«Демографияның атасы», «Бейби-бумның атасы» аталып кеткен ғалым Мақаш Тәтімовтің өзі «халық санына қатысты ғылымды ең шешуші майданға» балайтын, егер демографияда жеңсек, ертең саясат пен экономикада, тіл мен ділде, дін мен мәдениетте біржолата жеңіске жетеміз. Дербестігіміз – демографияда» дегенді жиі айтатын. Байқауымызша, марқұм ғалымның көзі кеткелі сөзі де еленбей барады. Демография саласы жетімсіреп қалғандай. Бұл салада Әзімбай Ғали, Александр Алексеенко сияқты бірен-саран аға буын ғалымдар бар да, жастар арасынан әлі де жаңа есімдер шыға қоймады. Жоқтаушысы жоқ бұл салада нендей өзгерістер бар? Қазіргі халық саны қанша? Біз осы мәселелер төңірегінде зерттеу жүргіздік.
Пандемия халық санына қалай әсер етті?
Статистика бойынша, Қазақстан халқының қазіргі саны – 18,7 млн адам. Әрине, бұл тұста «Халық саны 19 миллионға жетті!» деп сүйіншілегеніңіз қайда деген орынды сауал туындайды. Фактчекингке келсек, 19 млн дегеніміз – БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінің халық санына байланысты болжамы. Болжам бойынша, жыл соңына дейін айтулы межеге жету мүмкіндігі бар. Сырт көзбен қарасақ, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында халық саны күрт азайып кеткен. Демография зерттеушісі Мақсат Имандосовтың айтуынша, халықтың ең азайған жылы – 1999-2000 жылдар еді, Қазақстанда шамамен 16,8 млн халық болды. Бұл межеден төмен түспедік. Бұдан кейін халық саны біртіндеп көбейе бастаған. Соңғы 30 жылдағы рекорд – 2016 жылы тіркелген, дүниеге 406 мың сәби келді! Бұл – Өзбекстанмен салыстырғанда, екі есе кем көрсеткіш. Бұл елде жылына 800 мыңнан астам бала дүниеге келсе, өлгендерден туғандардың саны 630 мыңға көп болады. Қазақстан халқының саны ненің есебінен азайды? Біріншіден, еліміздің ұлттық құрамы өзге орталық азиялық мемлекеттерден бөлек еді. 1989 жылы Қазақстанның ұлттық құрамына келсек, қазақ саны 6,5 млн болса, орыс саны 6,2 млн еді. Тәуелсіздік жылдарынан бастап Ресей, Германия, Беларусь, Израиль, Украина және тағы басқа елдерге жаппай көш басталды. 2009 жылғы халық санағы бойынша, қазақ саны 11 миллионға таяса, орыс саны 3,7 млн адамға дейін азайды. Бейресми деректер бойынша, соңғы 30 жылда Қазақстаннан 3,5 млн орыс кеткен. Өткен жылы 35 мыңнан астам адам Ресейге көшкен. Әр 10 жыл сайын міндетті түрде демографиялық санақ өткізіліп тұруы тиіс деген ұстанымдағы ғалым, саясаттанушы Әзімбай Ғали былай дейді: – Баяғыда Мақаш Тәтімов ылғи «қазақ қанша болды, қанша болады?» деген сауалды жиі қоятын. Құдайға шүкір, қазір ондай сұрақ туындайтындай қауіп жоқ, қазақтың үлес салмағы 70 пайызға жақын. Жалпы, елімізде 19 миллионға жуық халық болса, оның 13,5 миллионы – қазақ. Жылына 35-40 мыңдай адам сыртқа көшеді. Еуропалық нәсілді ұлт өкілдерінің табиғи өсімі жоқ. Яғни, депопуляция деген ұғым бар, оларда