Ауылға интернет жетсе игі
Ауылға интернет жетсе игі
© коллаж: Елдар Қаба
274
оқылды
Әрине, 2018 жылмен салыстырғанда жоғары, ол кезде 39-орында болатынбыз. Ал бұл көрсеткіштер 2014 жылы тіркелген нәтижеден төмен. Еліміздің атал­ған рейтингтегі ең жоғары позициясы 28-орын бола­тын. Осыны ескерсек, электронды қызметің дамуы тұрақты дей алмаймыз.  

Ауылға интернеттің «ауылы» алыс

Бірінші жартыжылдықта ел эко­номикасы 1,8%-ға құлдырады, қызмет көрсету саласы 5,6%-ға төмендеді, теле­коммуникация секторы керісінше 9%-ға тұрақты өсімді көрсеткен. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев бұл көрсеткішті жылдың екінші жартысында да сақтайтынын айтқан еді. «Қа­рапайым қазақстандықтардың күнделікті жасайтын көптеген шаруасы да онлайн форматқа көшуде. Тауарларды сатып алудан бастап қашықтан оқытуға онлайн жұмыс істеу, онлайн құжат толтырып, онлайн құжат алуға дейін қарапайым өмір сүру дағдысына ай­налуда. Міне, сондықтан онлайн қызмет көрсету мүм­кіндіктері қалада, ауылда тұрғанына қарамастан барша халыққа бірдей берілуі маңызды»,-деді ол. Өкінішке қарай, ин­тернет бізде қала мен ауылда бірдей емес. Елімізде интернетке қолы жетпей жүрген қаншама ауыл тұрғыны бар. Қазірдің өзінде 2 000-ға жуық ауылда интернет атымен жоқ. Цифрлық да-му, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жыл соңына дейін 928 ауылды, ал келер жылы тағы 1 000 ауылды интернетке қоспақ. Сөйтіп, министрлік бұл мәселені алдағы екі жылда шешеміз деген болатын. Интернет ауадай қажет кезде ауыл халқы оны тағы екі жыл күтіп отырса не болмақ? Министрлік бұған дейін де өнімді жұмыс істегені шамалы. Цифрлы Қазақстан бағдарламасының қабылданғанына биыл үшінші жыл. Алғашқы екі жыл ішінде бар-жоғы 481 ауыл ғана ғаламторға қосылған. Ал интернетке қосылған ауылдардың талшықты-оптикалық жеткізу желісімен қамтылуы 50%-дан аспайды. Демек, талшықты-оптикалық байланыс желісі жетпеген ауылдарға радиосигнал арқылы интернет тартуға жол ашу қажет секілді. Бұл қарқынмен жүре берсек, ауыл тұрғындары үшін интернеттің ауылы алыстай берері сөзсіз. «Қазақтелеком» АҚ 2018 жылдың соңында Kcell АҚ 75% акциясын және 2019 жылдың ортасында Tele2 бірлескен кәсіпорнында қалған 49% үлесті сатып алды. Бұрын тек үйдегі тіркелген телефон қызметтерін ұсынатын компания енді кеңжолақты интернет желісін жеткізіп, ұялы байланыс саласында жетекшілік етеді. Компанияның нарықтағы үлесі тіркел­ген кеңжолақты интернет сегментінде 85% шамасында екен. Елдегі байланыс саласы осы компанияға тікелей байланысты. Ал барша қызметті бір ғана компанияның атқаруы бәсекенің жоқтығын көрсетеді. Ал бәсеке болмаған жерде даму бәсеңдеп, алға жылжу азая түсетіні белгілі. Пандемияның қашан аяқталатынын дөп басып ешкім айта алмайды, сондықтан қашықтан қызмет етудің маңызы арта түсті. Бұл – интернетке қол жеткізе алмай отырған біздегі мәселе. Ал әлемде ғаламтор желісін құру арқылы интернетті баршаға бірдей тегін әрі қолжетімді ету мақсатында қадамдар жасалуда. Планетаның кез келген нүктесінде жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ететін ғарыш аппараттары ұшырылып жатыр. Мәселен, Starlink жобасы 2015 жылдан бастап қолға алынған. Тамыз айының басында SpaceX тағы 57 Starlink спутнигін орбитаға шығарды. Илон Маск осындай мыңдаған ғарыш аппаратын орбитаға шығаруды жоспарлап отыр. Әлем елдері жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуда. Біз жаңа мүмкіндік былай тұрсын, бар дүниені өзіміз жарата алмай келеміз.  

Қашықтан оқытудағы қиындық

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов эпидемиологиялық жағдай­ға байланысты жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталатынын айтқан.  Қашықтан оқыту форматында 2,6 млн кезекші сыныптарда 530 мың, штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде. Яғни, оқушылардың 80 пайызы, ЖОО студенттері 100 пайыз қашықтан оқиды деген сөз. Халықтың тең жартысы ауылды жерде тұратынын ескерек, жоғарыда айтылған екі мың ауылдың интернетке қосылмауы жаңа оқу жылында мәселе туындататыны сөзсіз. Ал интернет баға­сы тұрғындарға қол жетімді лігі әмселесі тағы бар. «Қазақтелеком» АҚ абоненттердің әртүрлі қажеттілігіне сай сан түрлі жылдамдық сипаттамалары бар интернеттің бірқатар тарифтік жоспарын ұсынады. Интернет желісіне қосылу қызметтерінің құны бүкіл еліміз бойынша, біркелкі және 2 299 теңгеден басталады. «Қазақтелеком» 200+ тұжырымдамасы негізінде пакеттерде FTTx технологиясын қолдана отырып, интернетке қолжетімділік қызметтерін ұсынғанда, сымды қосылыс­тың минималды жылдамдығы 200 Мбит/с құрайды. Осылайша, абоненттер премиалды, кеңжолақты, жылдам үйдегі интернетке қол жеткізеді, онымен қоса лимитсіз супер үй телефоны, сандық теледидар немесе ұялы байланысты бір пакет аясында, 5 499 теңгеден алады», – деді «Қазақтелеком» АҚ қоғаммен байланыс қызметінің маманы Айнұр Күзербаева. Бұл оқушылар мен студенттердің қалтасы көтеретін баға емес. Сонымен бірге жұмысы тоқтап, табысынан қағылған тұрғындарға да жеңіл тимесі анық. Жақында оқушылар мен мұғалімдерге арналған абоненттік төлем құны айына 990 теңге болатын «Білім» тарифы іске қосылмақ. Тұрғындар оны тамыз айының екінші жартысынан бастап қолдана алады. Байланыс саласындағы мемлекеттік саясат және инфрақұрылым департаментінің директоры Гүлнәр Бөкеева тарифті еліміздің барлық ұялы байланыс операторы енгізетінін айтқан болатын. Сонымен қатар байланыс операторлары абоненттерге қосымша гигабайт ұсынады. «Мұғалім немесе оқушының қосылу шарттарын Білім және ғылым министрлігі анықтайды. Бұл мәселе әлі пысықталуда. Оқытушылар мен оқушылардың тізімі берілуі мүмкін», – дейді Гүлнәр Бөкеева. Сонымен қатар тариф арқылы министрлік мақұлдаған отандық білім беру ресурстарын тегін қолдануға болатын көрінеді. Әзірге бұл нақтыланған жоқ. Елдегі интернет сапасын айттық. Ал Білім министрлігі пандемия кезінде білім берудің толық тұжырымын әлі жарияламады. Ал жаңа оқу жылының бас­талуына небәрі екі аптадан астам уақыт қалды. Ескі әнімізге қайта басып жүрмесек болғаны.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=