«Интеллигенция «жаңа кедейлер» қатарын толықтыруы мүмкін» – әлеуметтанушы Баян Смағамбет
«Интеллигенция «жаңа кедейлер» қатарын толықтыруы мүмкін» –  әлеуметтанушы Баян Смағамбет
345
оқылды
– Баян Жүзікбайқызы, Дүние­жүзілік банк Қазақстанда кедейлер саны өсетінін болжады. Бұл болжам шындыққа жанаса ма? Бізде шыны­мен кедей көп пе? – Дүниежүзілік банк сарап­шыларының  Қазақстанда кедейлік деңгейі артуы  мүмкін деген бол­жамында шындық бар. Себебі қазір­гі әлемдік экономикалық дағ­дарыс жаһандық деңгейде кедей­ліктің өсетінін болжауға мүмкіндік беріп қана қоймай,  нақты жағ­дайды көрсетіп отыр. Кедей ел­дер мен топтардың саны артуы  мүмкін. Кез келген эко­номикалық дағдарыстың  «сенім­ді серігі» – жұ­мыссыздық. Ал жұмыс­сыздық дегеніміз – кедейліктің негізгі қайнарының бірі. Сондықтан пандемияның салдарынан кедей елдердің, халықтардың, кедей топтардың саны өсуі мүмкін. Пандемиядан кейінгі әлем мүл­дем  басқаша болады. 2020 жыл­дың басынан бастап әлемдік экономикада сауда көлемі азай­ды,  жаһандық экономика өз құрылымын өзгертті. Біз қа­зір «жаһандық экономика» дегеннен  гөрі «локалды-аймақ­тық экономикалар», «ұлттық эко­номикалар» тәрізді ұғымдарды жиі­рек кездестіреміз. Яғни, ұлттық мүдде, ұлттық экономика,  ұлттық шекара дегенді көбірек естиміз. Бұл әлемнің  пандемиядан кейін келбетін өзгертуі мүмкін екенін  байқатады. Жаһандық күштердің саяси, экономикалық, мәдени арасалмағы өзгереді. Демек, әлем де өзгереді деген сөз. Біздің айтып отырған кедейлік дегеніміз әлеуметтану  ғылымында жеке  категория ретінде қарастырылады. Әрі оның толып жатқан тео­риялары бар. Яғни, кедейлікті қалай өлшейміз,  анықтаймыз, кедейліктің негізгі критерийлері қандай деген  тәрізді сансыз  талаптар бар. Мәселен, кейбір зерт­теушілер кедейліктің негізгі критерийі  тамаққа жұмсалатын қаржымен өлшенеді десе, енді бір зерттеушілер кедейлік баспананың бар-жоқтығымен өлшенетінін айтады. Білім алу мүмкіндігінің болуы, денсаулық сақтау қызметін пайдалану тәрізді игіліктерге қол жеткізу мәселесі де кедейлікті өлшеу кезінде қолданылатын критерийлер. Алайда КСРО ыдыра­ған соң постсоциалистік кезеңде «жаңа кедейлер» деген ұғым пай­да болған.  Олар бұрынғы интел­лигенция еді. Бұл топқа негізінен жоғары білімді адамдар  кіреді. Олар социализм күйреген кезде өздерінің  барлық ресурсынан айырылып қалды. Өтпелі кезеңде олар ешкімге керек болмады. Сөйтіп, «жаңа кедейлер» қатарын толықтырды. Бірақ олар білімді еді. Естеріңізде болса, КСРО әлем­де инженерлерді ең көп даярлаған мемлекет ретінде мақтанатын. Шынында да, одақта инженерлер көп болды. Алайда олар ғылыми-техникалық прогресті жасай ал­ған жоқ. Ал одақ ыдыраған соң ол мамандардың ешкімге қажеті болмады. Сонымен бірге  мыңдаған  оқытушының,  дәрігердің, өзге де жоғары білімді адамдардың, интеллектуалдардың жаңа қоғамнан өз орнын тауып, өздеріне деген сұранысты туғызуы үшін біраз уақыт өтті. Сөйтіп, олар қоғамнан өз орындарын қайта тапқанша «жаңа кедейлер» тобын қалыптастырды әрі толықтырды. Тура сол сияқты  пандемиядан кейінгі жағдайда кедейлер қата­рын кімдер толықтыруы мүмкін деген мәселе өзекті болып тұр. Дүниежүзілік банк деректерінің шындыққа жақын екенін айтуым­ның себебі осында. – Сонда кедейлердің нақты саны қанша? Былтыр  елімізде табысы күнкөріс деңгейінен төмен сана­латын адамдар саны ел халқының 4,3 пайызын құрағаны жайлы дерек шыққан. Бұл дегеніңіз – 800 мыңнан астам адам. Ал сіз атап өткен Дүниежүзілік банк­тің болжамын негізге алып есеп­тесек, қазіргі таңда кедейлер са­ны 1 млн 500 мыңдай болуы керек. Ал болжам расталса, бұл көрсеткіш 2,3 млн-ға жетеді. Одан бөлек, жұмыссыздар  тобы бар. Ресми түрде оларды кедейлер деп атамағанмен, іс жүзінде жұ­мыссыздық кедейліктің дәл өзі. Қазақстанда жұмыссыздар саны  4,8 пайыз деп көрсетілген. Бұл – 442 600 адам. Келесі жылы бұл көрсеткіш 5 пайыздан асады деген болжам бар. Бұл жерде жұ­мыссыздар саны еңбек жасын­дағы  9,2 млн адамның есебі негізінде жасалғандықтан, біз көр­сеткен дерек шығып отыр.  