Жазу-сызу айналасында жүрген ағайын Орынбек Жолдыбай есімді азаматты жақсы білсе керек. Сонымен бірге, былайғы жұрт оны соңғы жылдары мемлекеттік қызметкер ретінде де таныды. Атап айтқанда 1992 жылдан бастап зейнеткерлік жасына жеткен 2012 жылға дейін Президент пен Министрлер кабинетінің аппараттарында, Сенат аппаратында абыройлы еңбек етті. Осы жылдар ішінде ол Nur Otan партиясының мүшесі ретінде қоғам жұмысына белсене араласып, үлгілі еңбегінің жемісін де көрді. Президент Жарлығымен бірнеше медальмен наградталды, Сенат Төрағасының Құрмет грамоталарымен, алғысхаттарымен марапатталды.
Ол - қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар, ерте танылған әрі әлі күнге қолынан қаламын түсірмей, көсемсөз өнерінде өз соқпағын қалыптастырып, ақ қағазға асыл ойларымен өрнек салып келе жатқан белгілі азамат.
Біз білетін белгілі журналист, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Орынбек Жолдыбайдың қаламынан бүгінге дейін көп дүние туды. «Замана келбеті», «Уақыт лебі», «Өткен жылдар өрнегі», «Жан сырым» секілді көркем-публицистикалық кітаптары жарық көрді. Ал «Академик Р.Бердібай зерттеулеріндегі түрікшілдік сарындары» деген кітабында жаңа сапада көрініп, дәйекті ғылыми зерттеушілік қырымен танылды.
Орынбек тындырған әлуетті істің бірі – ХІХ ғасырдағы халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Құлыншақ Кемелұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, ақынның ел аузында жүрген шығармаларын жинақтап, құрастырып, алғысөзін жазып, 2005, 2006, 2013, 2015 жылдары түрлі баспалардан төрт рет кітап етіп шығаруы. Сондай-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Қуаныш Айтаханов туралы «Азамат ажары» атты жинақ құрастырып шығарды. Бұдан кейін сұхбаттасушы журналист ретінде тартымды әңгіме-дүкен жүргізіп, Қ.Айтахановтың 2017 жылы баспадан шыққан «Өмір белестері» атты көлемді еңбегінің оқырман ықыласына бөленуіне шығармашылық үлесін қосты.
Ал жақында қолымызға тиген «Жолдас болсаң жақсымен...» атты көлемді еңбегі әртүрлі жанрда, әр кезеңде жазылған журналистік еңбектері болса да, біз оның бәрін тұтас қамтымай, журналистің кейіпкер тұлғасын заман-қоғам-адам аясында ашып көрсеткен, шығармашылық ұмтылыстың ұтымды жемісі болып шыққан жекелеген туындыларына тоқталмақпыз. Осы орайдағы жол ашар сөз: кітаптағы әр шығарма мазмұнына тереңдеген сайын, өз ортамызда жүрген, бәріміз білеміз дейтін, көпке танымал, елге белгілі кейіпкерлерінің – «жолдас болған жақсылардың» бейнесі Орынбектің қаламының ұшымен одан ары ұшталып, әр қырынан жетіле, жарқырай көрінетіндігі.
Орынбек Жолдыбайдың жырдай төгілген желісті жазбаларын зерделей отырып, өзіміз «өлді» деп жүрген очерк жанрының тірілгенін аңғарғандай болдық. Соның ішінде, портреттік очерктің. Газеттің романы сияқты жетекші жанрдың жоғалып кеткеніне көп болып еді... Қазіргі баспасөзден баяғы сан түрлі көркем-публицистикалық очеркті көре алмай жүргенбіз... «Қоғам өмірі очеркке лайық емес пе?» деген ой да көңілді бөле беретін... Жанрдың даму заңдылығы бойынша, қалай болғанда да, замани («современный» деген сөздің дұрыс баламасы осы болса керек; көп уақыт «қазіргі заманғы» деп жазып келдік; соңғы уақытта «заманауи» шықты) очерк бір биіктен бой көрсетіп, жаңарып, қайта танылуы керек еді... Соны Орынбек Жолдыбайдың осы жинағынан тауып отырмыз және очерктің бұл заманға бейімделген қолайлы нысаны - портреттік түрін танып отырмыз.
Журналист жинағының тәнті болатын бір жетістігі осында болса керек. Өйткені Орынбек кейіпкерлерінің осалы жоқ. Мәселен, «Қызығым да, рақатым да, қасіретім де – қазақ...» деген шығармасына назар аударып көрейік. Бас тақырыбы – кейіпкердің төл сөзі болғанымен, ар жағынан автордың да түпқазық ұстанымын сезуге болады. Яғни, ұлт ұраны, ұлт мақсаты, ұлт арманы жолындағы қызмет қазақы қасиеттері мол Орынбек Жолдыбай үшін де алыс тұрған жоқ.
