«Қазақстандық боксшылардың болашағынан үлкен үміт күтемін» – төреші, экс боксшы Серікжан Ешмағамбетов
– Серікжан аға, бүгінде сізді бокссүйер қауым төреші ретінде жақсы таниды. Одан бөлек, қазіргі уақытта немен айналысып жүрсіз?
– Иә, рас, бокстан қол үзген жоқпын. Шәкірт тәрбиелеуді қолға алдым. Алматы құрылыс және менеджмент колледжінде денешынықтыру пәнінің мұғалімімін. Әрі сол жердегі жаттығу залында жас жеткіншектерді спортқа баулып, боксқа дайындап жүрмін. Жиі-жиі жарыстарға апарамын. Сондай-ақ кәсіпқой бокста да төрешімін. Спортшы ретіндегі карьерамды аяқтағаннан кейін 1-2 жылдан соң төреші болуға ұсыныс түсті. Бұл ұсынысты бірден қабыл алдым.
– Қарамағыңызда болашағынан үміт күттіретін жас боксшылар бар ма?
– Жуырда 2001-2002 жылғылар арасында өткен қалалық чемпионатта бір шәкіртім екінші орынды иемденді. Одан бөлек, жарыстарға дайындап жүрген 18-19 жастағы талантты екі шәкіртім бар. Мықтылардың бәрі түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, шеберліктерін шыңдау арқылы қалыптасады ғой. Мен өз шәкірттерімнің жолына үлкен үмітпен қараймын. Қазіргі кезде карантинге байланысты жаттығудан біраз уақыт қол үзіп қалдық. Ара-тұра далада жаттығып жүрміз. Негізі, аптасына 2-3 рет жиналып тұрамыз. Бір қуантарлығы, 10-11 жастағы балалар да жаттығу залдарына көп келеді. Айтпақшы, жанымда Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, менің бұрынғы бапкерім Олег Ковальчук деген білікті маман бар. Кезінде «Астана Арланста» Руслан Мырсатаев бастаған бірқатар боксшыны жаттықтырған. Ол кісі боксшылармен жұмыс істеудің кәнігі хас шебері ғой. Қазіргі кезде өз білгенін жас жеткіншектерге үйретіп жүр.
– Әуесқой, кәсіпқой бокстағы жарқын сәттерді бір саралап өтіңізші. Кәсіпқой боксшыға шетелде жаттығу қаншалықты маңызды?
– Менің негізгі мамандағым – аспаз. Бірақ боксқа қатты қызықтым. СПТУ-да оқып жүргенде қосымша спорт тобына қатысып тұратынмын. Сабақтан кейін уақытымыз жаттығу залдарында өтетін. Оқуды бітірген соң бірден Алматыдағы спорт академиясына құжаттарымды тапсырдым. Ол бұрын спорт институты болатын. Оқып жүріп 1990 жылы «КСРО спорт шебері» атағын қорғадым. Одан бері 1990-91 жылдары бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының сапына қабылдандым. Жалпы, әуесқой бокста үлкен жетістіктерге жетіп, біраз белестерді бағындырдым. Кейін спорттық тоқырауға ұшырап, 1993 жылы бокстан 8-9 ай уақыт қол үзіп қалдым. Ал елімізде кәсіпқой бокстың клубы 1989 жылдан бастап ашылды. Мен ондағы алғашқы дебютімді 1994 жылы өткіздім. Институтты да сол жылы бітірген болатынмын. Оқу аяқталған бойда бірден әскерге кеттік. Келген соң боксты қайта жалғастырдым. Содан бері кәсіпқой бокста 36 жасыма дейін жүріппін ғой. 33 рет шаршы алаңға шығып, соның 20-сын жеңіспен аяқтап, 12 кездесуде жеңіліп, 1 рет тең түстім. Әлі есімде, соңғы кездесуімді 2008 жылдың желтоқсан айында өткіздім.
Ол кезде шетелге кетіп қалатын мүмкіндік аз болды. Оның үстіне, тіл де білмейміз. Бірінші болып елімізден шетелге Василий Жиров кетті. «Қара пантера» деген лақап атымен Жиров шаршы алаңда талай ойқастады. Қазіргі кезде жағдай бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды ғой. Еліміздегі боксшылардың көбі шетелге барып, сол жақта жаттығады. Бұл – боксшының ары қарай дамуына мүмкіндік беретін маңызды қадам. Біздің елімізде кәсіпқой бокс соңғы 2-3 жылдықта жақсы жолға түсті. Мені сол қуантады. Өйткені бәсекелестік жоғары болған сайын даму да болады. Бізде бірақ промоутерлік компаниялар жоқтың қасы. Ал шетелде бұл жағынан проблема жоқ.
– Өткенге тағы да шегініс жасап көрейікші. Пакьяомен өткен тартысты кездесуде жеңіске жету үшін сізге не жетіспеді?
– Ол кезде мен 30 жаста болатынмын. Алматыдан Манилаға ұшып бардық. Салмақ қуып жүрген кезім. Жөнді тамақ та іше алмайсың. Әрі ол жақта күн ыстық болды. Бірінші күн баспасөз конференциясында жүрдік. Оның алдында президенттің резиденциясына бардық. Кешкісін менеджерім аустралиялық Дени Лаймен бірге Пакьяоның видеосын көрдік. Конференция кезінде мен жергілікті журналистеріне «Пакьяоны 3-раундта құлатамын», – дедім. Айтқанымдай, 3 емес 4-раундта қарсыласым нокдаун алды.
Бокс кешіне халық көп жиналды. Сол елдің президенті де қатысты. Филиппин астанасы Маниланың көне аудандарының бірі Интрамуроста өткен жекпе-жек 5 раундқа дейін созылды. Бірінші раундта Пакьяо мені нокдаунға жіберді. Үзілісте демалып алғаннан кейін екінші раундта мен біраз жақсы соққы жасадым. Өкініштісі, Youtube-тегі роликтерде ол жоқ екен. Төртінші раундтың басында ақыры Пакьяоны құлаттым. Раундтың аяғына дейін қарсыласымды шаршатып алуға болатын уақыт бар еді. Бірақ төреші Абаинза мені ығыстырып жіберді. Ал қарсыласым дереу есін жинап алды. Бесінші раундтың басында екеуміз де шаршап қалдық. Соққы алмасу кезінде Пакьяоның жойқын соққысы маған тиіп, біраз есеңгіретіп тастады. Алайда Мэнни екінші рет ұрғанда нокдаун болған жоқ, мен қолымды көтеріп, әрі қарай жұдырықтасуға дайын екенімді көрсеттім. Бірақ бас қазы есеп ашпай, кездесуді бірден тоқтатып тастады. Мен бұл шешімге келіспейтінімді білдіргеніммен, ештеңе өзгермейтінін білдім. Бұл бір есептен ешқандай чемпиондық белбеу үшін өткен кездесу емес еді. Кейіннен оның атағы да жер жара бастады. Сол жылдың күзінде басқа салмаққа өтіп, мексикалық жұлдыздармен жұдырықтасып жеңіске жетті. 66 келі салмақта да өнер көрсетті. Ал сол кездегі бұрынғы менеджерім қазір бокста лауазымды қызметте жүр. Ол мені алдыңғы жылы Үндістандағы бокс кешінде бір кездесуге төреші болуға шақырды.
– Токио олимпиадасында қай боксшыдан алтын күтесіз? Кәсіпқой бокста қарсыласын қоғадай жапырып, шаршы алаңда атой салады деп қай боксшыларды сеніммен айта аласыз?
– Жастардан Бекзаттың өнеріне тәнтімін. Жас әрі қабілет-қарымы да мықты қырағы боксшы. Олимпиаданың күміс жүлдегері Левиттен де жүлде күтемін. Бір жағынан жасы да келіп қалды. Сондықтан оны нақты алтынға таласады деп айта алмаймын. Абылайханнан да үмітім зор.
Кәсіпқой бокста жігіттеріміз әзірге жарап тұр. Қай-қайсысы да мықты. Даниярға әлі де тәжірибе жетіңкіремейтін секілді. Жәнібек нағыз бабында. Әбден ысылған боксшы. Енді шамасын рейтингі жоғары боксшылармен кездескенде көреміз. Мадияр Әшкеев пен Мейірім Нұрсұлтановтың да беталысы жаман емес. Садриддин Ахмедов пен Батыр Жүкембаевтың да бокстасу мәнері ұнайды. Кейінгі кезде көптеген боксшымыздың шетел асып, шеберліктерін шыңдап, кәсіпқой бокста жетістікке жетуді мақсат тұтып жүргені қуантады. Елімізде де кәсіпқой бокс кештері жиі ұйымдастырылып жатыр. Түрлі промоутерлік компания ашылып, былғары қолғап шеберлері үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл Қазақстанда бокстың қарқынды дамып жатқанын көрсетеді.
Сұхбаттасқан
Абылайхан ЖҰМАШ