Ал кедейлікті сарапшылар жалпы елдегі  халық санына негіздеп сипат­таған. Алайда бұл жерде ста­тистика мен оған деген қарым-қаты­нас бірқатар мәселені туғы­затынын атап өткен жөн. Қазақ­станда ғана емес, әлемде  де ста­тистикаға күмәнмен  қарау ба­сым. Қазақстанның жағдайында да цифрлармен ойнаудың бар екенін ашық айтқан дұрыс. Мыса­лы, «өзін-өзі жұмыспен қам­тығандардың» дәл санын анықтау мүмкін емес. Ресми  деректер бойынша, олардың саны елімізде 3 млн-ға жуық адам. Олар пандемия жағдайында қатты зардап шегіп отыр. Бұл тек қазақстандық тен­денция емес, жалпы әлемдік эко­номикада болып жатқан құ­былыс. Осы өзін-өзі жұмыспен қам­тамасыз етіп  отырғандар кедейлер қатарын көбейтуі мүм­кін. Олардың пандемиядан кейін өз бизнесін жеке ісін қалпына келтіруі, жаңа жұмыс ашуы деген сияқты мәселелер ұзаққа созылып кетсе, бірден кедейленіп шыға келеді.  

КСРО ыдыр­аған соң постсоциалистік кезеңде «жаңа кедейлер» деген ұғым пай­да болған. Олар бұрынғы интел­лигенция еді. Бұл топқа негізінен жоғары білімді адамдар кіреді

  – Жалпы, кедейлік қалай анық­талады? Бұрынғыдай тігерге тұяғы қалмапты дейміз бе? – Кедейліктің ауқымы мен көлемін анықтайтын категория­лар – күнкөріс минимумы және ең төменгі жалақы деген кате­гориялар. Қазақстанда күнкөріс минимумы 32 668 теңгені құрайды. Ең төменгі жалақы – 42 500 теңге. Егер пайызға шақсақ, күнкөріс минимумы төменгі жалақының 77 пайызын құрайды. Бұл  өткен жылдармен салыстырғанда  про­гресс тәрізді көрінгенімен, тең­генің құнсыздануы, әлемдік және отандық экономикадағы дағ­­дарыс жағдайында бір айда – 42 500 теңгеге өмір сүрудің қиын екені түсінікті. Мысалы, Қазақстанда орташа жалақы 212 мың 35 теңгені құраса, модальдық айлық табыс 58 034 теңгені құрайды. Сонда біз орташа айлық табыс пен  модальдық айлықтың арасындағы айырмашылықтың төрт есеге жуық екенін байқаймыз. Осы тұста модальды айлық табыс дегенді түсіндіре кетсек, бұл – ең жиі кез­десетін табыс көрсеткіші. Яғни, қазақстандықтардың көпшілігі  осы модальды айлық табысты алып отыр. Мұны  көпшіліктің орташа айлық табысы ретінде де бағалауға болады.  Нарықтағы инфляцияны, тауар бағасының қымбаттауын ескерсек, бұл табыстың өте төмен екені бірден байқалады.  Ал пандемиядан кейінгі дағдарыс кезіндегі экономикада осы табыс­пен күн көретін адамдар жағ­дайының қаншалықты ауыр­лайтыны айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Сонымен бірге медиа­налық табыс деген бар. Қазақ­стандықтардың медианалық табы­­сы 112 195 теңгені  құрайды.  Бұл Қазақстандағы кедейлік шегіне жақын тұрғандар саны көп екенін байқатады. Егер қазақ­стандықтардың табысын  азамат­тардың айлық шығынына қарай есептесек, онда мәселенің қанша­лықты күрделі екені көзге түседі. Зерттеушілер қазақстандық  18 жастан асқан әрбір ер-азамат айына орташа есеппен 70 еуро қаржы жұмсайтынын анықтаған. Бұл дегеніңіз – 34 500-ден астам теңге. Ал 14 жастан  асқан қыздар мен  әйел адамдар айына 60 еуро немесе 29 580 теңге, балалар 45 еуро немесе 22 185 теңге жұмсайды.  