Елімізде Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлеріне күш көрсету жағдайы жиі қайталанып жатыр. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Мұрат Жұманбай осылай деп дабыл қақты.
«Алматыда ХҚО қызметіне қол жұмсауға қатысты екі жағдай тіркелді. Сондай жағдайлардың бірі Алмалы аудандық ХҚО-да болды. Ер адам өзінің кәмелетке толмаған қызы үшін мекенжай анықтамасын алмақ болған. Аталмыш мемлекеттік қызметтің стандартына сәйкес, ер адам өзінің жеке куәлігін, туыстығын растау үшін қызының жеке куәлігі мен туу туралы куәлігін беруі тиіс еді. Ер адамға құжаттардың толық пакеті керек екені бірнеше мәрте ескертілсе де, ол міндетті құжаттарсыз анықтаманы беруді талап еткен. Осыдан кейін ХҚО қызметкері бұл құжатты беруден бас тартқаннан соң ер адам оны бір ұрып, мұрнын сындырып кеткен», – деп жазды Мұрат Жұманбай Facebook-тегі парақшасында.
М.Жұманбайдың айтуынша, дәл сол күні Әуезов ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығында осыған ұқсас жағдай тіркелген.
«Ол жерде атаулы әлеуметтік көмекті ресімдеу үшін бір әйел келген. Оған қажетті анықтама egov.kz электронды үкімет порталында онлайн түрде қолжетімді. Өздігінен ала салуға болатын құжат. Әлгі әйел ХҚО кеңесшісіне келіп, аталған анықтаманы алу үшін көмек сұрайды. Кеңесші келісіп, алып бермек болған кезде анықтама порталда ұзақ уақыт бойы өңделе бастайды. Ақыры, әйел шыдамай, дауыс көтеріп, мемлекеттік корпорация қызметкеріне дене жарақатын салған», – деді ол.
Жоғарыда айтылған екі жағдайда да ХҚО қызметкерлері патрульдік полицияны шақырған. Қазіргі уақытта аталған материалдар аудандық полиция басқармаларында жатыр.
Мұрат Жұманбай 22 тамызда да Шымкентте ер адам ХҚО қызметкерін ұрып, жәбір көрсеткенін еске алды.