі мен қорқор қоспалары көр­се­тілмейтін болды. Тәртіп бұзған азаматтар 42 000 теңге айыппұл төлейді. Жалпы, жаңар­тылған заңда қоғамдық орындарда темекі шегуге толық тыйым салу қарас­тырылған. Ал бұл кальян барлар каран­тиннен кейін жабы­латынын ай­ғақтайды. Атал­мыш ереже келесі жылдан бастап толықтай күшіне енеді екен. Жуықта елорда әкімдігінің мобильді тобы қаладағы бірқатар мейрамхана мен кафеге рейд жүр­гізді. Тексеріс кезінде келушілерге қорқор ұсынған бірнеше мекемені анықтады. Оларға санитарлық нормалар мен ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауап­кершілік жүктеледі. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты ха­барлады. Құқық қорғау органдары, санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер мен БАҚ өкіл­дерінен тұратын мобильді топтың бірінші сапары «Мәскеу» бизнес орта­лығының ғимаратында орна­ласқан мейрамхана болды. Мей­рамханаға келушілер әкім­шілік эпиде­мио­логтар мен поли­цейлерге қор­қорды қоғамдық орындарда қол­дануға тыйым салынғанын біл­мегенін айтып ақталды. – Аталған мекеме бойынша құқықбұзушылық тіркелді. Ка­рантин режимін сақтамай, ереже бұзылған. Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салынады. Бұл жағдайда мекеме әкімшілігінің әрекеті Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы ко­декстің 463-бабына, 3-бөліміне жатады, – деді Есіл аудандық тауар мен көрсетілген қыз­меттердің сапасын бақылау бас­қармасының басшысы Арман Құрбанов. Карантин кезінде Р.Қош­қар­баев көшесінде орналасқан мей­рам­ханалардың бірінде топ­тасып қорқор шегіп отырған адам­дар ұсталды. Олардың көп­шілігі ара­қашықтық сақта­маған. Ес­теріңізге сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтанда сани­тарлық норма­ларды сақта­мағаны үшін 120 нысан жа­был­ды, оның ішінде құрылыс ком­паниялары да бар. 150 кәсіп­орын ескерту алды, бір бөлігіне айыппұл салынды. Өз кезегінде қазақстандық рес­то­­раторлар қоғамдық орын­дарда қорқор шегуге тыйым са­лын­ғанына наразылығын білді­руде. Кәсіпкерлер жаңа заң оларды тапқан табысының үштен бір бөлігінен айыратынын айтып ша­ғымданды. Олар нара­зылықтарын ресми түрде Пар­ламентке және Денсаулық сақтау министрлігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер пала­та­сына ұсын­бақшы. Ал «Темекі түтінінен босатылған Қазақстан үшін» ұлттық коа­лициясының жетек­шісі Жәмила Садықова өз ден­саулығын зақы­мдағанымен қой­май жа­нындағы өзге адам­дарды да түтін­мен тұншық­тыра­тын­дарға қарсы шара­лар­дың қолға алынып жат­қанын дұрыс деп санайды. Қазіргі кезде мамандар қорқор инфекцияның нағыз қайнар көзі екенін айтып дабыл қағуда. Ол бірінші кезекте ауамен берілетін жұқпалы аурулардың таралуын арт­тырады екен. Британдық дәрі­герлер оның залалын үш қо­рап темекі шеккенмен бірдей десе, «Салауатты өмір салты» ор­талы­ғының мамандары жұқпалы ауру­лар да осы қорқор арқылы та­ралуы мүмкін екенін айтып отыр. Әлем­нің біраз елдерінде қорқорға тыйым салынған. Атап айтқанда, Грузияда қорқор те­мекіге теңес­тірілген. Көршілес Өзбекстан да қорқорға әлдеқашан тыйым салған болатын. Фран­цияда 2007 жылдан бастап Эсто­ния мен Финляндияда 2008 жылы шектеу қойды. Сондай-ақ Бель­гия, Литва, Испания, Түр­кияда да қорқорға қарсы шек­теулер қа­былданған. Жетекші сарапшылардың ай­туынша, қорқорды жиі шегетін адамдарда бауыр, өкпе, бүйрек, жүрек, қуық, жатыр мойын­шағы обыры сынды айық­пас дерттер мен туберкулез жиі тіркеледі екен. Қор­қордың өзінен ішек және көк іріңді таяқшалар, зең, ашытқыш саңы­рауқұлақтар, стафилококк ауреус табылған. Мұның өзі аталған өнімнің адам ағзасына орасан зор қауіп төн­діретінін аңғартса керек. Қалай дегенде де, бұл шешім қазақстандықтар үшін күтпеген жағдайлардың бірі болды. Бү­гінде қорқор шегушілер жап­пай басқа әдіске көшіп жатыр. Яғни, қор­қорды үйіне тапсы­рыспен ал­дырады. Қазірдің өзін­де тап­сырыс берушілер интернет сау­дасын қыздыруды бастап кеткен. Соның нәти­жесінде ин­тернетте қорқор жалдау туралы ұсыныстар күннен-күнге артып жатқан көрінеді. Енді үйдің ішінде қор­қор шегіп отыр­ған­дарды көр­сеңіз таңғал­маңыз.  

Абылайхан ЖҰМАШ