Ал жан басына шаққандағы табыс 22 868 теңгеден төмен болса, онда бұл отбасы кедей болып есептеледі. Қазақстанда дәстүрлі формасын сақ­таған үлкен, көпбалалы от­басы­лар бар екенін білеміз. Сон­дықтан кедейлер тобына түсіп қалу қаупі бар отбасылар да көп деуге толық негіз бар. Одан бөлек, табысы төмен отбасылар да  өздігінен кедейлер қатарын толықтырады. Сонымен бірге  қазіргі таңда кедейлікке қатысты жаһандық  тенденция бар. Ол – кедейліктің феминизациясы, яғни кедейлік деңгейіне түсетіндердің арасында әйелдердің мол болуы. Бұл тенденция бізде де бар. Әйел­дер мен балалар ерлермен салыс­тырғанда кедейлер тобына көбірек түсіп қалады. Сонымен бірге кедейленудің жас ерекшеліктері де бар.  Айталық, балаларды алайық.  Олар өзін-өзі асырай алмайды,  қамқорлыққа зәру. Оларды  ата-анасы, туысқандары, мемлекет қамқорлығына алуы керек. Од­ан бөлек, егде адамдардың да кедей­ленуі жиі кездеседі. Зейнет жасындағылардың кедейлену қаупі жоғары. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі  жандардың да  кедейленуі кең тараған. Ал пандемиядан кейін  жағдайдың қалай өрбитіні белгісіз. Өйткені әзірге коронавирустың нақты зар­даптары  анық емес. Бұл дерт адам ағзасындағы түрлі сырқатты қоздырып, еңбекке жарамсыз адам­­дар қатарын өсіруі мүмкін. Бұл өз кезегінде кедейлер тобына түсіп қалуы мүмкін адамдар қатарын көбейтуі ықтимал. Сондай-ақ  кедейлер тобына еніп кетуі мүмкін азаматтардың келесі бір тобы – шығар­машылық интиллегенция. Постпандемия кезеңінде осы «жаңа кедейлер» саны артатын шы­ғар. – «Жаңа кедейлер»  қатарын сон­да қай саланың мамандары неме­се қандай кәсіп иелері толықтыруы мүмкін? – Пандемия қоғамдағы түрлі салаға зардабын тигізді. Қазіргі кезде шағын және орта бизнес субъектілері пандемия кесірінен туындаған экономикалық дағда­рыс­тан үлкен зиян шегіп  отыр. Мәселен, қазақстандық қонақүй бизнесі дағдарысқа ұрынды. Де­мек, бұл салада жүрген кәсіп­керлер пандемиядан кейін өз жұмыстарының бағыт-бағдарын  өзгертуге мәжбүр болады. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану, той бизнесі, мейрамхана бизнес де зардап шекті. Демек, пандемиядан кейін бұл сала  толық қайта құры­лымданатыны сөзсіз. Сондай-ақ,  сауда және коммерциядағы дағдарыс бұл саладан  табыс тауып жүрген көптеген қызметкерді  жұ­мыссыздар қатарына қосты. Бұл жаһандық тенденция болып тұр. Сондықтан бұл бағыттағы компаниялар өз жұмыстарын  қайта  ұйымдастыруға  мәжбүр болады.  Әйтпесе, еңбек нарығынан шығып қалады. Қазақстанда осы­нау сын-қатерге төтеп беру үшін көптеген сауда компаниясы онлайн саудаға жүгінді, бірақ оның деңгейі тым жоғары емес. Бірақ өсу тенденциясы бай­қалады. Осы аталғандардан бө­лек, пандемиядан кейін «жаңа кедейлер» қатарын  толықтыруы мүмкін азаматтар қатарына  әкім­шілік қызметкерлерді қо­сар едім. Өйткені қашықтан жұ­мыс істеу басқару ісінде артық звенолардың, осы сегментте ат­қаратын функциясы қажет емес қызметкерлердің бар екенін көр­сетті. Мұндай жағдайды  зерт­теушілер  болжап та жүретін. Яғни, еңбек жағдайын ақпараттандыру басқару сегментіндегі  жұмыс­керлер­ді қысқартады деген бол­жам айтылатын. Ал пандемия  бұл тенденцияны үдетіп жіберді. Сондықтан бұл саладағы маман­дардың  қысқаруы, олардың жұ­мыссыз қалуы әбден мүмкін. Де­мек, олар  потенциалды кедейлер деген сөз. [caption id="attachment_64064" align="alignnone" width="729"]kedeilik kollaj © коллаж: Елдар Қаба[/caption] – Кедейлік деген не өзі сонда? – Жалпы кедейлік дегенге қайта оралсақ. Бұл – адамның, белгілі бір әлеуметтік топтың немесе мемлекеттің өмір сүруіне, тіршілік етуіне қажетті ресурстарға қол жеткізе алмауы. Кедейлікті абсолютті және салыстырмалы деп екіге бөледі. Абсолютті кедейлік дегеніміз – адамның, әлеуметтік топтың өз тіршілігіне ең қажетті ресурстарға қолының жетпеуі. Ал салыстырмалы кедейлік – қоғамдағы өмір сапасын біл­діретін стандарттарға белгілі бір топтың қолының жетпеуі. Бұл жерде басқалармен салыстыра отырып, «мынандай көрсеткішке сәйкес келсе  кедей дейміз» деген тәріз­ді талаптарға сай келуіне  байланысты бағаланады. Айталық, білім турасында алсақ, білімге қолының жетпеуі, медицина қызметін, қоғамдағы өзге де игі­­ліктерді пайдалана алмауы. Әдетте кедейлер сапалы білімге, медициналық қызметке қол жет­кізе алмайды және олардың өмір сапасы да төмен болады. – Бәлкім, кедейліктің де түрі болатын шығар. Әдетте «рухани баймыз» деп жатамыз. Рухан кедей болсақ ше? – Көбінде біз кедейлікті мате­риалдық тұрғыдан қарадық. Ал кедейліктің тағы бір маңызды бағыты – рухани кедейлік мәселесі. Кедейліктің бұл түрі  материалдық кедейліктен де күрделі және қауіп­ті. Біз сөз басында кедейлік деп адамның белгілі игіліктерге қол жеткізе алмауы, қажеттіліктерін қанағаттандыра алмауы дедік. Ал қажеттіліктер туралы айтар болсақ, олардың ішінде тамақ, баспана, киім тәрізді материалдық сипаттағылардан бөлек, әлеумет­тік  қажеттілік болады. Яғни, басқалармен қарым-қатынас жасау, шығармашылық байланыс орнату,  қоғамдағы әлеуметтік бел­сенділік дегендей жалғасып кете береді. Одан бөлек, зият­керлік қажеттілік те бар. Ол білім мен біліктілікті көтеру,  шы­­ғармашылықпен айналысу сияқ­ты бағыттар. Пандемияға бай­ланысты енгізілген карантин осы қажеттіліктер тобын қанағат­тандыруымызға  үлкен кедергі келтірді. Яғни, кез келген адамда  табиғи қажетіліктерді өтеуге керек болатын қаржылық-материалдық құндылықтармен қатар,  оның басқалармен қарым-қатынас ор­натуға, шығармашылығын, ой-пікірін өзгелермен бөлісуге, білімін көтеріп, біліктілігін арт­тыруға деген  ұмтылысы, мұқ­таждықтары болады. Бұлардың барлығы адамның мәдени капи­талы динамикасына ықпал етеді. Ал адами капитал негізін білім құ­рай­тындықтан, оған деген қажет­тілік рухани мұқтаждықтар тобын  қалыптастырады. Рухани қажеттіліктердің қанағаттанбауы рухани кедейлікке апарып соғады. Ал рухани және  материалдық кедейлік өзара байланысты болып келеді. Айталық, материалдық тұрғыда кедей адамның рухани байлыққа  қол жеткізуі неғайбіл. Сол сияқты рухани кедейлік материалдық игіліктерге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Бұл жерде  мәселе қазақ қоғамында айтылатын «рухани байлық» туралы емес,  әлеуметтану ғылы­мында жүйеленген, нақты сипат­талған рухан байлық немесе кедейлікке қатысты болып от­ыр. Сондықтан  қоғамның кедейленуі, кедейлер қарасының  көп болуы тұтас қоғамның рухани деградациясына алып келуі ықтимал. Рухани деградация ешқашан материалдық байлыққа, жағдайды жақсартуға,  жақсы нәрсеге, сапалы өмір, білім, қыз­метке ұмтылуға мүмкіндік бер­мейді. Сол себепті кедейлікті мүм­кіндігінше болдырмауға  тыры­су керек. Ол үшін мемлекет өзі­нің институттық тетіктерін, өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, әлеуметтік-экономикалық рефор­малардың, бұл бағыттағы сая­сат­тың концептуалды негіздеріне назар аударуы тиіс. Ал біздің билік мемлекеттің әлеуметтік институт ретіндегі тетіктерін  тиімді пайда­лана алмай отыр. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Аманкелді ҚҰРМЕТ