туғандардан өлгендердің саны көп. Орыс, украин, белорус, немістер азайып барады. Тіпті, немістерден 50 мың адам қалса, жақсы көрсеткіш болар еді. Себебі кезінде Қазақстандағы немістер саны 1 млн болған. Тіпті, геосаяси жағдайға байланысты автономия сұраған кездері тарих еншісінде қалды. Бірақ елімізді сепаратизмнен Құдай сақтады, – дейді. Расында да, Ресейге көш толастар емес. Мұны көшіп жатқан азаматтар немен байланыстырады? Ең алдымен, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың төмендеуімен, көршілес елдердегі мигранттарды қайтаруға қатысты мемлекеттік бағдарламалар, қомақты өтемақымен, Қазақстандағы билік транзитінен кейінгі үрей-қорқынышпен және мемлекеттік тілді білмеуінің кесірінен өзін сенімсіз, жайсыз сезінуімен байланыстырып жатады. Тағы бір себеп – Қазақстан азаматтығының әлсіз тұстары. Бұл нені білдіреді? Бұл визасыз баратын елдердің санын көрсетеді. Мәселен, Ресей төлқұжатымен әлемнің 108 еліне, ал Қазақстан төлқұжатымен небары 71 мемлекетке визасыз сапарлай аласыз. Бүгінде Ресей, Германия мен Израильде елге оралған этникалық ұлттарға қатысты мемлекеттік бағдарламалар бар. Бұл бағдарламалардың тиімді-тиімсіз тұстарын демография зерттеушісі Мақсат Имандосов былай сараптайды: – Әлемдік статистика не дейді? Еуропа елдерінде демография қатты түскенде, олар бала тууды әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы көтереді. Мәселен, Ресейде «Ана капиталы» атты мемлекеттік бағдарлама бар. Түптеп келгенде, «Ана капиталы» Ресейдің демографиялық ахуалын жақсартпады, керісінше, соңғы 10 жылда елдегі халық саны төмендеп барады. Басқа еуропалық елдерге де мұндай бағдарламалар көмектеспеді. Оң динамика тек бір елде байқалған. Францияда он шақты жыл бұрын медициналық, әлеуметтік көмек түрлерін көбейтіп еді, халық саны арта түсті. Себебі бөлінген қаржы көлемі тым қомақты, – дейді. Зерттеушінің ойынша, мұндай бағдарламалар Қазақстанда қабылданса, оң нәтижесін беруі мүмкін. Өйткені дініміз бен діліміз бөлек, оның үстіне қаржылай демеу болса, көп азамат ұрпақ жалғастыру жайын ойлар еді. Мамандардың пайымынша, соңғы жылдары Қазақстанда этникалық миграция еңбек миграциясына ұласып барады. Себебі шетелге кететін әрбір үшінші азамат – қазақ. Елден кетіп жатқан әрбір алтыншы азамат – жоғары білімді, кәсіби білікті маман. Сыртта жұмыс істеп жүргендердің 25 пайызы – 28 жасқа дейінгі жастар. Бұл адам капиталының түсуіне әсер етеді. Әзімбай Ғалидің айтуынша, пандемия да демографияға айтарлықтай өзгеріс әкелмейді. Тек демографиялық көрсеткіште, әсіресе жасы 60-тан кейінгі азаматтардың азаю үдерісі байқалуы мүмкін. «Пандемияның халықты қырып жатқаны туралы әңгіме жоқ. Бірақ бір адам өмірден өтсе де, «менің жалғызым» деп қарауымыз керек» – дейді ғалым.Қазақстанда тәуелсіздік жылдары 4 миллионнан астам аборт жасалған ба?
