Бішкектегі айтыстан қазақ ақындары жүлдемен оралды
Бішкектегі айтыстан қазақ ақындары жүлдемен оралды

Қырғыз елінің астанасы Бішкекте «Еларалық ақындар айтысы – 2019» байқауы өтіп, онда Қазақстан құрамасы атынан 8 айтыскер бақ сынасты. ХІХ мәрте өткізіліп отырған дәстүрлі байқау Қазақ елі үшін жемісті болды.

Айыр қалпақты ағайынның елінде өткен байқауда Айнұр Тұрсынбаева бас жүлдеге, Жандарбек Бұлғақов бірінші, Мұхтар Ниязов екінші, Балғынбек Имаш үшінші орынға лайық деп танылған. Байқау барысында арнайы атаулы сыйлықтар да үлестірілді. Атап айтқанда, Эстебес Тұрсыналив атындағы сыйлық Мұхтар Ниязовқа, Ашыраалы Айталив атындағы сыйлық Балғынбек Имашқа бұйырды.

Бұл қуанышты жаңалықпен жеңімпаз айтыскерлер әлеуметтік желідегі парақшаларында сүйінші сұрап бөлісті. Өнердегі әріптестерін танымал Отандық жұлдыздар да құттықтап, ақжарма тілектерін арнады.

«Жеңіс құтты болсын, Қазақ елі! Қырғызстандағы өткен ақындар айтысында барлық орынды қазақтар алыпты ғой. Жарайсыңдар!» деп құттықтады Алтынай Жорабаева.