Академик Рахманқұл Бердібайдың роман жанрын зерттеуге, фольклортану саласына, әдебиеттердің өзара байланысына, әдебиет сынына, тарихына, түркі әлемінің әдеби байлығына бағышталған күрделі зерттеу еңбектері – ұлттық қазынамыздың құтты қайнарларына айналған шығармалардың шоғыры, тұтас та бай шығармашылық. Автор осының бәріне сүйене отырып, ғылыми шығармашылығын ел мүддесі жолындағы табанды күрескерлікпен тығыз байланыстырған көрнекті ғалымның тұлғасын – «Рахманқұл Бердібай феноменін» ашуға тырысады. Бұл үшін «Елді дүрліктірген мақала», «Тарихи романдарды талдаудың түпкі мәні», «Ежелгі елдікті насихаттаушы» сияқты т.б. осындай демеуші мәселелік-тақырыптық детальдарды тиімді пайдаланған.
«Парасат биігінде» деп аталған келесі еңбек «адамгершілік, ізгілік, парасаттылық, тіліне, еліне, жеріне деген адалдық тәрізді ұлтымыздың небір жақсы қасиеттерін өн бойына жинақтаған асыл азамат» Өмірзақ Озғанбайұлы жайында сыр шертеді. Қоғамға танымал қайраткердің өнегелі өмір жолын баяндай отырып, автор саналы ғұмырдың жарты ғасырға жуық бөлігін тәлім-тәрбие, білім-ғылым саласына арнаған азаматтың тұлғалық тұғырға көтерілу кезеңдерін нанымды көрсетеді. Ұстаз-ғалым Өмірзақ Озғанбайұлының Парламент депутаты, Сенат комитетінің төрағасы ретінде біраз жыл заң шығармашылығымен айналысып, ел тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосқаны, бүгінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігін басқарып отырғаны баяндалады. Қай жерде қызмет істесе де жаңалықты, жаңашылдықты жалау ететін азаматтың әр кезеңдегі ұтымды ұйымдастырушылық істерін нақты мысалдармен көрсетеді. Айтса айтқандай, Өмірзақ Озғанбайұлының «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» кітабы Ұлы даламыздан Думаға сайланған қазақ депутаттары туралы бұрын еш жерде жарияланбаған жаңа мәліметтерді айналымға қосуымен, ұлт тарихының жұмбақ парағын ашуымен құнды екендігі кезінде лайықты бағаланды. Міне, автор осындай нақты материалдарды таңдап ала отырып, шығарма мазмұнын байыта түскен, кейіпкер бейнесін осындай фактілер аясында ашуға ұмтылған.
Әдетте портреттік очерк ойдан шығарудан ада, кейіпкердің өмір жолын тұтастай не оның өмірбаянының үзіктерін баяндай көрсетуден түзіледі. Зерттеушілер портреттік очерктің кейіпкері тіпті де ұлы адам болуы міндетті емес деп санайды. Ең бастысы – автор өз кейіпкерін қалай таниды, оның қай қасиетін жоғары бағалайды және ол авторды қандай сыр-сымбатымен өзіне тартты – міне туынды осындай даралығымен оқшау тұруға тиіс.
Орынбек Жолдыбайдың жаңа жинағындағы портреттерді одан ары пайымдау арқылы мұның дәлелділігіне көз жеткізуге болады. Ол әдебиетші ғалым Дандай Ысқақұлы («Әдебиетпен өрілген өмір»), профессор, дәрігер Полат Қазымбет («Мұғалімнің баласы»), экономист Батырхан Мерғалиев («Сабырлы, қайсар, мейірбан»), сыншы Сайлаубек Жұмабек («Абзал азамат, жанашыр ағам еді»), жазушылар Кеңес Юсуп («Талант қырлары») пен Сейітқұл Оспанов («Үнсіз ұғысу»), журналистер Бақыт Әзірбаев («Тектінің тұяғы»), Сембай Қисымов («Адал, шыншыл жан еді»), Махамбет Жәмекұлы («Өнерімен өрге жүзген жан еді»), Нұртілеу Иманғалиұлы («Майталман»), Әбдімүтәл Әлібеков («Адалдық») және басқалар туралы әңгімелей отырып, таныс-бейтаныс бейнелерді оқырманға өзіндік ерекшеліктерімен ұсынады.
