– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар маңызды мәселені қарастырып өтті. Солардың бірі – тіл мәселесі. Қасым-Жомарт Кемелұлы тіл мәселесін көтеріп, үлкен бастамаға кезек берді. Жолдауда білім мәселесі де назардан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Кемелұлы білім беру сапасын жақсарту, мамандар даярлаудың отандық жүйесін жетілдіру туралы айтты. Ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығын меңзеп, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажеттігін тілге тиек етті. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар мемлектеттік органдардың қызметіне халық тарапынан баға берілуі қажеттігін айтып, жергілікті биліктің жұмысын бағалау жүйесін енгізу бойынша жоба әзірлеу мүмкіндігі туралы сөз қозғады.
Жоғарыда аталған мәселелер – Жолдаудың тек аз ғана бөлігі. Президентіміз халыққа берген уәделерін мүлтіксіз орындайтынын айтып, жоғарғы билік орган қызметіне жаңа серпіліс берді. Алда үлкен өзгерістер мен көптеген шараның жүзеге асырылуы күтіп тұрғаны анық.