Бірлесу-еңбекте – жаңа оқу ордасы
Бірлесу-еңбекте – жаңа оқу ордасы

1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылында 140 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. Білім күніне орай ашылған оқу ордасының Алғашқы қоңырау салтанатты шарасына аймақ басшысы Асқар Мырзахметов қатысып, мекеме ұжымы мен оқушыларға жаңа оқу жылында жаңа жетістіктер мен сәттілік тіледі.

Бірлесу-Еңбек орта мек­те­бі демографиялық өсім­ге бай­ланысты орын тапшы­лы­ғын жою мақ­са­тында жаңадан бой көтеріп отыр. Жаңа білім ме­кемесінде балалардың са­палы білім алуына барлық жағ­дай жасалған. Мектепте 18 оқу қабинеті, спорт за­лы, мәжіліс залы, асхана, 2 ком­­­пьютерлік сынып, ро­бо­­тотехника және жаңа модификациялық ка­би­неттер бар. Биыл мектепте барлығы 250 оқушы 2 ауы­сым­да оқитын болады. Онда 39 педагог қызмет етсе, оның 12,5 пайызы – жас мамандар.

Жалпы, биыл жамбыл­дық­тар жаңа оқу жылын жаңа леппен бастап отыр. Өңір­де жыл сайын жаңа мек­теп пен балабақшалар құ­ры­лысы қарқын алып келеді десек, алғашқы қоңырау күні облыс бойынша 5 мек­теп­тің пайдалануға беріліп отыр­ғаны – соның айғағы. Оның 1-еуі үш ауысымды, 1-еуі апатты және 3-еуі орын тапшылығы бар мек­теп­тің мәселесін шешті. Қа­­­зіргі таңда өңірдегі үш ауы­сымды мектептердің мә­селе түйіні толығымен тар­қатылған. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы да 4 ны­сан пайдалануға беріледі. Қалған апатты және орын тап­шылығы бар мектептердің құрылысын жүргізуге облыс­тық бюджеттен қаржы бө­лі­­ніп, ол мәселе кезең-кезеңі­мен шешілетін болады. Биыл облыстың білім жүйесін қар­­­­жыландыруға 130 мил­лиард теңге бөлінсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 миллиард теңгеге артық. Оның 5,1 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құ­ры­лысы мен күрделі жөндеуге қарастырылған. Бүгінде 15 білім нысанының құрылысы жүргізілуде.

 

Жамбыл облысы