Президент кубогы сарапқа салынды

Президент кубогы сарапқа салынды

«Астана Арена» стадионында Конституция күніне орай журналистер арасында футболдан Президент кубогы сарапқа салынды. Республикалық деңгейде өткен доп додасына еліміздің 11 аймағынан келген 25 команда қатысты.

Спорттық шарада Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан Президентінің бас­па­сөз хатшысы Берік Уәли, рес­пуб­ликалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Дархан Қыдырәлі сөз сөйлеп, қатысу­шы­ларға сәттілік тіледі.

– Қазақстан Президентінің жүлдесі үшін шағын футболдан республикалық турнир Конс­ти­туция күніне орай арнайы ұйым­дас­тырылып отыр. Турнирдің мақсаты – БАҚ қызметкерлері арасында саламатты өмір салтын наси­хаттап, әріптестік және дос­тық қарым-қатынасты ны­ғайту. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баста­ма­мыз­ға қолдау білдіргенін айта кеткен жөн. Спорттық шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар, – деді Президент­тің баспасөз хатшысы Берік Уәли.



Командалар арасынан фи­нал­ға Qazsport пен «Хабар» жолдама алды. Ақтық сында қос команда да жеңіс үшін барын салды. Дегенмен BAQ league-ның алты дүркін чемпионы атанған «Хабар» командасының қарқыны мықты болды. Олар матч бастала сала ойынды толықтай өз қолына алып, қарсылас қақпасына жиі қауіп төндірді. Қорғаныста да аса сақ ойнады. Тартысты өткен кездесу 5-2 есебімен аяқталды. Турнир қорытындысы бойынша «Хабар» командасы жеңімпаз атанып, 1 500 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Марапаттау рәсімінде Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәлік Мырзалин жеңімпаздарға Президент кубогын табыстады. Ал жүлделі екінші орын алған Qazsport телеарнасына 700 000 теңгенің сертификаты берілді. Қола жүлдегер атанған «Хабар 24» командасы 300 000 теңгені еншіледі. Сондай-ақ жарыста үздік шыққан футболшылар арасынан жекелей номинация иегерлері анықталып, оларға 100 000 теңге сыйақы тағайындалды.


Жасыл алаңда керемет ойы­нымен көзге түсіп, қарсыластар қақпасына 9 доп салған Әлішер Келгенбай («Хабар») турнирдің үздік сұрмергені атанды. Коман­да­ластарын алға жетелеп, көрер­мен көзайымына айналған Ерке­бұ­лан Алдаберген («Егемен Қа­зақ­­стан») – үздік қақпашы, Мақ­­­сат Сержан («Түркістан») – үздік қорғаушы, Әділбек Жақа­нов («Ақмешіт») – үздік ша­буыл­шы, Нұржан Туғанбай («Тараз») – үздік ойыншы деп танылды.

– БАҚ қызметкерлері ара­сын­да «Астана Аренада» фут­бол­дан тамаша турнир өтті. Рес­пуб­ли­ка бойынша бас-аяғы 25 ко­ман­да қатысты. «Тараз» құрамасы лайықты өнер көрсеткенімен бұл жолы жүлделі орын бұйырмады. Десек те, Президент кубогы тур­ни­рінің үздік ойыншысы атандым. Бәсі биік доданың ұйымдастырушысы – Берік Уәли мен BAQ league жобасының жетекшісі Әзиз Жұмаділге алғыс білдіреміз. Барлық жеңімпаз, жүлдегер әріптестерді марапаты­мен құттықтаймын, – деді Нұржан Туғанбай.

Айта кетейік, футболдан журналистер арасында өтетін Президент кубогы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыры­ла­тын болды. Сондай-ақ турнирге қатысатын командалар санын арттыру да жоспарлануда.


Әбілмансұр ЖАСАН