«Қарны тоқ, ісі жоқтан іші пысқандардың төбелесі...» – Сапарбаев Қасқабұлақтағы жағдай туралы айтты
«Қарны тоқ, ісі жоқтан іші пысқандардың төбелесі...» – Сапарбаев Қасқабұлақтағы жағдай туралы айтты
Фото: Интернеттен алынды
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуге тамыздың 10-нан 11-не қараған түні бір топ жастың бірнеше үй мен кітапхана ғимаратының терезелерін сындыруы себеп болды. Олардың барлығы ұсталып, Қылмыстық кодекстің 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиға орнына полицейлер, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары барған. Жағдай жедел бақылауға алынып, барлық бұзақылар қолға түскен. Бердібек Сапарбаев жастар, әсіресе бұзақылыққа қатысты жастардың ата-аналары тәрбие жұмысын күшейту қажеттігін айтты. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев мұндай жағдайға не себеп болғанына тоқталды.
«Мұның бәрі істерге ісі жоқтықтан туындайды. Егер он екі мүшесі сау болса, онда ол ата-анасына масыл болмай, еңбек етуі керек. Ата-аналар балаларының бос уақытын қалай өткізіп жүргендігінен хабарсыз. Біздің жалғыз Отанымыз бар, ол – Қазақстан. Біз өзіміздегі ең құнды дүние – қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді бағалай білуіміз керек», – деді әкім.
Еске сала кетейік, Қасқабұлақта кеше, 11 тамызда әлеуметтік желі мен мессенджерлерде тәртіпсіздік туралы хабарлама тараған болатын. Авторлар оқ атылғанын және адамдардың мектепте тығылуға мәжбүр болғанын айтты. Полицейлер «БМВ-525», «Тойота-Камри» және «ВАЗ-2107» автокөліктерін мінген 14 адамды ізін суытпай ұстады. Ұсталғандар Талас ауданының  полиция бөліміне жеткізілді.