Табысынан айырылғандар аз болмай тұр
Табысынан айырылғандар аз болмай тұр
178
оқылды
Министрлік 16 наурыздан 7 тамызға дейін 13 509 мүгедектікті eGov.kz порталы арқылы онлайн-режимде сырттай рәсімдеді немесе ұзартқанын мәлімдеді.  Ал табысынан айырылған азаматтарға 1 қыркүйекке дейін төлем төлеу үшін өтініш қабылдау әлі жалғасып жатыр. Министрліктің мәліметіне қарағанда, 11 тамыз күнгі жағдай бойынша биылғы шілдеде шектеу шараларын енгізуге байланысты азаматтар табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорынан біржолғы төлем тағайындауға мүмкіндік алған. Сөйтіп,  азаматтардан 2 млн 520 мың бірегей өтініш түсіпті. Ал белгіленген  төлем мөлшері 42 500 теңгеге тең. Бұл – еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшеріне тең қаржы. Ал Мемлекеттік сақтандыру қорынан бөлінген төлемді 2 млн 287,9 мың қазақстандық алған. Соның ішінде 2 млн 271,1 мың адам тамыз айында карантиннің ұзартылуына байланысты  21 250 мың теңге мөлшерінде қосымша ақы алды. Бұл деректер мемлекеттің табысынан айырылған және  мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауына бағытталған шара­ларының нақты көрінісі болғанымен, елдегі кедейлік деңгейінің артып бара жатқанын байқатады. Оны бірқатар  сарапшы да мойындап отыр. «Айқынның» сұрағына  жауап берген экономист Меруерт Махмутова Қазақстандағы  кедейлер саны  2 млн-нан асатынын айтты. «Дүниежүзілік банк: «Ұзаққа созылған дағдарыс кедейліктің өсуіне алып келуі мүмкін және Қазақстанда теңсіздікті арттыруы мүмкін. Алдын ала бағалаулар кедейлік деңгейі 2020 жылы болжанып отырған 8,3-тен 12,7 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін көрсетеді, бұл кедейлікте өмір сүретін 800 мыңнан астам адамға сәйкес келеді» деп жазыпты зерттеудің қазақтілді нұсқасында. Бірақ бізде мемлекеттік статистика бойынша кедейлер саны 2020 жылдың бірінші тоқсанында 4% болды, демек  746 875  адам кедей болып саналды. Сондықтан Дүниежүзілік банк ағылшынша не жазғанын тексерсем «A prolonged crisis is likely to increase poverty and can increase inequality in Kazakhstan. Preliminary estimates suggest that the poverty rate may rise in 2020 from a projected 8.3 to 12.7 percent –equating to more than 800 thousand additional people living in poverty» депті. Бұл – кедейлер саны 800 мыңға ұлғаяды деген сөз. Дүниежүзілік банк кедейдікті қалай бағалайтынын жазбапты, бірақ бұрыннан білетінім – олар бір кісі басына ең төменгі күнкөріс деңгейі 5 доллар 1 күнге қажет деп санайды. Бізде кедей деп саналатын азаматтардың ең төменгі күнкөріс деңгейі күніне 1,8 доллар, 762 теңге. Сондықтан Дүниежүзілік банктің 12% дегені кедейлер саны 2 млн 371 мың адамнан асып кетеді деп санайды деп ойлаймын», – деді сарапшы. Ал табысынан айырылған 2 млн 500 мың адам жайлы мәлімет сарапшы келтірген дерекпен біршама сәйкес  келеді.  

Ардақ СҰЛТАН