Карантинде той өткізген тұрғындарды жауапқа тартты
Карантинде той өткізген тұрғындарды жауапқа тартты
Фото: polisia.kz
145
оқылды
Түркістан облысында карантин талаптарын бұзып, қыз ұзату тойын жасаған тұрғындар жауапқа тартылды. Елімізде індет өршіп, карантин талаптарының күшеюіне байланысты рейд жұмыстарының жүгізіліп жатыр. Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет жасауларын жалғастыруда. Яғни күндізгі және түнгі рейдтік жұмыстарды жүргізіп, адам көп жиналатын бас қосулар, той-жиындар, іс-шараларды өткізуге тыйым салып, қауіпсіздік шараларын қадағалауда. Десек те облыс тұрғындары тарапынан әлі де болса бас қосып, той өткізіп жатыр. Мәселен, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кезекті рейд барысында үйінің ауласында туыстарының басын қауіп-қатерге тігіп, қыз ұзату тойын жасаған тұрғынды анықтады. Бұл жайтты полицейлер өздерінің күндізгі рейдтеріне кірісіп, үйлерді аралау барысында анықтаған. Дәл осындай той Кентау қаласында да өткен. Жергілікті тұрғын Кентау қаласындағы мейрамханалардың бірінде қыз ұзату тойын жасағаны анықталды. Тәртіп сақшылары осы екі жайтқа қатысты карантин талаптарын бұзған тұрғындарға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша хаттама толтырды. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға карантин кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, адамның көп шоғырлануына жол бермеуге шақырады.