Жақында облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев жағдайды өз көзімен көру мақсатында Ақсу ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының түйткілді тұстарына үңіліп қайтты. Құрылысы аяқталған «Қызылағаш» су қоймасына қатысты әзірленіп жатқан жоба жұмысымен және суармалы жерлерге судың жеткізілу барысымен де танысты. «Қызылағаш» су қоймасының сыйымдылығы – 42 миллион текше метр. Су қоймасы толса, ондағы су жеті мың гектарға жуық жерді суаруға жетеді. Қазіргі уақытта жиналған суды тиімді пайдалану мақсатында қойманы автоматтандыру және алқаптарға су құбырын тарту бойынша жоба әзірленуде. Құны – 8,9 миллиард теңгеге бағаланған жоба іске асса, ауданда су тапшылығы мүлде жойылып, ылғал егістік алқапқа құбырлар арқылы шығынсыз жетеді. Дегенмен биылғы су тапшылығына қарамастан, аудан бойынша 126,6 мың тонна қант қызылшасы, 74 мың тонна масақты дәнді дақылдар, 31 мың тонна майлы дақыл және 30 мың тонна картоп алу жоспарланыпты. «Қызылағаш» су қоймасына жиналған сумен егістік алқаптар суарылу басталған. Алайда алқапқа жеткенше біраз су жерге сіңіп, азайып қалады екен. Бұған арықтардың тазаланбауы мен су құбырларының жоғы себепкер. Серік Мэлсұлы «Квитко» шаруа қожалығының қант қызылша алқабына барып, өңірдегі шаруашылықтар жетекшілерімен жүздесті. Оларды да су тапшылығы алаңдатады екен. – Қант қызылшасы осыған дейін бір рет қана суарылды. Енді екінші мәрте суғаруға кірістік. Су алу үшін кезекке тұрамыз. Алқабымыз жоспар бойынша екі апта бұрын суарылуы керек еді. Тәтті түбірдің бағасы төрт жыл болды өзгерген жоқ. Ал қалғанының барлығы қымбаттады. Бізге де баға қосса деген ұсынысымыз бар. Себебі, техникамыз бұзылып бөлшекті қымбатқа сатып аламыз, адам жалдап, ақысын төлейміз, – деді «Квитко» шаруа қожалығының жетекшісі Александр Квитко. Сол жерде жобаға енбей қалған алқаптары бар шаруа қожалықтарының жетекшілері өз егістіктерін де жобаға енгізуді өтінді. Ал «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС директорының орынбасары Әмір Изембаев сүтті-тауарлы ферма құрудың жобасымен таныстырып, жеңілдікпен несие алуға көмектесуді сұрады. Облыс әкімінің орынбасары Құрақсу ауылындағы «Қаратал» ЖШС тірлігімен де танысты. Серіктестік балық өсіріп, көбейту мақсатында өзенге 7 миллион сазан шабағын жіберіпті. Шаруашылықтың болашаққа бағыттаған жоспары да мықты. Сапар соңында «Ақсу» қант зауытына бас сұққан Серік Мэлсұлы зауыттың қауырт кезеңге дайындық барысын сұрады. Зауыт директоры Самат Надирбаевтың айтуынша, мұнда 175 адам жұмыс істейді. Биыл үш ауданнан 150-200 мың тонна қант қызылшасын қабылдау жоспарланған. – Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Ақсу ауданын араладым. «Қызылағаш» су қоймасын көрдік, қазір ол қайтадан орнына келіп қалды. Су құбырларын тарту бойынша үлкен жоба бар. Ақсу ауданында қосымша 7 мың гектарға дейін суармалы жер болады. Облыста 140 мыңға дейін суармалы жерлер қосылады. «Ақсу қант» зауыты көп уақыттан бері жұмыс істемеген еді. Үш жылдан бері қайта қант шығаруда. Басты мәселе – зауытты қызылшамен қамтамасыз ету. Биыл жауын-шашын, су көлемі де аз болды. Соған қарамастан, толықтай қамтамасыз етеміз деп ойлаймын, – деген облыс әкімінің орынбасары қозғалған мәселелер шешімін тауып, ұсыныстар ескерілетінін жеткізді.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы.