Пікір
Пікір
177
оқылды
Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отыры­сын­да президент ретіндегі алғашқы халыққа Жолдауын жариялады. Бұл – ел өміріне жаңаша серпін беретін басты құжат
Рауан1.JPG
Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, Nur Otan партиясы Саяси кеңес мүшесі:

Экономикаға серпін береді

– Мемлекет басшысы көп­ші­ліктің көкейінде жүрген бірқатар әлеуметтік мәсе­ле­нің шешімін тауып берді. Соның ішінде ерекше атауға болатыны көңілді күпті ет­кен зейнетақыға 5 пайыз қосу мә­селесі 2023 жылға дейін ше­герілді. Көпшілік үшін жақсы жаңалық болғаны анық. Микро және шағын бизнеспен айналысып жүр­ген адамдар үшін салықты 3 жылға доғару елдегі эко­номикалық кіріске септігін тигізеді. Табанды шешім. Елімізде бизнеспен айна­лысқысы келетін адам­дар қатары көбейеді деп ой­лай­мын. Мұның сыртында мем­лекеттік тіл мәселесі, бі­лім сапасын көтеру жайы ай­тыл­ды. Білім саласын кө­теруге, тәрбие ісіне қам­қор­лық­пен қарау керек деп тап­сырма берілді. Сонымен қа­тар руха­ният және мәде­­ниет са­ла­сында қызмет ете­тін ортаға ерекше көңіл бөлу ке­регі айтылды. Осының б­ә­рі – са­ла қызметкерлері үшін ма­ңыз­ды әрі қуан­тар­лық жағдай.

Динара 1.JPG
Динара ШАЙЖҮНІСОВА, «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы, директоры:

Мақсатымыз – қа­зақтілді аудиторияны қа­лыптастыру

– Бәріміздің ішкі тілегіміз айтылған Жолдау болды. «Болашақ» корпоративтік қорының жетекшісі ретінде Жолдаудың ұнаған тұсы – даму ерекшеліктері бар балаларға қолдау көрсету. Өңірлерде инклюзивті білім беру турасында түрлі мәселе туындайды. Білім беру орта­лықтары жетіспейді. Қазіргі таңда партиямен бірігіп елі­міздің барлық өңірінде 43 инклюзивті қолдау каби­нет­ін аштық. Президентіміз ин­клю­зив қоғамға баса мән берген. Арнайы қаржы бөле­тіні көңіл қуантарлық жайт.

Екіншіден, мемлекеттік тілдің мәртебесі жайлы ай­тыл­ғаны көңілге қонды. Бә­ріңіз білетіндей, біздің қор голливудтық фильмдерді қа­зақ тіліне дубляждаумен ай­налысады. Мақсатымыз – қа­зақтілді аудиторияны қа­лыптастыру. Жоба демеу­ші­лік қолдаудың арқасында жү­зеге асырылып жатыр. Қа­зір елі­міздің әр тұрғыны қа­зақ тілінде сапалы контентке қол жеткізе алады. Бұл Конс­ти­туциямен қорғалған, сон­дықтан әр аза­мат мұны талап ете алады. Алайда кино­театр­лар тара­пынан қазақтілді фильмдерді прайм-тайм уақы­тына қою – өзекті мәселе. Жолдауда кө­терілгендей, атал­ған мәселе шешіледі деп ойлаймын. Кез келген қазақ­стандық кино­театрдан қазақ тілінде кино көруге құқылы. Әсіресе, жасөспірімдер. Өйт­кені әрбір жас – еліміздің бо­лашағы. Болашақ кемел болу үшін тіл мәселесі алдыңғы орында тұруы тиіс.

Сонымен қатар шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жайы көтерілді. Бұл ел кәсіпкерлерінің әлеуетін көтерер еді. Шағын және орта бизнес – экономиканы қалып­тастыратын класс. Мемлекет басшысы бәрін жан-жақты талдағаны көрініп тұр. Бас­тысы, жолдауға қолдау бо­лып, қадағалау қатаң түрде жүр­се болғаны. Айтылған сөз­ді жер­ге тастамай, нәтиже шығарса, нұр үстіне нұр болар еді.

Дулат.JPG
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

Ұлттың ертеңіне сеп болар шешім

– Бұл Жолдау бұ­­­­­рын­­­ғы­­дан өз­ге­­­­рек. Себебі, Қа­сым-Жомарт Кемелұ­лы­­ның ал­ғашқы ха­­лық­қа Жолдауы. Жол­­дауда бірқатар ба­сымдық бар. Бірін­ші­ден, Мемлекет бас­шысы жемқорлық жайын айтты. Жемқорлықтың түбі жойылмай, ел экономикасы өрге баспайтынын алға тартты. Оған қосымша көлеңкелі бизнес белең алғанын жеткізді. Екіншіден, тіл мәселесі Жолдаудың негізіне айналғаны ұнады. Президентіміздің Жолдауда қазақ тіліне басымдық бергені, көсіле сөйлегені ұнады. Конституциямызда қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілген. Мемлекет басшысы енді қазақ тілі мемлекеттік әрі ұлтаралық қатынас тілі болатынын мәлімдеді. Бұл – ұлттың ертеңіне сеп болар шешім. Президенттің қазақ тіліне басымдық бергеніндей, биліктегілер мемлекеттік тілдің мерейін үстем етеді деп ойлаймын. Тілге құрмет елге құрмет екені даусыз. Сондықтан көңіл қуанарлық жағдай. Үшіншіден, ауыл мен елдімекендерді дамытуға берілген басымдық. Ауыл гүлденсе – мемлекет гүлденеді. Бөлінген қаражат текке кетпейді деген ойдамын. Жалпы, Жолдау көңілімнен шықты. Ұнаған тұстарын жоғарыда тіздім.

Мурат.JPG
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Сенат депутаты:

Жолдауда маңызды тұстар жеткілікті

– Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отыры­сын­да президент ретіндегі алғашқы халыққа Жолдауын жариялады. Бұл – ел өміріне жаңаша серпін беретін басты құжат.

Жолдау талайдан бері қоғамда сөз болып келе жатқан өзекті мәселелерді күн тәртібіне ашық қойып отыр. Осыған дейінгі жүріп өткен жолымыздың бағасы берілді. Президент «Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз. Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады», – деп атап өтті.

Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеу деген өте маңызды нәрсе. Қазір заман өзгерді. Қоғам өзгерді. Елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі туып отыр.   Саясаттағы сабақтастықты сақтап, жүйелі реформалар жүргізу орнықты жалғасын табуы тиіс. Әсіресе, саяси трансформация қалың елді толғантып, елдің алдағы дамуы қалай болады деген күпті көңіл бар екені де жасырын емес. Мемлекет пен халықтың мүддесі ұштасып, «арбаның алдына түсіп кетпей», дәйекті, сындарлы жолмен жүру таңдалды. Елдің қоғамдық-саяси дамуы жаңғыртылмайынша, жетістіктерді баянды ету қиындайды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беруші Үкімет» қағидасымен алға жедел өрлеу маңызды-ақ.

Осы кезге дейін ел-жұрт «Жоғары би­лік халықтың мұң-мұқтажын естімей ме?» дейтін. Мемлекет басшысы Жолдауда «Еститін мемлекет» деген ұғымды алға тарт­ты. Бұл – керемет айтылған тұжырым. Ұлттық сенім кеңесі құрылғаны белгілі. Енді елдегі саяси партиялар өзара бәсекелестік жағдайында жұмыс істейтін болады. Nur Otan партиясының жетекші рөлі мен орнын айта келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы «ел өміріндегі ең маңызды мәселелер көшеде емес, Парламентте талқылануы тиіс» деген жақсы бір ой айтты. Алдағы Мәжіліс пен мәс­лихат сайлаулары елдегі көппартиялық жүйені дамытуға жәрдемдесетін болады деген пікірдің жаны бар.

Маған ұнаған келесі бір мәселе – халықпен тығыз байланыс жасау жолындағы қадамдар. Елмен бетпе-бет сөйлесу, оның мұң-мұқ­та­жына дер шағында жауап қату жетпей жататын. Азаматтардың өтініш-тілектері аяқасты қалмауы тиіс. Осы орайда мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында олардың санын біртіндеп қысқарту көзделетін болды.

Сондай-ақ митингтер өткізу мәселесі де жетілдіріледі. Бұрынғыдай шет жақта емес, орталықта мәдениетті түрде өткізу жайы қарастырылмақ. Жолдаудағы «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деген Мемлекет басшысының сөзінде байыптылық жатыр.

Едил.JPG
Еділ МАМЫТБЕКОВ, Сенат депутаты:

Серпінді салаларды өркендету өзекті

 

– Мемлекет басшы­сы өз Жолдауын­да Қазақстан дамудың сапалы жаңа дең­гейіне шығуы үшін Пар­ламент пен Үкі­­­мет атқаруы тиіс жұмыстардың ба­сым­дықты бағыт­тарын белгілеп берді.

Жолдау мәсе­ле­лер­дің кең көлемін қамтып отыр. Оның арасында экономиканы жаңғырту, шағын және орта бизнесті да­мыту, азаматтардың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғау, халықты әлеу­меттік қам­сыздандыруды күшейту, агро­өнеркәсіптік кешенді дамыту, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мәселелері бар.

Қазақстан үшін серпінді салаларды өркендету өзекті. Президент ондай сала ре­тінде экотуризм мен этнотуризмді анықтады, олар ұлттық дәстүр мен болмысты үйлестіреді.

Жолдауда айтылғандай, қазіргі кезде шағын және орта кәсіпкерлікті орнықты дамытусыз тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мүмкін емес. Шағын және орта бизнес саламатты бәсекелестік ортаның қалыптасуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, салық түсімдері арқылы бюд­жеттің толығуына, орта таптың түзілуіне септеседі.

Шағын және орта бизнес тек экономикалық қана емес, сондай-ақ әлеуметтік міндеттерді шешуде де аса маңызды. Осыған байланысты Президент Үкіметке, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, көпбалалы аналарды бизнеске, соның ішінде үй ішіндегі кәсіпкерлікке тарту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Жолдауда тұрғындардың жалақысын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Мұғалімдердің жалақысын арттыруға бағыт­талған президенттік тапсырманың жүзеге асырылуы ұстаздар еңбекақысының 2020 жылы 25%-ға, ал 4 жылда екі есеге ұлғаюына жол ашады.

Сонымен бірге, өзге де еңбек ететін аза­маттар жалақысының атаулы емес, нақты өсуін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырма берілді.

Президенттің атаулы әлеуметтік көмекті алушылар санының негізсіз өсуіне не себепті алаңдаушылық білдіргенін түсінуге болады. АӘК жүзеге асыру және бақылау тетігінің ақаулығы халық арасында масылдық пиғылдардың артуына соқтырады. Оның үстіне, табысы аз қамтылғандар деңгейінен жоғары отбасылардың да осы жәрдемақыны алып келген жағдайлары орын алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы АӘК тетігін жетілдіру қажетін атап өтті.

Ерден.JPG
Ерден ҚАЖЫБЕК, А.Байтұрсынұлы атындағы  Тіл білімі институтының директоры:

Жүйелі сипатқа құрылған

– Биылғы Президент Жол­дауы бірқатар мәсе­ле­мен ерекшеленеді. Не­гізгі мәселенің біреуі – сабақ­тастық. Жалпы, Елбасы саясатын ары қарай те­рең­дету, жетілдіру, іске асыру бағытында құрылған бастама. Жолдау жүйелі сипатқа құрылған. Біріншіден, Жолдау демократияландыруға бағытталған. Екіншіден, заңды орындауға, қатаң шара қолдануға жүктеді. Өйткені демократия қалағаныңды істеуге рұқсат деген сөз емес. Заң шеңберіне бағына отырып, талаптарын орындағанда ғана жүйе пайда болады. Іргелі мәселелер көтеріліп отыр. Тағы бір қыры – жоспардың ауқымы мен кешенділігі. Өндіріс, ауыл мен қала, үймен қамтамасыз ету, жалақы мәселесі, көпбалалы отбасы жағдайы, экономика, халықаралық байланыс, тіл мен діл, ұлттық мүдде, ұлттық қауіпсіздік жайы нақты қамтылған. Ауқымы кең мәселе болғанымен, бәрін тәптіштеп, түсінікті тілде жеткізген. Әр мәселенің шешім шығарар тұсын көрсеткен. Ел бұрыннан күткен, қордаланып қалған мәселені көтеріп олардың шешімін белгілеген.

Шынында да, елімізде үш тіл, екі тіл, тіпті он­тіл­дік жүйе болсын, негізгі тіл – қазақ тілі. Жол­дауда да осы мәселе жазылған. Тілдің бе­де­лі, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі дең­гейіне көтеру – күн тәртібінде. Ұлтаралық қа­­ты­­нас тілі дегеніміз не? Ұлтаралық дегеніміз – халықаралық деген мағына береді. Яғни, қазақ тілі әлемдік деңгейде қанат жаяды деген сөз. Қазір бізде Қазақстан халықтары ассамблеясы емес, Қазақстан халқы ассамблеясы. Демек, біз бір бүтін елміз. Қазақстанда тұратын барлық ұлт, диаспора, этнос өкілі – бір ұлт, қазақстандық ұлт. Сондықтан мақсат-мұратты жеткізетін тапсырма жүйелі түрде орындалуы керек. Тапсырманың нақты уақыты, көлемі, мерзімі, орындайтын мемлекеттік мекемелер бекітілді. Жолдаудың ерекшелігі осы тұсында деп есептеймін.

Нурлан.JPG
Нұрлан ӘБДІРОВ, Мәжіліс депутаты:

Кәсіпкерлерге қолдау болады

– Президент өз Жол­дауында елдің наразылығын ту­ғы­зып жүрген мәсе­лел­ерді ашық айтып, олардың шешімін ұсынды. Солардың бірін – заңдардың са­па­сыздығы, Пар­ламенттің Үкіметтің қолжаулығына ай­налып кеткені ту­ра­лы жекелеген пі­кір­лерді алайық. Әрбір заңның орындалуы сараптамалық жұ­мысты талап етеді.

Сондықтан депутаттарымыздың өті­нішіне орай, Президент Парламент жанынан заңнаманы зерделеу және сараптау инс­ти­тутын құру жөнінде тапсырма берді. Аталған құрылым заңдарымыздың сапасын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Парламент бекіткен бюджет қаражатының дұрыс жұмсалмауына, Ұлттық қордың шығындалуына қатысты пікірталас өрбуде. Бұл тақырыптар да Жолдауда көрініс тапты. Біз Ұлттық қорға қайта-қайта қолымызды сұға бермеуіміз керек. Мемлекет басшысы бұған біртіндеп шектеу қою керегін нықтады.

Жолдауда айтылған мәселелер арасынан бизнесті қолдауға бағытталған шараларға ерекше тоқталғым келеді. Кәсіпкерлерге қолдау қомақты болмақ. Енді жергілікті билік өзіне сеніп тапсырылған аймақтағы өндірістердің өркендеуіне жұмыс істеуі керек. Жергілікті жұртшылықты бизнеспен айналысуға, бір пайдалы заттар шығаруға, тиімді еңбекпен шұғылдануға шақырып, бағыт беруі тиіс.

Шенеуніктер де әлдекімнің қолжаулығы болмауы қажет, ол тек халық алдында ғана жауап беруі, ел мүддесін қорғауы, солардың сұранысына қызмет етуі керек.

Серикбай кажы.JPG
Серікбай қажы ОРАЗ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

Әлеуметтің әлеуеті – маңызды мәселе

– Халықтың әлеуметтік мәселесіне назар аудару мем­лекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Әділін айтқанда, елімізде әр азамат­тың тұрмыс-тіршілігі мен игілігі үшін тиісті бағдар­ла­малар қабылданып, жұмыс жүйелі жүзеге асуда.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қа­зақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» ат­ты Жолдауында халықтың әлеуметтік мәселесіне ба­сым­дық берді. Жекелеген аза­мат­тардың өтініш-тілектері мен талаптары міндетті түр­де орындалатынын мәлімдеді.

Расында, халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Жұрттың қарапайым талап-тілегін орындау – кез келген салаға жауапты тұлғаның асыл борышы. Ардақты пай­ғ­амбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәле­мі болсын): «Араларыңда ең жақсыларың – айналасына пайдалы болғандарың» деп қоғамға шуағын шашып, жақсылығын жайып жүретін көпшіл кісінің мәртебесін ерекше атап өткен.

Осындайда халық дана­лығында айтылатын:

«Жаман ердің қайғысы, Өз отының қасында. Жақсы ердің қайғысы, Ауылының басында» де­ген орамдар ойға оралады...

Президент қазақ хал­қы­ның мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен діна­ралық түсіністікті қа­лыптастыра беру қажетін атап өтті. Расында, бұл – өте өзекті мәселе. Біз тәуелсіздік жылдарында қандай асудан асып, нендей белесті бағын­дырсақ та, бірлігіміздің ар­қасында қол жеткіздік.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем мойындаған ғұлама әл-Фарабидің 1150, хакім Абай­дың 175 жылдық мерей­то­йы­на орай, тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуді тапсырды. Бұл бас­таманы еліміздегі дін ға­лымдары мен мұсылман қа­уымы да үлкен қуанышпен қабылдады. Ислам дінінің адамгершілік құнды­лықта­рын насихаттауда әл-Фараби, Абай, Шәкәрім т.б. тұлғала­рымыздың өмірі мен өшпес мұрасы құнды құрал бола алады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері «Дін мен дәстүр жылы» бастамасы аясында уағыз-насихат жұмыс­та­рын­да қазақ халқының би-ше­шен­­дері мен ақын-жырау­ла­рының, ғұлама-ғалым­да­ры­ның ұлағатты сөздерін, та­ғы­лымды тұжырымдарын наси­хат­тап келеді. Бұл игі іс әр­дайым жалғасын таба бермек.

Мемлекет басшысы Жол­дауда экономикалық әлеуе­тімізді арттырумен қатар білім сапасын көтеруге ай­рықша мән берді.

Иә, білім – баға жетпес қа­зы­на. Ілімсіз өркениет жоқ. Бү­гінде күш пен қуат – бі­лім­де. Ғылымнан асқан қым­бат дүние жоқ. Пайғам­бары­мыз Мұхаммед (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсыл­мандардың жоғалт­қан қа­зынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын» деген. Оқу орындарында оқып жүр­ген ұл-қыздарымыз, бауыр­ларымыз ел-жұртқа пайда әкелер білім ізденсе, әлем­нің ең озық техноло­гия­ларын үйреніп, оны өзгеге үйретсе, елге қосқан үлесі осы болмақ.

Алла Тағала мемлекет­і­міздің болашағын баянды етіп, халықтың әл-ауқатын көтеру жолындағы игі істе­рімізге береке бергей! Әмин!