«Біздің қазіргі басты мәселеміз – жануарларды тамақтандыру. Өйткені өмір бойы цирк жануарларын тамақтандыру мен олардың қажеттіліктерін өтеу өз қаражатымыз есебінен жүзеге асырылып келді. Олардың өздері де табыс тапты. Мұндай тығырыққа тек біздің цирк емес, барлық цирк те тіреліп тұр. Тап қазіргідей жағдай тарихта бірінші рет болып отыр. Осы күні жануарларды тамақтандыру – бәрімізге ортақ мәселе», – дейді Қазақ мемлекеттік циркі директоры Бақыт Бөкебаев. Қазіргі таңда циркте 37 жануар бар. Олар: түйе, жылқы, ешкі, ит, мысық пен аюлар. Бұл жануарларды сақтап тұру үшін айына 10 миллион теңгеден астам қаражат керек. Қазір олар жаттығу жасамайтындықтан, көп күш жұмсамайды, сондықтан құнарлы тамақты да көп қажет етпейді. Артистер де осы күні үйде жаттығады. Цирк ғимаратына аптасына бірнеше рет келіп, жануарлардың жағдайын біліп қайтады. Биыл Қазақ мемлекеттік циркіне 50 жыл толды. Өнерлі ұжымның айтулы мерекені ерекше қойылымдарымен атап өтпек жоспарлары болған. Инфекция тарауына байланысты бұл жоспарлар кейінге қалды.