Қасқабұлақтағы тәртіпсіздік неден туындады?

Қасқабұлақтағы тәртіпсіздік неден туындады?

Жамбыл облыстық Полиция департаменті кеше Қасқабұлақ ауылында болған тәртіпсіздікке қатысты түсінік берді. Жалпы, осы ауылда тәртіпсіздік болды деген хабарды белгісіз бір аза­маттар жылдам таратқан. «Атыс болып жатыр! Тас лақ­тырып жатыр. Жергілікті тұрғындар мектепте тығылып отыр», – делінген әлеуметтік желілердегі хабарламада. Бірақ құқық сала­сының қызметкерлері қазір жағ­дайдың тұрақты екенін айтуда. «11 тамызда сағат 01.30-да Талас ауданының Полиция басқармасына Жамбыл облысы Талас ауданы Қасқабұлақ ауы­лында бұзақылық әрекеттер болғаны туралы хабар түсті. По­ли­ция 14 адамды ұстады. Олар «BMW 525», Toyota Camry және «ВАЗ 2107» көлігінде болған. Күдіктілер Талас ауданының Полиция басқармасына жет­кізілді. Бұл факті бойынша Қыл­­мыстық кодекстің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – дейді облыстық Поли­ция департаментінің баспасөз қызметі. Тәртіп сақшыларының мәлі­метінше, қазір ауылдағы жағдай тұрақты, заң бұзу деректері тір­кел­меген. «Жамбыл облысының Поли­ция департаменті тұрғындардан шындыққа жанаспайтын ақпа­ратты таратпауды сұрайды. Полиция жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапқа тартуға алып келетінін ескертеді», – де­лінген ресми хабарламада. Аталған оқиғаға байланысты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та бұзақы­лық орын алған ауылға барып жұртшылықпен жүздесті. – Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және қоғамдық тәртіпті бұзғандардың барлығы заң аясында жауап береді. Ең бастысы – қа­зақс­тандық қоғамда бейбітшілік пен тыныштық сақталуы керек, – деп атап өтті кездесуде Бердібек Сапарбаев. Дабыл түсе салысымен, бір­ден оқиға орнына полицейлер, облыс әкімінің әлеуметтік мә­селелер жөніндегі орынбасары жеткен. Жағдай жедел бақылауға алынып, барлық бұзақы қолға түскен. Қазір құқық қорғау ор­ган­дарының қызметкерлері оқи­­ғаның мән-жайын, кі­нә­лілер мен арандатушыларды анықтау үстінде. Жергілікті тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ, олардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етіледі. «Біздің қоғамда ешкім ала­уыз­дық туғыза алмайды және бір топ жастың бұзақылық әре­кеттерінен ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ», – дейді ауыл ақсақалы Махмуд Темиров. Бер­дібек Сапарбаев жас­тардың, әсіресе бұзақылыққа қатысты жастардың ата-аналары арасында тәрбие жұмыстарын күшейту қажет екеніне назар аударды. Айта кету керек, олар­дың бірқатары кездесуге арнайы қатысты. Олардың аты­нан ұсталған жігіттердің бірінің атасы Аманжол Ділда­беков сөз алып, болған оқиға туралы естігенде жағасын ұстағанын жасырмады. «Мен Қасқабұлақ ауылының тұрғындарынан балаларымызды бақылай алмағанымыз үшін шын жүректен кешірім сұрай­мын», – деді ақсақал. – Мұның бәрі істерге ісі жоқтықтан туындайды. Егер он екі мүшесі сау болса, онда ол ата-анасына масыл болмай, еңбек етуі керек. Ата-аналар өздері балаларының бос уақытын қалай өткізіп жүргенінен хабарсыз. Біздің жалғыз Отанымыз бар, ол – Қазақстан. Біз өзі­міз­дегі ең құнды дүние – қоғам­дағы бейбітшілік пен келісімді бағалай білуіміз керек. Тағы да қайталап айтамын, заңды бұзған әрбір адам қатаң жауап­қа тартылады. Шамасы, бұл бұ­­­­зақылықта арнайы ұйым­дас­­­­тырушылар болған се­кілді. Полицияның міндеті – олар­ды табу және осыған ұқсас оқиғалардың алдын алу. Ата-ана, мектеп, қоғам және билік, бұлардың бәрі бірлесе отырып, өскелең ұрпақтың бойында толеранттылық, мейі­рім­ді­лік және адамсүйгіш, әр­бір азаматқа құрметпен қа­рау секілді игі қасиеттерді қа­­лып­тастыру жо­лында жұмыла жұмыс істеуі тиіс, – деп қоры­тындылады кездесуді Бердібек Машбекұлы. Құзырлы органдар қазір Қасқабұлақтағы жағдайдың тұ­рақты екенін айтады. Сондай-ақ жергілікті билік те бұл мәсе­лені жіті бақылауына алған. Тәр­­тіп бұзғандардың барлығы құрықталып, арандатушылықты ұйымдастыруы мүмкін деген азаматтар іздестірілуде.  

Саятхан САТЫЛҒАН