Кранның төбесінен секірмек болған экс-полицейге қатысты оқиғаның мән-жайы анықталды
Кранның төбесінен секірмек болған экс-полицейге қатысты оқиғаның мән-жайы анықталды
Фото: Интернеттен алынды
145
оқылды
Құрылыс алаңында тұрған биік кранның басына шығып, талабын айтқан ер адамды құтқарушылар мен полицейлер төменге түсірді. Дереккөздің жазуынша, экс-полицей тәртіптік комиссиясының шешімімен 10 тамызда ішкі істер органдарынан жұмыстан босатылған екен.
«Оның қызметтен босатылуына бірнеше себеп болды. Ең алдымен, полиция қызметкері қызметтік тәртіпті өрескел бұзған. Бұрынғы әйеліне үнемі қол көтеріп, зорлық-зомбылық көрсеткен. Осыған орай, «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 80-бабы, 1-тармағының 12-тармақшасына («қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін») сәйкес атқарып отырған лауазымынан және қайта  қалпына келтіру құқығынсыз ішкі істер органдарынан босатылды» делінген хабарламада.
Сондай-ақ, экс-полицейге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы («денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша бұрынғы жұбайына дене жарақатын салу фактісі негізінде әкімшілік материал сотқа жіберілген, – деп жазады «Спутник Қазақстан».
«Сот отырысы 10 тамыз сағат 16.00-ге белгіленгенін біле тұра, ер адам сотқа келмеді. Оның орнына сағат 15.40 шамасында ол Рысқұлбеков көшесіндегі құрылыс нысаны аумағында орналасқан мұнаралы кранға шығып алған. Осылайша, ол қабылданған шешіммен келіспейтінін білдіріп, қоғамдық резонанс туғызуға тырысты» делінген ақпаратта.
Ол кранның басында отырып, жұмыстан босату туралы бұйрықтың күшін жою, әкімшілік іс жүргізуді тоқтату және 2015 жылы ажырасқан бұрынғы әйелінің көпшілік алдында кешірім сұрауын талап еткен. Оқиғаға байланысты тергеу әлі жүргізіліп жатыр.