Әне-міне дегенше BAQ league-ның VI маусымы да мәресіне жетті. Бірінші маусымнан бері бас бәйгені ешкімге бермей келе жатқан «Хабар» биыл да жүрісінен жаңылған жоқ. «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығы аясында өткен маусымда бас жүлдені кезекті рет жеңіп алды.
Маусымның орта тұсында «Ел арнадан» жеңіліп, «Астана ТВ» командасымен тең түскенімен, шешуші ойындарда ұпайдан шашау шығармады. 12 ойында 28 ұпай жинаған «Хабар» басты бәсекелесі «Астана ТВ» командасын артта қалдырып, алтыншы чемпиондығын рәсімдеді.
Өткен маусымда «В» лигасын жеңген «Астана ТВ» биыл күміс жүлдені қанағат тұтты. Бұл былтыр ғана төменгі топта доп тепкен команда үшін өте жақсы көрсеткіш. Ал Qazaq radiolary командасы үшінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ бұл команда Журналистер кубогының финалында «Хабарды» 3:0 есебімен жеңіп, ауыспалы кубокты иеленіп, биылғы маусымды сәтті аяқтады.
«В» лигасында «Қазмедиа В», «Спорт 592» және Kazaknews.kz командалары үздік үштіктен көрініп, жоғарғы лигаға, яғни «А» лигасына жолдама алды. Өкініштісі, «Хабар 24» пен «Қазмедиа А» келесі маусымды төменгі лигада бастайтын болды.
«Қазмедиа В» – «В» лигасының жеңімпазы атанды. Бастапқыда бұл команданы ешкім фавориттер санатына қоспаған. Құрамы да аса күшті болмады. Алайда трансферлік терезеде «Қазмедиа А» сапынан Ершат Қожатаев пен Құмарбек Азатты алдыртқан «Қазмедиа В» командасының ойыны түлеп сала берді. Төрт турда максималды 12 ұпай жинап, «В» лигасында жеке-дара көш бастады. Мерзімінен бұрын, яғни лига аяқталмай жатып жоғарғы лигаға жолдама алған команда келесі маусымға сақадай-сай екенін көрсетті.
Жоғарғы лигаға жолдаманы сарапқа салған 2-3-4 орында тұрған командалар таласы тартысты болды. Соңғы турға дейін екі орын иегері анықталмады. Соңғы тур нәтижесі белгілі болғаннан кейін, 5 ойында 9 ұпайға қол жеткізген «Спорт 59» командасы турнирлік кестеде екінші орыннан көрінді. Ал үздік үштікті төменгі лиганың жаңа қатысушысы Kazaknews.kz түйіндеді. Екінші кезеңге жолдама алған «Мазмұндама» мен «Қаламгер» командалары орынға ілікпей, келесі жылы да «В» лигасында өнер көрсете беретін болды.
BAQ league-ның VI маусымында өзге қарсыластарынан көп гол салған «Хабар» командасының шабуылшысы Әлішер Келгенбай А лигасының үздік сұрмергені атанды. Оның еншісінде – 20 доп. Екінші орынға 16 доппен «Егемен Қазақстан» командасының ойыншысы Еркебұлан Алдаберген, үшінші орынға 15 доппен «Хабардың» үздік футболшыларының бірі Нұрсұлтан Қабылбеков жайғасты.
«В» лигасында 19 голмен Нұрәлем Жалғасұлы (NatGeo Qazaqstan командасы) сұрмергендер көшін бастады. Екінші, үшінші орынды «Спорт 59» командасының ойыншысы Құдайберген Махамбетәлі (17 гол) мен «Еуразия + Орт» командасының шабуылшысы Ерден Құспанов (14 гол) бөлісті.
Айта кетейік, BAQ league-ның биылғы маусымдық ойындарына «Айқын-Литер», Kazaknews.kz, Qsport.kz, №1 Sportchannel командалары бірінші рет қатысып отыр.