Жазушы Кеңес Юсуптың қаламгерлік шеберлігі Колумбия жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Габриэль Гарсиа Маркестің сол тұста он миллион дана таралыммен әлемнің 32 тілінде сөйлеп үлгірген «Жүз жылдық жалғыздық» романын тұңғыш рет қазақшаға аударған теңдессіз аудармашылық өнерінен көрініп еді. 1985 жылы ана тілімізде алғаш жарық көрген осы әйгілі шығарма бірнеше мәрте қайта басылса да, күні бүгінге дейін қазақтың төл туындысы тәрізді рухани әсерін жоғалтқан емес. «Талант қырлары» очеркінде авторды Кеңес Юсуптың шығармашылық зертханасының осы зерзаты өзіне көбірек үйіргені бірден байқалады. Аталған қаламгер жалпы адами қасиеттерімен де автор үшін бұл өмірде аға тұтқан аяулы азғантай арыстар шоғырында болғаны сезілмей қалмайды. «Жазушы өз шығармаларында кейіпкерлерін қандай адал, қайырымды бейнеде көрсетуге ұмтылса, өмірде өзі де дәл сондай айналасындағыларға қайырымды» деген сөздері бәріміз білген қайран Кенекеңнің жадымызда қалған келбетін кеңейте түседі...
Оның әкесі Қазымбет Дәрімбайұлы өткен ғасырдың 30-жылдары Түркістандағы мұғалімдер курсын бітіріп, ел арасында сауатсыздықты жою науқанына қызу араласады. Жаңа жерлерді игеру науқаны тұсында Оңтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы Мақтаарал ауданына көшіп барып, қазіргі Асық ата ауылындағы мектептің іргетасын өз қолымен қалайды. Бала оқытуды әуелі үш киіз үйде бастайды, кейін мектеп үйін салады. Осының бәрінің ұйымдастырушысы да, құрылысшысы да Қазымбет Дәрімбайұлының өзі болады. Соғыс жылдары майданға аттанып, одан ауыр жараланып, елге оралады. Келісімен тағы да шәкірт тәрбиесіне кіріседі. Ауылдастары арасында «Қазымбет мұғалім» атанған ақсақал 90 жасқа келіп, сегіз перзент сүйіп, үбірлі-шүбірлі болып дүниеден озады. Очерк кейіпкері – Полат Қазымбет асылсүйек абзал әкеден өрбіген сегіз перзенттің екіншісі екен.
Орынбектің бір топ очерктері дүниеден өткен әріптестері туралы топтамадан тұрады. Бұлар өзгеше сезіммен оқылатын дүниелер. Ғылым мен қаламды қатар алып жүрген «адал, шыншыл жан...» Сембай Қисымов, «Өнерімен өрге жүзген...» Махамбет Жәмекұлы, мөлдіреген әңгімелерімен оқырман ықыласына бөленген Сейітқұл Оспанов... Әсіресе, Сейітқұл туралы жазғаны... Бұрын баспасөзден оқып сүйсінген Орынбекше жазуға енді тағы тәнті болып отырмыз. Орынбектің осы «Үнсіз ұғысу» очеркін марқұм Сейітқұл туралы замандастары жазған естелік дүниелердің ең басына қоюға болар еді. Бұл өзгеше бір ықыласпен, әдемі штрих-детальдармен Сейітқұлдың адами һәм жазушылық тұлғасын риясыз ашып көрсеткен шығарма. Қараңызшы: «Қашан көрсең де томаға-тұйықтау мінезінен бір танбайтын, бірақ сол бір момақан кейпімен-ақ адамды өзіне баурайтын, онымен сөйлескің кеп, жақындасқың кеп тұратын тартымдылық бар-ды бойында. Сені іш тартатынын үндемей жүріп те сездіре білетін қасиетті содан көрдім. Көрдім де, өзімде де оған деген бір ілтипаттың пайда болғанын байқадым. Басқаны қайдам, екеуміз осылай табыстық», – дейді автор. Екеуара өмір бойы жалғасқан үнсіз ұғысу – бүкіл очерктің кілті. «Ағыл-тегіл сыр ақтарысу, шер тарқатысу деген ұғым ойымызға кіріп те шыққан емес. Бірақ бәрібір жылылық, бәрібір жақындық сезіліп тұратын арамызда», – дейді ол тағы да...
Түйіндей келгенде, Орынбек Жолдыбай сынды тәжірибелі қаламгердің шығармашылық жетістіктері туралы айтылар әңгімелердің алды-арты бұл бола қоймас, әрине. Әлі де игі тұрғыда тілге тиек болатыны сөзсіз. Ал жетпіс атты жемісті жастың белесіне көтерілген сәтінде портреттік очерктің әдемі үлгісін көрсеткен Орынбек мырзаның қаламгерлік зертханасының бұл ерекшелігін оның атамыс жинағының жұртшылыққа жария етер жетістігі ретінде қабылдауға болар еді деп ойлаймыз.
Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымдарының докторы,
Мәскеу