7 тамызда вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған Қазақстан Үкіметі делегациясының Түркияға қысқамерзімді сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Анкара маңындағы Маниса қаласындағы аудандық ауруханаға барды. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында хабарланды. Министр COVID-19 пандемиясы кезінде медициналық мекемелердің жұмыс істеу әдісімен, әлеуметтік қашықтық форматы және санитарлық-эпидемиологиялық режим сақтау тәртібімен танысып, әріптестерімен медициналық ұйымдарды тиімді басқару жайында кеңесті. Сондай-ақ, қазақстандық делегация Медициналық және технологиялық процестерді автоматтандыру, дезинфекциялау-стерилдеу бөлімшесінің жұмысын, сәулелі диагностиканы және т.б. зерттеді. Сапар аясында қазақстандық делегация Түркияның ғылыми-медициналық қауымдастығымен кездесті, жүздесу барысында елімізде коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрі-дәрмек шығару, өкпені жасанды желдету аппараттарының өндірісін оқшаулау мәселелері талқыланды. COVID-19 індетінен емдеу және диагностикалау саласындағы ғылыми-практикалық біліммен алмасу туралы келісім жасалды. Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов пен Алексей Цой Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахритин Кожамен кездесті. Денсаулық сақтау жүйесінің басшылары ауруханаларда көмек көрсету тетіктерін талқылады, карантиннен шығу бойынша тәжірибе алмасты және нысандардың азаматтарды қабылдауға дайындығы сөз болды. Министр Цой гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Түркияға алғыс білдірді.