Халық санының азаюына екінші себеп – аборт, суицид, жол-көлік оқиғалары сияқты өзекті мәселелер. Статистикаға сенсек, ең көп аборт тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жасалған. 1991 жылы 358 мыңнан астам жасанды түсік жасалған. 2010 жылы бұл көрсеткіш 106 мыңға дейін түскен. Соңғы жылдары жыл сайын 80 мыңдай тиісті операция жүзеге асады. Бұл тек ресми мәлімет, ал бейресми, жасырын қаншама аборт жасалып жатыр? Біз соңғы отыз жыл ішіндегі жасанды түсікке қатысты сандарды қосып есептеп көрген едік. Статистика қорқынышты: тәуелсіздік жылдары елімізде 4 миллионнан астам аборт жасалған! 4 миллион дегеніміз – Оман, Кувейт, Хорватия, Панама сияқты елдердің халық санымен пара-пар. Тіпті, Грузия халқының саны әлі күнге дейін 4 миллиондық межеге жете қойған жоқ. 2010 жылдан бері депутаттар жасанды түсік жасауға тыйым салу керек деп бастама көтеріп келеді. Бүгінде әйелге түсік жасату үшін күйеуінің рұқсаты қажет емес. Бірақ гендерлік саясат ұйымдарының өкілдері абортқа тыйым салса, заңсыз операциялар көбейіп, мұның арты бұдан да қиын жағдайға әкеп соғуы мүмкін деп дабыл қаққан еді. – Әрине, аборт халық санына әсер етеді. Бірақ қай заман болмасын, жасанды түсік тастау болған және болады. Екінші жағынан, әрбір екінші әйел аборт жасайды деуге келмес. Оның үстіне, кейде аборт жасау операциясының салдары қиын болып, болашақта әйел мүлдем бала таба алмай қалуы мүмкін. Егер бұл жалпыхалықтық деңгейге өтіп кетсе, демографияға кері әсері болады. Бірақ қазір ондай жағдай жоқ, – дейді зерттеуші Мақсат Имандосов. Әзімбай Ғали аборт пен жол-көлік оқиғаларын соғыстан да жаман кесапатқа балайды. Сондай-ақ ерлер арасындағы өлімнің көптігін сөз етеді. – Жалпы, табиғатта ұлдар көп туады, қыздар азырақ, бірақ ұл балалар ұрыншақ келеді ғой. 27 жасқа дейін ерлер мен әйелдер саны теңеседі де, 27 жастан кейін ерлер азая бастайды. Жалпы, әйелдер мен ерлер арасында тепе-теңдік бар. Өкінішке қарай, Қазақстанда ерлі-зайыптылар 27 жасқа дейін 1-2 баланы туып алады да, үшіншісін тууға бара бермейді. Сондықтан туу көрсеткіші азайып барады, – дейді. Суицид көрсеткіші бойынша Қазақстан алдыңғы ондыққа кіреді. Жыл сайын 800-900 бала мен жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайды. 2019 жылы жалпы саны 3 805 адам өзіне қол салып, өмірмен қош айтысқан. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 263 адамға көп. Ең көп өлім көрсеткіші Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды облыстарында тіркелген. Тағы бір мәселе – жол-көлік оқиғалары көрсеткішінің жоғарылығы. Орташа есеппен жылына 18 000 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 500 адам қайтыс болады. 23 000 адам әртүрлі дене жарақатын алады. Зерттеуші Мақсат Имандосов демографиялық қауіпсіздікті сақтау қажеттігіне баса назар аудартады. – Біз Қазақстанның кіммен шекаралас болып отырғанын қарайық. Осыншама алып территория үшін 19 млн халық тым аз. Көршілес Ресейдің халық саны – 145 млн адам. Оның үстіне, елімізбен шекаралас Самара, Челябинск, Свердловск облыстары мен Башқұртстанды қарасаңыз, әрқайсысында 2-3 млн халық бар. Ал бізде ше? Шекаралас Атырау облысында – 700 мың, Батыс Қазақстанда – 650 мың, Ақтөбеде 900 мыңдай адам тұрады. Қытайдың халық саны, тіптен 1,4 млрд адам. Біз осындай елдермен көрші болғанымыз, әрине оңай емес. Сондықтан біз демографиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отыруымыз керек. Тіпті, мұны 1991 жылдан бастап ойлауымыз керек еді, – дейді ол. Өкінішке қарай, соңғы жылдары мемлекеттік қолдау болса да, шетелден келетін қандастар саны азайып барады. Жалпы, тәуелсіздік жылдары 1 миллионнан астам адам атажұртқа, тарихи Отанға оралған еді. Бүгінде Өзбекстан мен Қытайдан келетін қандастарымыздың саны көп болса, Ресейден келетіндер саны мардымсыз. Соған қарамастан, демограф Александр Алексеенконың зерттеуі бойынша, алдағы 20 жылда Қазақстанның моноұлтты мемлекетке айналу мүмкіндігі бар. Ал Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының мәліметі бойынша, әлемнің 43 елінде 5 миллионнан астам қазақ тұрады. Оларды қайтару керек пе, әлде Ресей, Қытаймен шекаралас аймақтарда қазақ ауылдарының сақталғаны дұрыс па? Бұл – бөлек зерттеуді талап ететін мәселе.Кәмшат ТАСБОЛАТ